Биыл Ақтау қаласында 50-ден аса цифрлық жоба жүзеге асады

27 Августа, 2018, 19:28 3008
Биыл Ақтау қаласында 50-ден аса цифрлық жоба жүзеге асады | Цифровой Казахстан | BNews.kz

Таяу күндері Маңғыстау облысының орталығында жаңадан бірнеше цифрлық жобалар қолданысқа қосылады деп жоспарланып отыр.

Таяу күндері Маңғыстау облысының орталығы – Ақтау қаласында жаңадан бірнеше цифрлық жобалар қолданысқа қосылады деп жоспарланып отыр. Атап айтсақ, өлке аумағын қамтитын бірегей диспетчерлік қызмет, смарт-аялдамалар мен "қағазсыз" медициналық қызмет көрсету кешендері халыққа қызмет көрсететін болады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Күз мегзіліне дейін қала төңірегіндегі 30-ға жуық автобус аялдамаларына жылу мен ауа баптау жүйелері орнатылады. Сондай-ақ, аялдама ішіне қоғамдық көлік кестесі жазылған цифрлық ақпарат тақталары ілініп қойылады.

Тағы бір жағымды жаңалық, ағымдағы жылдан бастап қала тұрғындары дәрігер қабылдауына мобильді қосымша арқылы онлайн жазылуды бастаған болатын. Сәйкесінше, емханаларда кісі кезегі азайып, халыққа медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарғаны байқалады.

№1 Ақтау қалалық емхананың бағдарламашы-операторы Гүлмаржан Темірованың айтуынша, ақтаулықтар өздерінің таңдауына қарай дәрігер қабылдауына аяқтай келіп те жазыла алады.

"Ақылды технологияның уақытты үнемдеуін көріп, жергілікті халық мобильді қосымшаны пайдалануға жаппай көшіп жатыр. Кейбір цифрлық қызмет түрлерін үйде отырып пайдалануға болады. Мәселен, науқас өзіне ыңғайлы уақытта дәрігерге жазылады. Болмаса онлайн үйге шақыра алады", - дейді ол.

Каспий жағасындағы ақмаржан қала Ақтау осы күзде 55 жылдық тойын кең көлемде атап өтеді. Мерейлі дата қарсаңында қала тарихында алғаш рет көпшілік қолдануына арналған велостанциялар қолданысқа берілді. Енді кезекте өлке тұрғындары мен меймандары теңіз жағасында серуендеуден бөлек қалаға уақытында велосипед теуіп, қолжетімді спорт түрімен шұғылдана алады.

Осы ретте Маңғыстау облысының орталығы автоматтандырылған велосипед жүйесі қолданысқа қосылған еліміздегі төртінші қала екендігін айтып өткеніміз жөн. Цифрлық жүйе арқылы велосипедті жалға алып тебуге болатын станцияның бірі 15 шағын аудандағы жағалауда тұр.

Бұл жерде бір мезгілде 16 адам велосипед тебе алады. Ол үшін алдымен арнайы карта сатып алуыңыз қажет. Картаны құрылғына енгізіп, құпия кодты терген соң велосипед инновациялық желілен еркін ажырап, қолыңызға тиеді. Бұдан соң жарты сағат тегін қолдана аласыз. Онан кейінгі уақытқа ақша төленеді.

Алыстан көз тартып тұратын велостанциялардың бірі 35 шағын аудандығы жаңа ғимараттардың алдында, көлік жолының жиегінде тұр. Бұл жерге мектеп оқушылары мен жастардан бөлек зейнет жасындағы кісілер деп көп келеді.

Қарттық жасына қарамастан салауатты өмір салтын тұрақты ұстанып, кейінгі буынға үлгі болып жүрген қариялардың бірі Әділхан атай. Қала тұрғыны өзі тұратын тұрғын үй жанындағы велостанция ашылғаннан бері велосипед алып, ағзасын шынықтырып келеді. Зейнеткер күнделікті теңіз жағасында серуендеп, жаттығу жасатын қасиетінен әлі күнге жаңылған емес.

