Жұмысшыларға құлаған ғимарат рұқсатсыз салынған – Астана әкімдігі

03 тамыз, 2018, 12:30 3718 Астана
Жұмысшыларға құлаған ғимарат рұқсатсыз салынған – Астана әкімдігі

Қираған ғимараттың иесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Астанада 1 тамыз күні өз еркімен салынған ғимарат қирап, нәтижесінде адамдар зардап шекті. Аталмыш ғимараттың қаңқасы құрылыс ережелерін сақтамастан салынған, деп хабарлайды BNews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

"Ғимараттың қирауына негізгі себеп болған жайт, құрылыс кезінде қауіпсіздік нормалары мен ережесіне салғырт қараған. Қалыпты дұрыс орнатпаған және бетон дұрыс құйылмаған. Бұдан басқа, "Астана қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы" МБ ақпаратына сәйкес, объектінің құрылысын салуға рұқсат беретін құжаттары жоқ", - делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, Юго-Восток ауданында орналасқан объекті құлаған кезде жанында 4 адам болған. Үш зардап шегуші №1 ауруханаға жеткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетілді.

Қираған ғимараттың фактісіне байланысты құрылыс объектісінің иесіне Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің "Еңбек қорғау ережесін бұзу арқылы абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру" 156-бабының 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Өкілетті органдардың хабарлауынша қайғылы оқиға болған учаске жекеменшікке тиесілі. Жер иесінің айтуынша, ол жерге коттедж (ИЖС) салуды жоспарлаған.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 2016 жылдан бастап Doing Business жобасы енгелі жемқорлықты азайту және бизнесті сәтті дамыту мақсатында объектіні қабылдап алып пайдалануда мемлекеттік қабылдау комиссиясы қатысуды доғарған болатын. Осыған байланысты, ереже бұзған құрылыс объектісін қабылдап алушылар ҚР бекіткен заңы бойынша жауапқа тартылады.

"Одан бөлек, ҚР "Сәулет, қала салу және құрылыс қызметі туралы" Заңының 33-бабына сәйкес мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы тарапынан жекелеген тұрғын үйлердің құрылысынан басқа жеке азаматтар пайдаланатын күрделі емес техникалық құрылыстарға тексеру жүргізіледі", - делінген елорда әкімдігінің хабарламасында.

Сондай-ақ, ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес ақпарат алу, жеке және заңды тұлғалардың шағымымен мемлекеттік және жергілікті өкілетті органдар адамдардың өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, мемлекет мүддесіне төніп тұрған қауіп туралы бапқа сүйеніп, субъектілерді жоспардан тыс тексереді.

"Осыған байланысты қауіпсіздік мақсатында Астана әкімдігі заңда қарастырылған талаптарды сақтауын, заңсыз әрекеттерді байқаған жағдайда "Астана қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына" МБ 91-94-24 немесе 109 номері бойынша iKOMEK порталына хабарласуды сұранады", - делінген хабарламада. 

Еске салсақ, 2018 жылдың 1 тамызында Астанадағы Балқантау көшесінде жаңадан салынып жатқан үйдің бірінші қабатының төбесі опырылып құлап, жұмысшыларды басып қалды. Оқиға Балқантау көшесіндегі 171-үйде, шамамен кешкі сағат 8-де болған. 48 және 35 жастағы екі азамат құтқарылды. Төтенше жағдайлар комитетінің жедел құтқару жасағы біраз уақыттан кейін тағы бір азаматты үйінділер астынан алып шықты. Зардап шеккендердің үшеуі де ауруханаға жеткізілді.

Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әйгерім Ардақ 1 тамызда қаладағы құрылыс алаңдарынының бірі құлауының салдарынан зардап шеккен үш азаматтың жағдайы туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, олардың денсаулық жағдайы орташа, тұрақты деп бағаланып отыр. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар