Түркістан кіші қала сипатынан үлкен бір аймақтың атауы болып өзгеріп отыр

25 маусым, 2018, 14:56 5430
Түркістан кіші қала сипатынан үлкен бір аймақтың атауы болып өзгеріп отыр

Елбасы Жарлығымен Түркістан облысының құрылуына қатысты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультеті, Түркітану кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Жалмырза Айдын Асылбекқызы BNews.kz тілшісіне пікірін білдірді.

Айдын Жалмырзаның пікірінше, 19 маусым күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстанның орталығын Түркістанға ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойды, аймақтың аты Түркістан облысы болып өзгерді. Бұл жаңалықты барша халық ерекше қуанышпен қабылдады.

Неліктен қуанады десеңіз, оның себебінің тамырын тереңнен іздегеніміз жөн. Түркілердің отаны дегенді білдіретін Тұран мен Түркістан Түркі дүниесі үшін өте қасиетті үғымдар. Түркілерге тиесілі территорияны анықтайтын Түркістан әуелде Тұран деп аталған екен. Арабтандыру саясатымен Тұран атауының Түркістан атауымен алмастырылғандығы туралы деректер бар.

"Бір-бірімен тығыз байланыста өмір сүрген түркі тайпалық одақтары немесе түркі тектес халықтардың ешбірі өздері құрған мемлекеттеріне Түркістан атын бермесе де, Түркістан термині оларды топтастыратын тұғыр ұғымында түсінілді. Осылай "Тұтас Түркістан" идеясы пайда болды. Түркістан идеясының негізгі мағынасы түркі халықтарын біріктіретін қасиетті ұғымда жатыр. Біз Түркістан ұғымын тұжырымдық кеңістікпен түсіндірер болсақ, ойымыз белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің мына бір пікірімен үйлеседі: "Тұтас Түркістан идеясы түркі халықтарымен бірге өмірге келіп, замандар тезінен өтіп, олар үшін түрлі тарихи ауыр кезеңдерде қорғаныс иммунитеті міндетін атқарған аса маңызды фактор болып келеді", яғни Тұтас Түркістан идеясының белгілі авторы жоқ, идея түркі болып тарихта белгілі болғаннан бері сол халықпен бірге оның жүрегінде пайда болған, талай ғасырлыр бойы дамып, жаңғырып, жаңарып келеді. Сонымен, Түркістан – түркі халықтарының тұтастығын көрсететін географиялық, этникалық, мәдени және саяси аймақ. Қашан да түрлі территориялық өзгерістерге қарамастан, түркі халқы мекен еткен жерлер Түркістан атымен аталды. Түркістан – әлемнің төрттен бір бөлігін жайлаған түркілердің орталығы. Барлық түркілер туған жері Түркістан арқылы байланысып отырады. Түркістан термині тұтастырушы мағына үстеуіне дейін талай ғасырларды өткерді, мұндағы біріктіруші мағына түрік түбірінен өрбіп отыр. Түркі түркі болғалы тәуелсіз де тұрақты ел болу үшін тұтастықты ту етіп келеді", - деді филология ғылымдарының кандидаты.

Оның айтуынша, ХХ ғасыр басында түркі зиялылары отаршылдарға қарсы қорғаныс күші ретінде Түркістан терминін қайта жандандыра түсті, яғни Түркістан идеясы тұтас отарға айналған түркілердің ортақ ұлттық мүдделерін қорғау жолында шыңдалды. Дербестікке ұмтылған түркі халқы бостандыққа жету үшін бірігуді қажетсінді. Түркі халықтары сол кездің шындығына сай жеке-жеке мемлекет құруға талпынса да, "Тұтас Түркістан" идеясы барлық түркілер үшін ортақ ұстаным болып қала берді. Мұны олардың шығармаларынан, қоғамдық жұмыстарынан және саяси әрекеттерінен көреміз. Мысалы, түркі зиялылары Түркістан жерінде "Садои Туркистон" (Түркістан үні), "Улуғ Туркистон" (Ұлы Түркістан) атымен газеттер басса, Түркияда "Иени Түркістан" газеті мен "Түркистан Сеси" (Түкістан даусы), "Хүр Түркистан ичин" (Азат Түркістан үшін), "Туркистан" атты журналдар, ал Германияда "Яш Түркістан", "Милли Туркистон", "Иени Туркистон" атауымен журналдар шығарды. Түркістан Әлем әдебиетінде Орта Азия атымен танылса да, ұлт зиялылары бұл бұрмалауға бейім болмай Отанын Түркістан, өздерін түркістандықтар ретінде танытып отырды.