"Мұндай велостанцияларды Астанаға, көрмеге барғанымда көргенім бар еді. Сол кезде алып теуіп, қызыққаным рас. Енді міне, өзіміз тұратын Ақтауда да ашылып жатыр. Қуаныштымын. Велосипед тебу ағзаны шынықтырып, жүйкені демалдырады. Жастарды жұмыстан соң осындай станциялардың қызметін пайдалануға шақырамын", - дейді көнекөз қария.

Елордадан бастау алған инновациялық жобаны қазіргі таңда қазақ елінің Алматы және Шымкент секілді ірі қалалардың тұрғындары қолданады. Бүгінде жалғасын тауып Каспий жағасында шаһарға да келіп жетті. Айта кетейін, қыс мезгілінің өзінде қар түсе қоймайтын аймақта велосипедті жыл он екі тебуге болатыны ақиқат.

Жоба авторларының айтуынша, экономикалық әрі экологиялық тұрғыдан тиімді велосипедтерді көпшілік қоғамдық көліктерге балама ретінде қолдана алады. Бұл ретте, автокөліктің жанар-жағармайы, жылына бір мәрте салығын төлеу секілді қаржылай шығындардың қажеті жоқ.

"Бастысы, адам денсаулығына аса пайдалы. Қоршаған ортаға улы газ, қалдық заттар бөліп шығармауымен де табиғатқа ешқандай залалы жоқ", - дейді олар.

Қызықты жобаны ұйымдастырушылардың бірі Алмагүл Қасымова қазіргі заманға сай жаңа бастаманың экологиялық талаптарға сай екенін айтып отыр.

"Ақтау қаласының аумағында қойылған велостанциялардың барлығы да қалалық коммуникациялық желілерден тәуелсіз. Әрбір құрылғы күн сәулесінен қуат алады. Велосипедтер Еуропа елінде жасалған. Олар қатты соққыға аса берік материалдардан жасалған. Инновациялық жүйеде тұрған велосипедті сындыру, ұрлап әкету мүмкін емес", - дейді игі бастаманы жүзеге асырушы кәсіпкер.

Қазіргі таңда облыс орталығында бес бірдей велостанция жұмыс істеп тұр. Бас-аяғы 38 велосипедті қала тұрғындары тәуліктің кез келген мезгілінде алып, тебе алады. Қала басшылығы қысқа мерзімде халықтың зор қызығушылығын тудырған жаңа бастаманы одан әрі жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Келешек екі дөңгелекті темір тұлпарларды жалға беретін станция саны жүзге жетпек.

Маңғыстау облысының орталық елді мекені – Ақтау қазақ еліндегі теңіз суын тұщытып ішіп отырған бірден-бір қала. Каспий жағасындағы шаһарды тіршілік нәрі, электр қуатымен әрі жылумен Маңғыстау энергетикалық комбинаты қамтамасыз етіп отыр. Жарты ғасырлық тарихы бар кәсіпорын қондырғылары тәуелсіздік жылдары кезең-кезеңімен жаңартылып келеді.

Тақырыпты сәл таратып айтар болсақ, бүгінге дейні Маңғыстауда жер үсті немесе жерасты табиғи су көздері табылған жоқ. Осы себепті шалғай аймақ тұрғындары мен өңірдегі өндірістік кәсіпорындар тіршілік нәрін сұйытылған газ жағып теңіз суын тұщытатын энергетикалық комбинаттан алады. Комбинат қазіргі таңда төрт бірдей озық үлгідегі су тұщыту қондырғыларымен қамтылған. Осының нәтижесінде бес мыңға тарта адам еңбек ететін іргелі кәсіпорынның бір текше метр ауызсу алуға жұмсайтын тарифтік шығындары азайғаны байқалады.

"Бұл жаңа қондырғылар электр қуатын аз мөлшерде тұтынады. Әрқайсысы сағатына 250 тонна дистиллят суын өндіруге қауқарлы. Мәселен, мұндағы екі модуль тәулігіне 12 мың текше метр су сүзеді. Жеткен жетістікпен шектелмей, зауыт қуатын еселеп арттырып жатырмыз. Таяу жылдары күніне 500 текше метр ішер су беретін тағы бір қондырғы іске қосылады деп жоспарланған", - дейді кәсіпорын бас инженерінің орынбасары Юрий Алексеенко.

