Универсиаданың жабылу салтанаты қалай өтетіні белгілі болды

03 ақпан, 2017, 16:55 1227 Алматы
Универсиаданың жабылу салтанаты қалай өтетіні белгілі болды

2017 жылғы Универсиадаға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекция басшысы Наиль Нуров Алматыдағы Қысқы ойындардың жабылу салтанатында көрермендерді қандай қызықтар күтіп тұрғаны жөнінде айтып берді, деп хабарлайды BNews.kz

 

«Қазір кеңінен дайындық жүргізіліп жатыр. Ашылу салтанаты Универсиаданың ең айтулы әрі басты оқиғасы болғаны сөзсіз. Біз қонақтармен, спортшылармен, бапкерлермен, делегаттармен тілдесіп отырамыз, олар жоғары бағасын беріп, жылы лебіздерін білдіруде. Қазір жабылу салтанатына үлкен назар аударылып отырғаны да орынды. Өте керемет, думанды мереке дайындап жатырмыз. Бұл спортшыларға арналған спорт мерекесі болады. Хаттамалық бөлім өте мазмұнды өтпек",- деді Наиль Нуров.  

Сондай-ақ, баспасөз мәжілісі кезінде ашылу салтанатына қарағанда Ойындардың жабылу салтанатының уақыты айтарлықтай қысқа болатыны айтылды. Салтанатты рәсім 1,5 сағатқа созылмақ.

«Алдағы кеш туралы құпияны аздап ашайын. Келесі Ойындарды қабылдайтын Красноярск қаласының дайындап отырған бас белгісі іс-шараның ең қызықты сәттерінің біріне айналмақ. Красноярсктың үлкен делегациясы құрамында қала басшылығы және үлкен шығармашылық топ келеді",- деді ол.

Ұйымдастырушылар Ойындар жабылатын күні қаланың көлік жүйесі өзгерістерге ұшырайтынын да атап өтті.

"Кешке қарай кейбір көше жабылады. Универсиаданың салтанатты жабылу рәсімі жұмыс күніне түсіп отырғандықтан, қала тұрғындарынан жол кептелісіне тұрып қалмау үшін жеке көлікті қолдануды шектеп, жұмысымызды жеңілдетуді сұраймыз. Бұл Универсиаданың соңғы күні болғандықтан, ойындарды жоғары деңгейде аяқтап, тек жақсы әсер қалдырғымыз келеді",-деді дирекция басшысы.

Студенттік ойындардың жабылу салтанаты 8 ақпан күні сағат 19:00-де «Алматы Аренада» өтеді. Ашылу салтанаты кезіндегідей, көрермендер Орталық стадион және ҚБТУ алаңында жиналып, нысанға жеткізілетін болады.

`