"Түркістан атауы түркі текті халықтарды біріктіретін күш болғандықтан, оның мағынасы Патшалық Ресей және оның жаулау саясатын жалғастырған Кеңестік отаршылдар тарапынан бұрмаланды, кішірейтілді, тіпті айтудың өзіне тыйым салынды. Түркістан атын ұмыттыру мақсатында және сол арқылы ұлттың тарихын, ұлттық құндылықтарын танытпай, орыстандыру саясатын оңай жүргізу үшін Түркістан сөзінересми тыйым салынып, оның орнына Орта Азия және Қазақстан атауы қолданылды. Автономиялық сипаттағы ұлттық мемлекеттерді құлатқаннан кейін Түркістан жерінің әуелде Батыс бөлігі саналған (Батыс Түркістан), кейін тар мағынада Түркістан (Орта Азия) болып кішірейтілген Түркістанның орнына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан деп аталатын бес Кеңестік мемлекетті жасап алды. Бүгінгі әлемдік ғылыми айналымда бұл бес дербес республикалардың қосынды атауы Орта Азия болып танылуда", - дейді Айдын Жалмырза.

Ол Түркістан атауының бұрынғы қолданыс аясына тереңірек тоқталып өтті.

"Түркістан атауы әуелгі Түркістан генерал-губернаторлығы, кейінгі Түркістан мұхтарияты, Түркістан Республикасының балама аты ретінде қарастырылып келді. Кеңес үкіметі орныққаннан кейін пайда болған осы сияқты түсінік және жалпы әлемдік айналымға шыққан аталымда Түркістан мағынасы ұсақтала берді. Өйткені отаршылдар түркілердің қасиетті ұғымы болған "Түркістан" терминінің геосаяси да, этникалық та мағынасының тараюының арнайы заңнамалық стратегиясын жасап еді. "Түркістан" және "Түрік Республикасы" сөздерін қолданыстан алып тастау туралы қаулы 1924 жылдың маусымынан бастап күшіне енді, оның орнына әлемдік ғылымда Моғолстан және Тибет аймақтары үшін қолданылған Орта Азия сөзін енгізді. Тіпті әлемдік танымда кешегі күнге дейін Оңтүстік Қазақстан облысы аталып келген аймақтағы Ясауи кесенесі орналасқан кіші қала ретінде тану қалыптасып кетті. Бұдан отаршылдық саясат амалының жүзеге асқандығын мойындамай болмас. Шынында да Түркістан атауының мағынасы, отаршылдар жоспарлағандай, әлдеқайда кішірейтілді, бірақ олар ойластырғандай жойылып кеткен жоқ", - деп түсіндірді филология ғылымдарының кандидаты.

Сөз соңында Айдын Жалмырза Түркістан кіші қала сипатынан үлкен бір аймақтың атауы болып өзгеріп отырғанын айтып өтіп, қазақстандықтарды Түркістан аймағының құрылуымен құттықтады. 

"Бүгінгі ел қуанышы отаршылдардың ұмыттыруға талпынған, мағынасы кішірейтілген Түркістан идеясының қайта жанданғандығын нақты мысалмен көрінуімен түсіндіруге болады. Түркістан кіші қала сипатынан үлкен бір аймақтың атауы болып өзгеріп отыр. Түркі дүниесінің қара шаңырағы – Түркістан аймағының құрылуы баршамызға құтты болсын! Түбінде Орта Азия қайтадан Түркістан атауымен аталатын болады деп үміттенемін", - деп түйіндеді сөзін Айдын Жалмырза.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Астана #Түркістан #Елбасы жарлығы

Читайте также

Похожие новости