Айта кетейік, Маңғыстау энергетикалық комбинатында ІТ-технологияларды өз бетімен жасақтап, қолданысқа енгізетін арнайы құрылымдық бөлімше бар. Талантты жастардан құралған бұл ұжым былтырғы жылы мекеме сайтына электронды ақы төлеу жүйесін енгізді. Нәтижесінде, өңір халқы коммуналдық төлемдерді үйде отырып, компьютер не ұялы телефон көмегімен төлеуге мүмкіндік алды.

Ұялы телефонға көшіріліп алынатын мобильді қосымша арқылы қала тұрғындары ауызсу мен техникалық суға және электр қуатына ай сайын қанша қаржы төлейтіндерін кез-келген уақытта көре алады. Сондай-ақ, төленген қаржы мен берешек қарыздың мөлшерін де коммуналдық төлемдер мұрағатынан табуға болады. Бұл үшін сайттағы іздеу жолағына аты-жөні мен мекен-жайды жазу керек.

Маңғыстау энергетикалық комбинаты ақпараттық-есептеу орталығының жетекшісі Айболат Шараудың айтуынша, 2017 жылдың төртінші  тоқсанында тұрғындардың ыңғайлығы үшін және қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында тұтынылған энергоресурстарын онлайн төлеу мүмкіндігі бар есептік-кассалық сайтын құрылған.

"Осыған байланысты жергілікті халық үйлерінде отырып-ақ, онлайн төлемдерін еркін жасай алады. Бұл сайтқа кіру үшін ешқандай кілтсөзді теру керек емес. Өйткені, біз жас пен кәріге де пайдалануға болатындай етіп жасадық", - дейді комбинаттың ІТ-технолог-маманы.

Мақала басында Ақтаудағы медициналық мекемелерде цифрлық жүйгеге көшіп жатырғанын тілге тиек еттік. Осы жылдың басында орталық аурухана мен №1 қалалық емханаға кешенді медициналық ақпараттық жүйесі енгізілгені рас. Қала халқын бірінші кезекте электронды денсаулық паспортының іске қосылуы қуантып тастады. Өйткені, ІТ-технологиялық жүйе тұрғындарға көрсетілетін дәрігерлік көмектің тиімділігін арттырып отыр.

"Мұндағы көздеген мақсатымыз – "қағаз қолданбайтын аурухана" атану. Мәселен, бұрын ауруханаға түскен науқасты қабылдау үшін көп уақыт жұмсалатын. Науқас туралы толық ақпарат толтырылып, түрлі сараптама жасау үшін жолдама беретінбіз. Жаңа іске қосылған электронды денсаулық паспорты тез арада қабылдап, ем шараларын ертерек бастауға мүмкіндік беріп отыр", - дейді Маңғыстау облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мұхамеджан Нұрғазиев.

Оншақты жыл бұрын осы оңірде жылына асып кеткенде 5-6 ғана бейнеэндоскопиялық операция жасалатын. Қазір бұл көрсеткіш жедел дамып, 2018 жылы 88 пайызға жетіп отыр.

Мұнда көп жыл еңбек етіп келе жатқан кәсіби хирург Талғат Мұқантаев "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасына енген екі маңғыстаулықтың бірі. Ол шалғай өңір тарихында бейнеэндоскопиялық хирургияда ең жоғары тәжірибе жинақтаған маман. Ол бүгінге дейін жеті мыңнан астам операция жасады. Олардың бес мыңға жуығында бейнеэндоскопиялық тәсілдерді қолданған екен.

"Отандық медицинадағы жаңа технология аурудың барлық түріне кеңінен қолданылып жатыр. Қазіргі таңда пышақсыз операцияны таңдайтындар өте көп. Былтырдың өзінде осы әдіспен мыңдаған операция жасалып, жүздеген адамның өміріне төнген қауіп сейілді", - дейді облыстық аурухананың бөлім меңгерушісі Талғат Мұқантаев.

Көршілес бөлімшедегі кардиохирургия саласының мамандары да озық үлгідегі медициналық құралдармен жарақтанған. Қазір Ақтаудағы орталықта балалар мен ересектерге күрделілігі әртүрлі операциялар сәтті жасалып жатыр. Бұрын басқа аймақтарға барып, емделуге мәжбүр болып келген маңғыстаулықтар енді электронды кезекке тіркелуде.

