ЖОО-ларға білім беру бағдарламасын дербес әзірлеу құзіреті берілуі керек – Сағадиев

25 Апреля, 2018, 15:24 2213
ЖОО-ларға білім беру бағдарламасын дербес әзірлеу құзіреті берілуі керек – Сағадиев |  | BNews.kz

Министрдің айтуынша, әр мамандық бойынша бағдарламаны еңбек нарығына сай ЖОО-лардың өздері дайындағаны дұрыс.

Қазақстанда ЖОО-лардың академиялық еркіндігін 85%-ға дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында айтты, деп хабарлайды BNews.kz.

Министрдің айтуынша, заң жобасына енгізілген өзгертулер негізгі үш бағытты реттейді: ол академиялық, басқару және қаржылай бағыттар.

"Академиялық дербестік дегеніміз – ЖОО-лардың академиялық бағдарламасының мазмұнын өздері анықтау, оқу сапасын жақсарту бойынша құзырет беру. Бұл мәселе білікті кадрлар даярлауды, жаңа кәсіптерді қажет ететін жаңа экономикаға көшу кезінде өте маңызды. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде жоғары білім еңбек нарығының талабына толығымен, уақытылы жауап бермейді. Мысалы, тарих-география мамандығы ауыл мектептері үшін қажет болуына байланысты осы мамандықты ашпақ болғанбыз. Казіргі заңнамаға сәйкес ол үшін 2 жыл уақыт керек болған. Өйткені республикалық әдістемелік кеңес өткізу қажет, сосын классификаторға өзгеріс енгізу үшін Инвестиция және даму министрлігіне өтініш беру, юстицияда оны тіркеу, содан кейін типтік оқу бағдарламасын бекітіп, лицензия алу керек. Ал нарық бүгін жылдам өзгеруде. Осыған байланысты аталған факторлар жойылып, Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сәйкес тәртіп енгізілді", - деді Ерлан Сағадиев.

ҚР Білім және ғылым министрінің айтуынша, заң жобасы ЖОО-лардың академиялық еркіндігін 65%-дан 85%-ға дейін кеңейтуді жоспарлап отыр.

"Ол үшін – ЖОО-ларға білім беру бағдарламасын дербес әзірлеу құзіретін беру. Осылайша, әр мамандық бойынша бағдарламаны еңбек нарығына сай ЖОО-лар өздері дайындайды және қоғам бағалайтын болады. Осы білім беру бағдарламасын тіркеу және ақпарат алу үшін жоғары білім беруді басқарудың бірыңғай жүйесі арқылы білім беру бағдарламалары реестрін енгізуді қарастырып жатырмыз", - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, ЖОО-лардағы академиялық және басқару дербестігі туралы өзгертулерді Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады.

Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13934

Похожие новости