Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуы тиіс – Назарбаев - Жаңалықтар | BNews

Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуы тиіс – Назарбаев

12 сәуір, 18:57 3675 Астана
Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуы тиіс – Назарбаев

Сондықтан  800 кітаптан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімі әзірленді, деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасы аясында шығарылған кітаптарды таныстыру рәсімінде, "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақала қазақстандықтар тарапынан кең қолдауға ие болғанын айтып, оның жекелеген бағыттары бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шарада Мемлекет басшысына "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру аясында аударылып, басып шығарылған 18 оқулық таныстырылды.

"Барлық өңір "Туған жер", "Киелі жерлердің географиясы" және "100 жаңа есім" жобаларына атсалысып жатыр. Бір жыл ішінде меценаттар қаражаты есебінен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ондаған миллиард теңге бөлінді. 700-ден астам мәдениет ескерткіштері жөнделіп, қайта қалпына келтірілді. Жүздеген ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды", - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің жаңа әліпбиін талқылау үдерісі біртұтас қоғамымыздың кемелденгенін танытатын тарихи қадамға айналғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы рухани жаңғыру аясындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, "100 жаңа оқулық" жобасының жас ұрпаққа білім беру ісіндегі рөлі зор екенін айтты.

"Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуға тиіс. Сондықтан біз 800 кітаптан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Ұлттық аударма бюросы құрылып, жұмысына кірісті. Біз бүгін алғашқы 18 кітаптың таныстырылымына жиналып отырмыз", - деді Елбасы.

Қазақстан Президенті бұл шараның бүкіл әлеуметтік-гуманитарлық сала үшін маңызды екенін айтып, оның бірқатар ерекшеліктерін атап өтті.

"Бүгінгі алғашқы зияткерлік транш АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің ең үздік ғылыми еңбектерін қамтиды. Бұл кітаптармен танысуға мүмкіндік алған жастарымыз көп емес", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы ұсынылған кітаптар қазақ тіліне түпнұсқадан аударылғанын айтты. Елбасы бүгінгі іс-шара Рухани жаңғыру бағдарламасының жаңа кезеңін бастайтынын атап өтті.

"Бұл – ауқымды энциклопедиялық ізденіс арқылы адамзат дамуының көкжиегіне жол ашатын кезең. Бүгінде зияткерлік даму үдерісінен туындаған тың серпіннің арқасында рухани революция бастау алып келеді", - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жағдайда әлемнің дамуы көбіне инженерлік ғылымның әлеуетімен анықталатынына назар аударып, озық технологияларды пайдаланудың мақсаттарын ұғыну маңызды екенін айтты.

"Ғылыми таным – заманауи ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Жаңа оқулықтар білімнің нағыз энциклопедиясы болып саналады. Бүгінде оқу әдісі ғана емес, сондай-ақ оның мазмұны да маңызды. Осыған орай "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бес жылға арналған жалпыұлттық білім беру ісін жүзеге асыруға мүмкіндік береді", - деді Мемлекет басшысы.

Елбасы әлемдік тәжірибеде мұндай кешенді бағдарламаның іске асырылуы сирек кездесетінін атап өтті.

"Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электрондық онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қол жетімді болмақ. Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алатын болады", - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жобаны іске асырудың арқасында Қазақстанда аударма ісінің жаңа мәдениеті қалыптасқанын атап өтті. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті еліміз бен қоғамымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторының маңыздылығы жөнінде айтты.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы жастарымыздың болашағы үшін іске асырылуда. Осы орайда, өскелең ұрпақтың оны жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысқаны аса маңызды. Біз бүгін тәуелсіздік жылдары қалыптасқан ғылыми-кадрлық әлеуметіміздің зор екеніне тағы да көз жеткіздік", - деді Мемлекет басшысы.

Елбасы үштілділік қағидатын сақтаудың маңыздылығына тоқталып, биыл бірнеше шетелдік оқулықты орыс тіліне де аудару мәселесін қарастыруды тапсырды.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық аударма бюросына бірқатар нақты тапсырма берді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары