Жолаушыларды тұрақты тасымалдау тоқтап қалуы мүмкін – "Атамекен" ҰКП - Жаңалықтар | BNews

Жолаушыларды тұрақты тасымалдау тоқтап қалуы мүмкін – "Атамекен" ҰКП

06 ақпан, 12:44 391
Жолаушыларды тұрақты тасымалдау тоқтап қалуы мүмкін –

Қазақстан тасымалдаушыларының басты мәселесі шығындарды тұрақты субсидиялаудың болмауынан орын алған. Бұл туралы "Атамекен" ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов айтты, деп хабарлайды BNews.kz.

Елдос Рамазановтың айтуынша, қазіргі кезде қалалық жолаушы тасымалдау саласында жиі орын алатын мәселелер көбейген.

"Қазіргі таңда қалалық жолаушы тасымалдау саласында жиі орын алатын мәселелер көбейген, оны Жамбыл облысында болған тасымалдаушылар наразылығы мен Ақтөбе облысындағы апат дәлелдеп отыр", - деді Елдос Рамазанов.

Басқарма төрағасының орынбасары басты мәселе тасымалдаушылардың шығынын өтейтін субсидиялаудың болмауынан туындаған деп есептейді. Оған қоса автобус парктері де ескірген.

"Қалалық автобус бағыттарына жұмсалған 12 мың қоғамдық көліктің шамамен 60%-ы 7 жылдан аса пайдаланылған. Ал автопарктерді жыл сайын қажетті 20%-ға емес, шамамен 3-5%-ға ғана жаңартылады. Сонымен қатар, жанар-жағармай, қосалқы бөлшектердің де бағасы қымбатталы, осының салдарынан бұл сала кенжелеп, дамымай отыр. Қазақстандық тасымалдаушылардың ауқымды қарызы жиналған, осы себепті халыққа қызмет көрсете алмайтындай халге жетті. Мұндай жағдай жеке және муниципалды парктерде де орын алып отыр", - деді Елдос Рамазанов.

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бүгінде бұл сала өздігінен парктерді жаңарта алмайды, тұрақты тасымалдау тоқтап қалудың алдында деп санайды. Нәтижесінде өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысына кедергі болып, ел экономикасына да нұқсан келтіріліп отыр.

"Халықаралық тәжірибе талдауы көрсеткендей, әлем мемлекеттерінің басым көпшілігінде қоғамдық көлік шығындары мемлекет тарапынан субсидияланады. Елімізде 16 өңірдің жетеуінде ғана (Алматы, Алматы облысы, Ақмола облысы, ШҚО, Павлодар облысы, Қызылорда облысы) ішінара болса да субсидиялау жоспарланған. Ал толық субсидиялау үшін барлық нормативті-құқықтық база қарастырылған", - деп хабарлады Елдос Рамазанов.

Оның сөзіне қарағанда, орын алған жағдай жолаушы тасымалдауы саласын дамытпайды. "Атамекен" бұл мәселені бірнеше рет Үкімет деңгейінде көтерген еді. Қазіргі таңда ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәминнің тапсырмасымен автобуспен жолаушы тасымалын дамыту бойынша Кешенді бағдарлама әзірленіп, Үкімет қарауына жіберілді.

Аталған бағдарламада субсидиялау толық көлемде қарастырылған.

"Өз кезегінде бизнес толық көлемдегі субсидиялауға қол жеткізсе, қызмет көрсетуді бақылау бойынша заманауи ақпараттық жүйелерді қондыруға, қаржы ағымдарының ашықтығын, жергілікті қамтуды «байланысқан» субсидиялар арқылы ұлғайтуды қамтамасыз етуге дайын. Мұндай механизм мыңдаған жаңа жұмыс орындарын, миллиардтаған салық төлемдерін және қауіпсіздікті қамтамасыз етеді", - деді Басқарма төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ, ол тасымалдау саласында электронды билет беру (Алматы, Астана, Қарағанды қалалары), GPS трекерлер (өңірлердің басым бөлігінде) тәжірибесі өз жемісін беріп, қаржылық ашықтық пен жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етіп отырғанын айтып өтті.

"Жалпы "Атамекен" автокөлік дамуы бойынша өз алдына бөлек мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу қажет деп санайды, осылайша салаға дұрыс, сапалы, тағы қайталап айтам, қауіпсіз жетілудің әсері беріледі", - деді Елдос Рамазанов.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары