Жоба денсаулық саласынан бастау алды

23 қазан, 2018, 09:43 270 Қызылорда облысы
Жоба денсаулық саласынан бастау алды

Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласында «Сыбайлас жемқорлықтан ада медицина» ұранымен Елбасы Жолдауындағы «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасын іске асыру қолға алынды.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы бірлесіп жүргізген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстарының қорытындылары талқыланған мәжіліс барысында айтылды.

Департамент басшысы Абзал Мұхимов: «Аталған «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасы аясында, ең алдымен медицина мекемелерінде кедергісіз «Қолайлы орта»қалыптастыруға басымдық беретін боламыз. Оған денсаулық сақтау ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау жұмыстарының қорытындылары себеп болып отыр. Талдау нәтижелерімен медицина ұйымдарында жұмысқа орналасу, сыйақыларды тағайындау, мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде көптеген кемшіліктер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол берілетіндігі анықталды», - деді.

Сондай-ақ талдау барысында емдеу ұйымдарымен «жасырын көрсетілетін қызмет» түрі көрсетілетіні белгілі болды.

Мәжіліс қорытындысымен Елбасы Жолдауындағы «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасын өңірдегі денсаулық саласында тиімді іске асыру үшін наркологиялық, психоневрологиялық, туберкулез диспансерлерінің анықтамаларын беру мемлекеттік көрсетілетін қызметтерін электронды форматқа көшіру және бір-бірін қайталайтын, ұқсас функцияларды оңтайландырып, жалақыны көбейту арқылы жұмыс сапасын арттыру ұсынылды.

Жыл соңына дейін облыстағы барлық медицина мекемелерінде қызмет көрсету процесстерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, емдеу мекемелерінен көрсетілетін қызметтер толық автоматтандырылатын болады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!