Кардиохирургиялық орталыққа жүрек ақауымен түскен бес айлық сәбиге операция жасалуының куәгері болдық. Бүлдіршіннің өмірін сақтап қалу үшін 10-нан аса дәрігер жұмылуда. Мұнда мамандардың айтуынша, күрделілігі 8-ші сыныпқа бағаланған мұндай операцияны жасау үшін кемінде 8 сағатқа жуық уақыт қажет.  

Маңғыстау медицинасындағы тағы бір жағымды жаңалық - болашақ аналар жүктілік кезеңінде дәрігер кеңесін үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік беретін мобильді қосымша қызметінің шарапатын көріп жатыр.

Ұялы телефонға жүктелген бағдарлама жүкті әйелдерді емхана дәлізінде кезек күту машақатынан біржола құтқарады. Шұғыл медициналық көмек қажет болған жағдайда, SOS батырмасын басу арқылы жедел жәрдем шақыртады. Бұл ретте мекенжайды көрсетудің қажеті жоқ. Барлық ақпар бірден монитор бетіне шығып тұрады.

Айта кетейік, қазақ елі қолға алған инновациялық жоба ТМД мемлекеттері үшін тың жаңалық саналады. Жүктілік кезеңінде қашықтықтан дәрігер кеңесін алуға мүмкіндік беретін ұялы байланыс құралын 45 мыңдай қазақстандық әйелдер қолданады екен. IT-технология өткен жылдың шілде айынан бастап өңірдегі емханаларда кең қолданысқа ене бастады.

Өткен жылы Ақтаудағы бір перзентханада "Проактивті қызмет көрсету" жобасы іске қосылған еді. Бүгінге дейін IT-технология көмегімен 500-ге жуық құжат толтырылған. Өңір тұрғындарын нәрестені балабақша кезегіне тіркеу, әлеуметтік жәрдемақы алуға өтінішті кәдімгі ұялы телефонмен толтыруға болатындығы қуантып отыр.

Әйгерім Жұмашова өмірге келген сәбиінің есімін Айнұрлы деп қойды. Жаңа туған нәрестенің туу туралы куәлігін перзентханадан шықпай-ақ, рәсімдеп алған. Бұл үшін ғаламторға қосылған ұялы телефонымен электронды үкімет порталындағы мобильді азаматтар базасына кіріп, өтініш қалдырған. Іле-шала келген смс-хабарламадағы сұрақтарға жауап беру арқылы балабақша кезегіне тұрып әрі мемлекеттен әлеуметтік көмек алу мүмкіндігіне ие болып отыр.

"Менің баламның туу туралы куәлігі электронды түрде дайын болғанына өте қуаныштымын және мен осы туу туралы куәлікті неке сарайына барып, қағаз жүзінде алып кете аламын. Осының барлығы да болашақ аналарға үлкен көмек деп ойлаймын", - дейді жас ана.

Ақтау қалалық халыққа қызмет көрсету орталығының маманы Светлана Ковганның айтуынша, ұялы телефон арқылы сәби құжаттарын рәсімдеу өте аз уақыт алады.

"Жүкті әйелдің босанып, перзентханадан шыққанға дейін нәрестенің туу туралы куәлігі дайын тұрады. Қажет болған жағдайда, бірден қағаз түрінде беріледі. Болмаса кейін жергілікті АХАЖ бөліміне барып, жеке куәлігін көрсету арқылы ала алады", - дейді ол.

Баланың туу туралы куәлігін өкілетті орган мамандарының үйге жеткізіп беретіндігі де аналарды қуантып отыр. Оған тапсырысты смартфонмен беруге болады екен.  Бұл үшін мобильді азаматтар базасында жеке сәйкестендіру және ұялы байланыс номеріңіз көрсетілсе болғаны.

Бүгінгі күні Маңғыстау облысындағы барлық мектепте электронды күнделік жүйесі іске қосылған. Енді ата-аналар мектепке бармай-ақ, баласының оқу үлгерімін ғаламторға қосылған компьютер немесе смартфон арқылы бақылай алады. Электронды күнделіктен оқушы туралы барлық ақпарат көруге болады.  

