Универсиададағы еріктілер әсерлерімен бөлісті

31 қаңтар, 2017, 15:25 807 Алматы
Универсиададағы еріктілер әсерлерімен бөлісті

Қазақстанда көптен күткен спорт оқиғасының ресми түрде басталғанына екі күн болды. Іс-шараға атсалысып отырған 3000 еріктінің бөліскен әсерлеріне қарағанда, осы уақыт ішінде Универсиадада оларға түрлі әсер алып, таптырмас тәжірибе жинақтауға мүмкіндік туған, деп хабарлайды Bnews.kz.  

Еріктілердің көпшілігі – Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының студенттері.Сондықтан, осынау ірі халықаралық доданың ұйымдастырылуына етене араласып, көмек көрсету - олар үшін баға жетпес мүмкіндік.

«Мен ең қызықты жұмыс телімінде қызмет жасап жатқан болуым керек. Біз ойындарды қазақстандық және әлемдік арналарға трансляциялаймыз. Бұл шынымен де күшті жұмыс! Командамдағы қыз-жігіттер көмектесіп қана қоймай, сондай-ақ, тіпті бір жыл ішінде алып болмайтын тәжірибені жинақтап, дайындық мектебінен өтуде. Олардың барлығы ағылшын тілін жақсы біледі. Біздер үшін осы жұмыс – өзімізді көрсетіп, алға қарай дамуға серпін беріп отырған мүмкіндік. Бізге ұсынылған жағдайлар жақсы. Тек ара-арасында тамақтануға уақыт бола бермейді немесе кейде асқа тоймай қаламыз. Алайда, шынымды айтайын, мынандай қызық ортада жүріп, өз асқазаныңды ойлау орынсыз. Біздің қыз-жігіттеріміздің барлығы өздерімен бірге жүрек жалғайтын тағамды алып жүреді, кейде тамақтанып үлгермей қаласың. Аяқ астынан қарның ашып қалуы мүмкін дегендей. Ал миымыз үнемі жұмыста болуы керек қой. Әрдайым көмекке келуге дайын тұруларың керек деп бізге алдын ала ескертті ғой. Сондықтан, онда тұрған ештеңе жоқ»,-дейді хабар тарату бөлімінің бас үйлестірушісі Данияр Ғазизов.

Еріктілермен жұмыс жасау департаментінің жетекшісі Абылай Қондыбаев ешқандай қиындық жоқ екенін айтты. Еріктілердің қызметі атлеттердің көңілінен шыққанын, еріктілердің өзі де жұмысқа белсенді атсалысып жатқанын жеткізді.

«Егер еріктілерде қандай да бір мәселе немесе қиындық туындай қалса, олар тікелей біздің департаментке жолығады. Әзірше тек сұрақтар ғана келіп түсуде, түсінбейтін жерлері болса, біз ондай мәселелерді үйлестіріп отырамыз. Оларға лайықты деңгейде жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Бізде әртүрлі еріктілер бар: халықаралық еріктілер тұратын жерінен бастап үш мезгіл ыстық тағамға дейінгі қажеттінің бәрімен толығымен қамтамасыз етілген. Арамызда өңірлерден келген жастар да бар. Олар жұмыстан кейін үйлеріне тарайды. Оларға жабдықтау, байланыс, тегін көлікті ұсынумен қатар, күніне 1 рет ланч-бокс түрінде түскі ас береміз. Әрине, оларға қандай да бір қиындықтар туындай қалса, сайыс алаңындағы жәрдем күші ретінде барлық нәрсеге дайын болуларың керек деп ескертіп қойғанбыз. Еріктілерге алғысымыз зор, өз істерін ойдайғыдай атқаруда»,-дейді Абылай Қондыбаев.

«Біздің жағдайымыз өте жақсы, мұнда жылы, жұмысымыз ауыр емес, тағам, ыстық шай, бәрі бар. Кейбір қыз-жігіттер ауысым бойынша, кейбіреулері 6-8 сағаттан жұмыс жасайды, одан да ұзақтау еңбек ететіндері де бар. Бірнеше үйлестіруші осында түнеуге қалады, қалғандары түнге қарай үйлеріне тарайды. Алайда, бұл жерден кеткің келмейді, мұндағы орта сондай күшті! Осындағы қызып тұрған өмірмен өзің де біте қайнасып кетесің. Осындай іс-шараның «ішкі асханасымен» етене аралысып, бәрін өз көзіңмен көріп, қонақтармен қатынас құруға бізде күнде мүмкіндік бола бермейді ғой. Кімде-кім тамақтанып алғысы келсе, бір-бірімізбен алма-кезек ауысып отырамыз. Алайда тамақтанам деген ой біз үшін ең соңғы кезектегі мәселе. Ол туралы ойлауға уақыт та бола бермейді. Бізді осы жөнінде ескертті. Біз мұнда әдемі киімді киіп алып, көзге түсу үшін емес, пайдамызды тигізсек деп келдік. Бізге студенттерге 10 күнге тоқ өмірді ұмытып, осындай іс-шарадан алған сан алуан әсер мен тәжірибеге не жетсін?»,- дейді «Сұңқар» кешенінде қызмет жасап жүрген ерікті Санжар Сүлейменов.

«Біз қонақтарға қызмет көрсетумен, делегаттарға көлік ұйымдастырумен айналысамыз. Таңертеңгі асты ішуге немесе түстенуге уақыты болмаса, ланч-бокстармен қамтамасыз етеміз. Ауысым бойынша жұмыс жасаймыз, түнде жұмыс жасайтындарға мұнда бөлме берілген. Барлығымызға бірдей күніне бір рет ас әкеледі, кейін ауысымға түсетін әріптестеріміздің асын тоңазытқышқа салып қоямыз. Әуежайда қарсы алып, шығарып салумен айналысатын қыз-жігіттерге қиындау шығар деп ойлаймын, оларға тек демалу бөлмесі ғана берілген, бірақ шағымданып жүрген олар жоқ. Осындай іс-шараға қатысудың өзі оның орнын басатынына сенімдімін. Біз мұнда көптеген адамдармен танысып үлгердік, әрине, осының өзі қызық емес пе!»,-дейді  «Рамада» қонақ үйінде ерікті болып жұмыс істейтін Ульяна Бродецкая.

`