Қызылордада жер қатынастары саласындағы барлық қызмет электрондық форматқа көшірілуде

1 Июня, 2018, 15:24 5269
Қызылордада жер қатынастары саласындағы барлық қызмет электрондық форматқа көшірілуде | 100 шагов: что сделано | BNews.kz

Қазіргі таңда кәсіпкерлер геоақпараттық онлайн жүйесінің оңтайлылығын және тиімділігін іс жүзінде сезініп отыр.

Қызылордада жер қатынастары саласындағы барлық қызмет электрондық форматқа көшірілуде. Бұл туралы "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов айтты. Ол бизнеске арналған геоақпараттық онлайн-сервис жобасына айрықша тоқталып өтті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Бізге техникалық шарттарды алу, архитектура және жер мәселелері бойынша рұқсат беру құжаттарын ресімдеу процесінде үлкен ашықтық қажет. Президент осы салада барынша ашықтық қажет екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Қолданыстағы заңдарда жер учаскелерін алу мерзімі екі айға дейін деп көрсетілгенмен, бұл іс жүзінде жарты жылға дейін созылып кетеді. Өйткені жер алуға рұқсат беретін мекемелердің саны көп, бұған қоса олардың ақпараттық жүйелерінің арасында өзара байланыс жоқ. Бұл мәселені шешуде біздің Қызылорда облысының оң тәжірибесімен бөліскім келеді", - деді Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Бүгінде облыс әкімдігі кәсіпкерлік саласының дамуына ерекше мән беріп, биылғы жылда аймақта "Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы" деп жариялаған.

"Қызылорда қаласының барлық әлеуметтік маңызы бар объектілері мен инженерлік желілері туралы толық ақпаратпен қамтылған электрондық карта  даярланды. Мамандар тілімен айтатын болсақ, ол 18 бағыттан және 63 қабаттан тұрады, немесе республикада ең толық ақпарат беретін карталардың бірден-бірі. Оның негізінде бизнеске барлық инженерлік желілерге қосылуға рұқсатты бір жерден алуға мүмкіндік беретін геоақпараттық онлайн-сервис құрылды. Бұрын инженерлік коммуникацияларға техникалық шарттар алу үшін құзырлы 4 мекеменің әрқайсысына жеке өтініш беріп, рұқсаттама құжаттарын 4 ай көлемінде алатынбыз. Қазір онлайн-сервистің арқасында, ол 3 күнге дейін қысқартылып, кәсіпкерлер тек қана бір ұйымға жүгінуге мүмкіндік алды", - деді Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры.

Жер учаскелеріне рұқсаттама беру мәселесі бойынша да жұмыс атқарылуда. Тек уәкілетті мекемелердің өзара қатынасын реттеу арқасында, рұқсат беру мерзімі 148 күннен 70 күнге, ал жаңа регламент қабылданғаннан кейін 29 күнге дейін қысқартылған.

"Ендігі кезекте өңірде жер қатынастары саласындағы барлық қызметтерді электрондық форматқа көшіруді бастап, оны ағымдағы жылдың аяғына дейін бітіруді жоспарлап отырмыз. Бұл кәсіпкерлерге коммерциялық мақсатқа берілетін барлық бос жер учаскелерін, олардың инфрақұрылымға қосылу шарттарын көруге, жауапты мемлекеттік органдардың өтініштерді қарастыру мерзімін онлайн түрде бақылауға және белгіленген мерзімде рұқсаттама құжаттарды алуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда кәсіпкерлер геоақпараттық онлайн жүйесінің оңтайлылығын және тиімділігін іс жүзінде сезініп отыр. Егер 2017 жылы инженерлік желілер бойынша берілген рұқсаттаманың саны жыл ішінде небәрі 2,5 мың болса, ал осы жылдың тек қана 4 айында – 2200-ден асты. Осыған орай, партияның барлық өңірлік сервистері қосылған аталмыш жүйені республикалық деңгейде құру жөніндегі бастамасын толық қолдаймын. Сонда ғана коммерциялық мақсатқа берілетін бос жер учаскелері туралы ақпарат, сату немесе жалға беру аукциондары, оған қатысу шарттары барлық кәсіпкерлер үшін қолжетімді болады және толық "ашықтық" мәселесі шешіледі", - деді Ғалымбек Жақсылықов.

Сонымен бірге, партия "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп әрбір қазақстандық үшін пайдалы бірқатар әлеуметтік жобаларды да іске асырғалы отыр.

"Бұл мектеп асханаларын жаңғырту және мектептегі тағамдану сапасын арттыру. Барлығымыз да балаларымыздың дені сау және табысты болып өсіп-жетілуін қалаймыз. Сондықтан бизнес бұл жобаға белсене кірісуге дайын.  Қазір де бизнес бұл салада толық қызмет көрсетуде, кемшін тұсымыз инвестиция салудың тиімсіздігінде болып тұр. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес мектеп басшылары асханаларда қызмет көрсету қызметіне тендерді жыл сайын жариялайды. Жылдың 3 айға жуығы тендерге қатысуға кетеді, ал қалған 6 айда ғана қызмет көрсетіледі. Сондықтан бизнестің инвестиция салуына немесе ұзақ мерзімді шарттар жасауына мүмкіндік беретін тиімді механизмдер қарастырылуы қажет деп ойлаймын, - деді Ғалымбек Жақсылықов.

Сондай-ақ, ол мектептерде спорт алаңдарын салу немесе қайта салу жобасы да өзекті мәселе екенін атап өтті.

"Бұл инфрақұрылымды балалар ғана емес, ересектер де пайдаланатыны өте маңызды. Бұл жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмінің аясында жүзеге асыруға даяр екенімізді жеткізгім келеді. Ал, цифрлық экономика үшін кадрларды даярлауға арналған IT-орталықтар мен IT-сыныптар ашу нағыз бизнес жоба. Себебі қазір бізге мамандар да, біз жасаған сервистерді қолдана алатын орта да өте қажет. Сөзімді қорытындылай келе, айтарым Елбасының жаңғыртуға бағытталған бастамалары, партия қозғалысының жаңа "магистральдары" кәсіпкерлер үшін кең мүмкіндіктер ашады деп айта аламын", - деді ол.

Айта кетейік, бүгінде орта және шағын бизнес субъектілерінің саны 1,5 миллионға жетті, соның ішінде 1 млн-ға жуығы дара кәсіпкерлер. Олар шығаратын өнімнің көлемі жалпы ішкі өнім көлемінің 25.6%-ын құрап, 2010 жылмен салыстырғанда 3 есеге артты.

Ал жалпы бұл салада жұмыспен қамтылған  азаматтардың саны 3 млн-нан асып, белсенді халықтың 33%-ын құрап отыр.

Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13858

Похожие новости