Жеңілдікке ие балалар балабақшаға жолдаманы автоматты түрде алатын болады - Жаңалықтар | BNews

Жеңілдікке ие балалар балабақшаға жолдаманы автоматты түрде алатын болады

19 наурыз, 2018, 19:31 5483 Астана
Жеңілдікке ие балалар балабақшаға жолдаманы автоматты түрде алатын болады

Мұндай мүмкіндік кезектен тыс (әскери қызметшілердің балалары) және бірінші кезекте жолдама алатын балаларға (мүгедек балалар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар, жетім балалар, көпбалалы отбасы мен ерекше күтім қажет балалар) беріледі.

Астана қаласының білім басқармасы жеңілдікке ие санатына жататын азаматтар туралы мәліметтер базасын біріктірді, деп хабарлайды BNews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елорда әкімдігінде "Балабақшадағы орындарды бөлу және есепті ұйымдастыру" тақырыбында брифинг өтті. Баспасөз мәжілісінде білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин балаларды балабақшаға қою кезегіне өзгерістер енгізілгенін айтты. Жаңа ережеге сәйкес ендігі таңда жеңілдікке ие санатындағы азаматтар жолдаманы автоматты түрде алады.

"Мұның алдын жеңілдік санатындағылар үшін жолдаманы қағаз түрінде беретінбіз, себебі әлеуметтік жәрдем алатын тұлғалар туралы мәліметтермен байланысымыз болмады. Ал қазір жеңілдік санатындағы балалар жолдаманы автоматты түрде алады. Жүйе баланың жеңілдік санатына жататынын өзі тексереді, егер расталса жолдаманы сол мезетте шығарып береді", - деді брифинг барысында Әнуар Жанғозин.

Жеңілдік санатындағы жүйе екі түрге бөлінеді, олар: кезектен тыс (әскери қызметшілердің балалары) және бірінші кезекте (мүгедек балалар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар, жетім балалар, көпбалалы отбасы мен ерекше күтім қажет балалар).

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдан бастап орын бөлудің ашық жүргізілуі үшін балабақшаға жолдама берудің автоматты жүйесі іске қосылған болатын. Бүгінде бұл қызмет www.e.astana.kz электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы қолжетімді етілген. Қазірге дейін 25 мыңнан астам жолдама берілді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар