Жезқазғанда "Жастар театры" ашылды

10 Января, 2019, 10:05 1073
Жезқазғанда "Жастар театры" ашылды |  | BNews.kz

Театр труппасында әзірге 11 мен 29 жас арасындағы 78 адам бар.

Жезқазған қаласында "Жастар театры" ашылды, деп хабарлады "Хабар 24". Бір ерекшелігі онда кәсіби актерлер жоқ, өнер ұжымы әр саланың мамандарынан құралған. Мұғалім мен дәрігер де, зауыт жұмыскерлері мен мектеп оқушылары да барын салып, сахнаға шықсам деген бала күнгі армандарын жүзеге асырып келеді.

"Кішкентай кезімнен осындай үлкен сахнада көрінгім келетін. Бұл менің бірінші қадамым. Мен өте қуаныштымын", - дейді мектеп оқушысы Ерасыл Баймусинов.

Театр труппасында әзірге 11 мен 29 жас арасындағы 78 адам бар. Өнер ұжымы репертуарды режиссермен ақылдасып таңдайды. Осы күнге дейін олар "Айман-Шолпан", "Құстар фестивалі", "Мир моды", "Услышь меня" секілді қойылымдарды сахналаған. Шығармашылық ұжым жуырда Астана, Павлодар, Екібастұз қалаларында гастрольдік сапармен болып, көрермендердің жоғары бағасын алған. Қазір олар кезекті спектакльге дайындық үстінде. Труппа Сәкен Жүнісовтың "Жаралы гүлдер" туындысын сахналамақшы.

"Кастингке біраз балалар келді, қабылдадық. Сол балалармен біз ең алғаш рет Дулат Исабековтің "Құстар фестивалін" қойдық. Профессионал болмаса да, бәрібір адамның ішінде өнер жатыр. Талпыныс бар. Біреу ән айтқысы келеді, біреу билегісі келеді, біреу сахнаны аңсап жүреді", - деді жастар театрының қоюшы режиссері Жасұлан Түсіпбеков.

Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13850

Похожие новости