Жекешелендіруді төрт мемлекеттік орган орындамай отыр – Қаржы министрі

17 шілде, 2018, 17:44 1736 Астана
Жекешелендіруді төрт мемлекеттік орган орындамай отыр – Қаржы министрі

Бұл – Инвестициялар және даму, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, Мәдениет және спорт, сондай-ақ Білім және ғылым министрліктері.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бүгінгі Үкімет отырысы барысында жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарының қазіргі уақыттағы нәтижелерін баяндап, кейбір мемлекеттік органдар жекешелендіру жөніндегі комиссия қабылдаған ұсынымдарды орындамай отырғанын айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары бойынша Жекешелендірудің кешенді жоспарының 887 объектісінен сауда-саттыққа 502-сі шығарылып, олардың 421-і сатылды. Сату бағасы 216 млрд теңгені құрады. 266 объекті қайта ұйымдастырылу және таратылу сатысында. Осылайша, сатылғандар мен қайта ұйымдастырылатын және таратылатын объектілерді қоса есептегенде, жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы 77,4 процент деңгейінде қалыптасты", - деді Бақыт Сұлтанов.

Министр есепті кезеңде сауда-саттыққа шығаруға 104 объекті жоспарланып отырғанын айтты.

"Іс жүзінде 89 объекті сауда-саттыққа шығарылды және 15 объекті бойынша қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылданды. Олардың ішінен 39-ы сатылды. Сату бағасы 36 млрд теңгені құрады", - деді ведомство басшысы.

Қаржы министрінің мәліметінше, жалпы жекешелендіруге жататын 63 топ объектінің бүгінгі күнге дейін 15-і сатылған. Сату бағасы 110,5 млрд теңгені құрайды. Биыл 39 топ объекті сатуға жоспарланып отыр. Бірінші жартыжылдықта оның сегізі сауда-саттыққа шығарылып, екеуі сатылды. Қалған объектілер бойынша сату алдындағы дайындық және әлеуетті сатып алушылармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, Бақыт Сұлтанов кейбір мемлекеттік органдар сатуға шығару үшін қажетті шараларды және жекешелендіру жөніндегі комиссия қабылдаған ұсынымдарды орындамай отырғанын мәлімдеді.

"Республикалық меншіктегі 4 топ объекті бойынша біраз проблемалар орын алып отыр. Оның себебі, кейбір мемлекеттік органдар сатуға шығару үшін қажетті шараларды және жекешелендіру жөніндегі комиссия қабылдаған ұсынымдарды орындамай отыр. Бұл – Инвестициялар және даму, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, Мәдениет және спорт, сондай-ақ Білім және ғылым министрліктері. Нәтижесінде, Қаржы министрлігінің жекешелендіру бойынша рәсімдерді жеделдетудің қажеттілігін салалық мемлекеттік органдарға бірнеше рет ескерткендігіне қарамастан, осы жылы аталған 4 объектінің сатылмай қалу қаупі бар", - деді Қаржы министрі.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: