Жыл басынан бері 607 мың адамның статусы анықталды — Мәдина Әбілқасымова

17 сәуір, 2018, 14:37 1790
Жыл басынан бері 607 мың адамның статусы анықталды — Мәдина Әбілқасымова

Жыл басынан бері статусы анықталмаған 2,7 млн азаматтың бүгінгі таңда 607 мыңының статусы нақтыланды.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова 2018 жылдың І тоқсанында бейресми жұмыспен қамтылған адамдарды ресмилендіру және ел экономикасына тарту жөніндегі Жол картасының іске асырылу барысы, сондай-ақ алдағы шаралар жоспары жөнінде баяндама жасады, деп хабарлады Премьер-министрдің ресми сайты.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, жыл басынан бері статусы анықталмаған 2,7 млн азаматтың бүгінгі таңда 607 мыңының статусы нақтыланды. 197 мың жұмысшы еңбек шартын жасап, міндетті зейнетақы жарналарын аударуда, 12 мың кәсіпкер қызметтерін тіркеді. Өңірлерде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздарды тарту жалғасуда.

"Статусты жаңарту бойынша жұмыстар барлық өңірлерде жүргізіліп жатыр. Әкімдіктердің барлық құрылымдық бөлімшелерін, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерін қамтитын ресмилендіру бойынша Өңірлік штаб құрылып, жұмыс істеуде. Жұмыс ресмилендіру бойынша қабылданған Өңірлік жол карталарының негізінде жүргізілуде", - деді Мәдина Әбілқасымова.

Жол картасының негізгі бағыты - бірқатар маңызды мәселелерді шешуге бағытталған халықты жұмыспен қамтуды ресмилендіру. Олардың ішінде -  статистикалық есепке қою, салық режимдерінің күрделілігі, кейбір ұйымдастырушылық-құқықтық режимдердің жоқтығы. Қазіргі таңда "Бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін заңдастыру мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" тиісті Заң жобасы әзірленуде.

Ресмилендіру жөніндегі жол картасының маңызды бағытының бірі еңбек нарығының инфрақұрылымын жаңғырту.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында халықты жұмыспен қамту орталықтарын реформалау, бірыңғай онлайн-платформа құру және электрондық еңбек биржасын толықтай жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта "Халықты жұмыспен қамту және көші-қон мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заң жобасы әзірленді.

"2017 жылдың қазан айынан бастап Астана, Алматы, Павлодар және Шымкент қалаларындағы халықты жұмыспен қамту орталықтарында электрондық еңбек биржасы пилоттық режимде жұмыс істеді, 2018 жылдың қаңтарынан бастап Портал Қазақстан бойынша іске қосылды. Бүгінде портал Қазақстандағы "Жұмыс және бос жұмыс орындары" тақырыбындағы сайттар арасында сайтқа кірушілер саны бойынша екінші орында және барлық қазақстандық сайттар арасында 74-орында тұр", - деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.

Электронды еңбек биржасы арқылы 21 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, 28 мыңға жуық жұмыс берушілер өздерінің "жеке кабинеттерін" құра отырып, тіркелді.

Бұдан өзге, еңбек нарығының инфрақұрылымын жаңғырту аясында жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға жеке жұмыспен қамту агенттіктерін тарту қарастырылған. Бұл үшін "халықты жұмыспен қамту саласындағы аутсорсинг қызметтері" түсінігі енгізілді - бұл қызметтер аутсорсингі туралы келісімшарт негізінде халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметтерді жұмыспен қамтудың жеке агенттіктеріне беруіне бағытталған шаралар кешені.

Аутсорсингке жұмыссыздарға кәсіптік бағдар беру және оларды жұмысқа орналасу қызметтерін беру көзделген, бұл шамамен 60 мың адамды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, министр азаматтардың статусын автоматты түрде және үнемі жаңартып отыру мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіруге тікелей байланысты екенін атап өтті. Бүгінде аталған жүйелердің көпшілігі біріктірілген. Қаржы министрлігінің кәсіпкерлер бойынша базасы мен Білім және ғылым министрлігінің студенттер, 18 жасқа толмаған балалар және үш жасқа дейінгі жастағы балаларды тәрбиелейтіндер жөніндегі деректер базасымен біріктіру осы жылдың соңына дейін аяқталады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар