Ақтөбе облысында өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмек сапасы артқан

13 шілде, 2018, 16:05 2420
Ақтөбе облысында өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмек сапасы артқан

Ақтөбе облысында денсаулық сақтауды қаржыландыруға 8,5 млрд теңге қарастырылған.

Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік-жекеменшік қағидаты бойынша іске асырылған бірқатар әлеуметтік нысандарын аралады. Оның қатарында "Daru Zharygy" офтальмологиялық орталығы, "Алғашқы көмек" ЖШС орталық жедел және шұғыл көмек станциясы мен Жекпе-Жек сарайы бар, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. 

Медициналық ұйымдарды аралау кезінде денсаулық сақтау басқармасының басшысы А. Қалиев Ақтөбе облысының денсаулық сақтаудағы жоғары әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін денсаулық сақтау инфрақұрылымын кешенді жаңғырту іске асырылып жатқанын айтты.

"Облыста бауыр мен бүйрек трансплантациясы (2 жыл ішінде 37 бүйрек ауыстыру және 12 бауыр ауыстыру оталары жасалды), үлкен буындарды эндопротездеу, эндо-бейнехиругиялық емдеу тәсілдерінің кең ауқымы тәрізді бірегей емдеу технологиялары игерілді. Заманауи деңгейдегі генетикалық зертханасы бар Экстракорпоральді ұрықтандыру орталығы ашылды", - деді А. Қалиев, ол сонымен қатар медицина кластерін дамытудың бұдан кейінгі жоспарлары туралы баяндады. 

Ақтөбе облысында денсаулық сақтауды қаржыландыруға 8,5 млрд теңге, денсаулық сақтау нысандарын дамытуға - 4,2 млрд теңге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға - 1,9 млрд теңге қарастырылған. 

Бақытжан Сағынтаев "Daru Zharygy" заманауи офтальмологиялық клиникасында болды. Медициналық мекеме әлемдік сапа және қауіпсіздік стандарттарына сай келетін АҚШ, Швейцария, Германия, Жапония елдерінің жоғары технологиялық жабдықтарымен және инновациялық технологияларымен жарақталған.

Қазақстанда жыл сайын офтальмологтарға 1 млн жуық адамның жүгінуі тіркеледі, оның ішінде 400 мыңы – бірінші реттік офтальмопатологиямен жүгінген. Аталған мәселенің өзектілігі маңызды жобаның іске асырылуына себеп болды. Осылайша, Орталық 2017 ж. желтоқсан айында пайдалануға берілді, ал биылғы жылдың басында кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі механизмі арқылы емделушілерді қабылдай бастады. Орталықтың стационары 60 төсек-орынға және күніне 500 рет қабылдауға шақталған.

Диагностикалық бөлімді аралау кезінде Премьер-Министрге жаңа цифрлық жобалар туралы баяндалды. "Daru Zharygy" орталығының директоры Ғ. Елеуов клиника "Medelement" медициналық ақпараттық жүйесімен жарақталғанын айтты. Қазіргі кезде "Қамқор" жүйелері және "Damumed" мобильді қосымшасы енгізіліп жатыр. МАЖ интеграциясы арқасында дәрігерлер адамның денсаулығының толық жай-күйін бақылай алады, алдын-ала онлайн-тіркеудің арқасында емханалардағы кезектер азаяды. Емделушілер дәрігердің кеңестерін, рецептілер, еңбекке жарамсыздық парағын, жүргізілген зерттеулер нәтижелерін үйден шықпай-ақ ала алады.

Ақтөбе облысы әкімдігінің деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда медициналық ақпараттық жүйелермен ұйымдардың 81% қамтылған. 2019 жылдың соңына дейін бұл деңгей 100% жеткізіледі. Сонымен қатар, өңірде а.ж. 1 шілдесінен бастап медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшу жобасы енгізілген.

Жалпы Қазақстанда а.ж. бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша медициналық ақпараттық жүйелермен аудандық деңгейге дейін денсаулық сақтау ұйымдарының 96,7% қамтылған. Ал Интернет желісіне аудандық деңгейге дейін денсаулық сақтау ұйымдарының 100% қолы жетімді. Денсаулық сақтау жүйесін цифрландырудан күтілетін тиімділіктер: халықтың медициналық көмек сапасына қанағаттану деңгейі: 2018 - 44%, 2019 - 49%, 2020 - 55%, дәрігердің қабылдауындағы уақыттың қысқаруы 50-60%.

Денсаулық сақтау инфрақұрылымының дамуымен танысу "Алғашқы көмек" ЖШС жедел және шұғыл медициналық көмек қалалық станциясын көру барысында жалғасты. Жоба түрік инвесторлармен бірлесіп МЖӘ аясында іске асырылған. Биыл наурыздан бастап Жедел медициналық көмек орталық станциясы жұмыс істей бастады, оның қуаттылығы жылына 75 000 шақыру және 28 санитарлық автомашинаға арналған автогаражы бар.

Аралау кезінде Премьер-Министр жедел жәрдем станциясының құрылымдық бөлімшелерін көріп, диспетчер бөлімінің, call-орталықтың, жедел жәрдем бригадасының жұмысымен танысып, мекеменің қызметкерлерімен кездесті.

Станция ең заманауи жабдықтармен жарақталғанын айта кету керек. Облыс жұртшылығынан қоңырауларды қабылдау үшін "103" бойынша 15 пультке бірыңғай call-орталық құрылған, қоңыраулар қабылданған соң медициналық іріктеулер жүргізіледі. Онлайн режимде тұрғындардан келіп түскен қоңырауларды "Алғашқы көмек" ЖШС оқытылған мамандары қабылдап, қадағалайды. Орталық жедел медициналық жәрдем қызметтерімен, ІІД, ТЖ, өрт сөндіру қызметі, санитарлық авиация органдарымен, апаттар медицинасы өңірлік орталығымен, шұғыл жағдайлардағы науқастарды қабылдайтын қаладағы АМСК және стационарларымен жедел байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген, өңірдегі санитарлық автокөлікке жерсеріктік мониторинг жүргізу үшін ресурстармен жарақталған.

"Алғашқы көмек" ЖШС директорының орынбасары Г. Топчу бірыңғай ақпараттық-талдамдық call-орталық жұмысымен қатар электронды шақыру картасы енгізілгенін және жүгінуді қабылдау кезінде гео-кодтау процедурасы жүргізілетінін хабарлады. Шақыртулар жедел медициналық көмек жүргізушісінің GPS-навигаторында және дәрігердің (фельдшердің) планшетінде көрінеді. Бүгінгі таңда желіде тәулік бойы заманауи медициналық жабдықтармен жарақталған 16 реанимобиль, 2 диагностикалық автомобиль жұмыс істейді, сондай-ақ шұғыл медициналық көмек көрсететін 16 автомобиль бар.

"Реанимобиль барлық қажетті аппаратурамен жарақталған. Дефимонитор аппараты электрокардиограмма түсіруге арналған. Ересектер мен балаларға арналған ауыстырылатын блоктары бар", - деді "Алғашқы көмек" ЖШС директоры Б. Түрметов.

2018 жылдың 6 айының ішінде адамдар барлығы 177 472 рет жүгінген. Жаңа цифрлық технологиялар жүрек-қантамыр жүйесі ауруларымен сырқаттанған науқастарға қызмет көрсету сапасын жақсартуға, кешігіп орындалатын шақыртулар санын азайтуға, сонымен қатар жол-көлік оқиғасы орын алған жерлерге уақытылы жетуге мүмкіндік береді.

Өңірдегі МЖӘ жобаларымен танысу аясында Бақытжан Сағынтаев сонымен қатар республикалық және халықаралық деңгейдегі ірі спорттық жарыстарды өткізуге арналған "Жекпе-жек сарайын" барып көрді. 

Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы М. Махамбетов ғимарат тұғырдағы түрлі жинамалы-құрастырмалы заманауи рингтермен, күресуге арналған кілемдермен, татамилермен және жаттығуға арналған басқа да спорттық жабдықтармен жарақталғанын айтты. 

Облыс әкімдігінің деректері бойынша денсаулық сақтауды, мәдениет пен спортты дамытудың мемлекеттік бағдарламалары аясындағы көптеген жобалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаты бойынша іске асырылып жатыр. Бүгінде өңірде жалпы инвестициялар портфелі 43 млрд теңге болатын 108 МЖӘ жобалары жүргізілуде.

Ақтөбеде МЖӘ механизмі бойынша Мұз сарайы, Хоккей модулі, Теннис орталығы және Жеңіл атлетика манежі салынып жатыр. Жастар арасында спортты насихаттау және салауатты өмір салты дағдыларын телу мақсатында Ақтөбеде 14 street workout алаң мен скейт-парк салынған. Облыста 28 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептері бар, оның ішінде 6-уы - арнайы мектеп. Бұл мектептерде 17 мыңнан астам оқушы 47 спорт түрі бойынша жаттығады.

Барлығы облыста 1670 спорт нысаны бар. Оның ішінде: 17 стадион, спорт сарайы, 14 спорт кешені, 981 спорттық құрылымдар, 33 хоккей және 28 теннис корты, 6 шаңғы базасы, 9 жүзу бассейні, 544 спортзал және т.б. бар.

Еске салайық, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлерде жұмыс сапарын жалғастыруда. Осыған дейін Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жұмыс сапарларымен болды.

`