Электронды күнделік жүйесі Ақтауда ғана емес, қаладан шалғай шағын ауыл мектептерінде де жұмыс істеп тұр. Отандық білім саласындағы ІТ-технологиялық жүйенің мүмкіндігі көп. Ең бастысы ата-ана мен мұғалімнің арасында байланыс орнап, ұстаздар қағазбастылықтан арылды.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және "үлкен деректермен" жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керектігін атап айтқаны көпке мәлім. Бұл ретте өткен жылы мектеп бітірген 50 түлекке облыс әкімінің атынан қаржылай грант бөлінген еді. Олар қазірде жергілікті қазына есебінен ІТ-технологы сынды заман талабына сай мамандықтарды меңгеріп жатыр. Оның алдынғы жылы да өңірдің 50 баласы осы ретпен жаңа технологиямен жұмыс істеудің қыр-сырын үйренген болатын.

Ақтаудағы іргелі білім кешендерінің бірі саналатын Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары әдеби кітаптарды ІТ-технологияның көмегімен оқуға көшті. Білім ордасында арнайы баннер ілініп, онда жүзге жуық әлем және қазақ әдебиетінің үздік шығармаларының суреттері бейнеленген. Әр суреттің төменгі бөлігіндегі QR кодты смартфон көмегімен ашуға болады. Сол жерге ұялы телефонның камерасын бағыттасаңыз сіз таңдаған кітаптың үш тілдегі электронды нұсқасы құрылғы жадына сақталып қалады.

Ақтау қаласы бойынша химия-биология бағытындағы пәндерді тереңдетін оқытатын Назарбаев зияткерлік мектебінің тілдік пәндер бойынша үйлестірушісі Әсел Исмаханбетованың айтуынша, бұл жоба қазақстандық білім қорымен бірлесе отырып жүзеге асырылған.

"Алдымызға қойылған басты міндет – Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламаралық мақаласы негізінде айтылған тапсырманы нәтижелі жүзеге асыру. Оның ішінде, үш тілділік саясатты жүзеге асыру және ең бастысы оқушыларды кітап оқуға шақыру", - дейді ол.

Былтыр Ақтауда қоғамдық көліктердің бағытын анықтайтын "Infobus" мобильді қосымшасы да іске қосылды. Енді қала тұрғындары үйде отырып, ұялы телефоны арқылы өзіне қажет автобустың қай жерде келе жатқанын біліп, жолын бағдарлай алады.

Бұл бағдарлама тұрғындарға да, жолаушылар тасымалына жауапты мекемелерге де тиімді. Осының арқасында соңғысы бір бағытта қанша көліктің жүргенін, олардың қозғалысын және талаптардың орындалуын бақылайды.

"Қазір біздің автобустардың барлығында фотофиксация құралдары орналасқан. Олар әрбір бес минут сайын салон ішін суретке түсіріп тұрады. Себебі, автобустардың ішінде болатын ұрлық көп. Фотосуретке түсіру аппараттары қалалық ішкі істер басқармасымен бірлесе қойылған. Ақылды технология әркез автобусқа қандай адам кірді, қанша адам шықты соның бәрін бақылауға алып отырады", - дейді Ақтау қалалық жолаушылар тасымалы бөлімінің басшысы Жетібай Құбашев.

Бүгінгі таңда осы мобильді қосымшаны 10 мыңнан астам адам қолданады. Болашақта автобустардың цифрлық ақпараттық жүйесі облыстың өзге елді мекендерінде жүретін қоғамдық көліктерге де орнатылады.  

Былтыр Ақтауда құқықтық қызмет көрсету орталығы ашылған еді. Бұл жерден  маңғыстаулықтар кез келген сауалдарына заңдық тұрғыдан кәсіби кеңес ала алады. Заманауи үлгімен салынған кешенде жергілікті полиция қызметі, әділет органы, заңгерлер, психологтар мен медиаторлар "Бір терезе" қағидасымен халыққа тегін қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, "100 нақты қадам", Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында салынған мұндай орталықтар еліміздің бірнеше аймағында бар.

Ақтау қалалық халыққа құқықтық қызмет көрсету орталығының басшысы Мақсат Көшбаевтың айтуынша, аталған орталыққа басшылықты Маңғыстау облысының прокуратурасы жүзеге асырады.

"Біздің орталықта қазіргі уақытта 12 мемлекеттік орган қызмет атқарады. Әрбір орган өзінің функциясына байланысты 33 мемлекеттік қызмет көрсетеді", - дейді ол.

Қалалық жұмыспен қамту орталығында да бос жұмыс орындары туралы ақпарат беретін мобильді қосымша іске қосылды. Мұнда екі қолға бір күрек іздеген азаматтарға арналған пайдалы ақпараттар топтастырылған.

"Жұмыс іздеген азаматтың жоғары не арнайы орта білімі бар, бірақ еңбек өтілінің жоқтығы қоғамда жиі көтерілетін мәселе. Олқылықтың орнын толтыру үшін жолдама жазып, жастар практикасынан өтуге жолдаймыз. Кәсіби біліктілікті шыңдайтын немесе жаңа мамандықтарға баулитын курстар бар. Олар туралы ақпаратты мобилді қосымшадан табуға болады", - дейді Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Жазира Қаражанова.

Соңғы жылдары Ақтауда "Тұрғын үй қорын жаңғырту" бағдарламасымен 23 үйге күрделі жөндеу жасалған. Зейнеткер Светлана Демирова өзі тұратын үйдің қысқа мерзімде жөнделгеніне қуанышты. Мердігер мекемені өздері таңдапты. 

"Мердігер мекеме мамандарының бізге дейін жөндеген үйлерін көрген соң бірауыздан таңдау жасадық. Біздің тұратын үйіміз 1964 жылы салынған. Шифер шатырының сынған жерлерінен жауынды күндері су сорғалап тұратын. Қазір жабынқыш төселгелі пәтер ішіне тыныштық орнады. Шатыр бойлай суағарлар орнатылған. Олар арқылы ылғал үй алдындағы бақшаға төгіледі", - дейді қала тұрғыны Светлана Демирова.

"Тұрғын үй қорын жаңғыру" жобасының басты артықшылығы - баспана жөндеу жұмыстарына "Ақылды" технологиялардың қолданылуында. Мәселен, автоматты жылу беру кешені орнатылған үйдің тұрғындары коммуналдық төлемдерді аз төлейді. Көшеге орнатылған құрылғы ауа райына қарай пәтерлерге жылу беру тәртібін реттеп отырады.

Инновациялық жобаны жүзеге асыратын мердігер мекеме жетекшісі Ахат Өтеповтың айтуынша, қазіргі заман талабына сай құрылғылар сапасы жоғары. Ұзақ жыл қызмет етуге арналып жасалған.  

"Қазіргі таңда "Пинеторон", "Изолат" деп аталатын нанотехнологиялар бар. Біріншісі үй шатырына жағылғаннан соң ішке су жібермейді, ылғал өткізбейді. Ал, изолат деген материал баспана жылуын сыртқа шығармайды, сырттың салқынын үйге кіргізбейді. Біз екі жарым жыл мұндай жұмыстар жасалған үйлерге кепілдік береміз", - дейді ол.

Тұрғын үйді бастан-аяқ қалпына келтіру тұрғындардың тікелей келісімен жасалады. Ал жөндеуге қажет қаржы мемлекеттен төленеді. Кейін пәтер иелері мердігерге қарызын бірнеше жыл арнайы қорға бөліп өтейді.

Биылдан қалмай Ақтаудың барлық көше шамдары энергия үнемдейтін технологиялық құралдармен жаңарады деп көзделуде. Әзірге сынақ түрінде қойылған 93 шам теңіз жағалауын жарқыратып тұр.

Жауапты мамандар берген мәліметке сүйенсек, тарифтік шығын бүгінде 50 пайызға дейін азайған. Сонымен қатар, Ақтаудағы мектептер мен балабақшаларда электр қуатын барынша үнемдейтін тың жобалар да батыл жүзеге асырылып жатыр. Осының арқасында тоқ пен жылуға кететін шығын екі есеге азайып, бюджет қаржысы айтарлықтай үнемделіп отыр.

"Біз бұрын тек электр энергиясының өзіне айына 88 мың теңге төлейтінбіз. Жаңарту жұмыстары аяқталғалы бері айына 50 мың теңге шығатын болды. Бір жылда қомақты қаржы үнемделеріне қуанып отырмыз", - дейді Ақтау қалалыұ №53 балабақшаның директоры Сәуле Әлібеков.

Сөз соңында тоқтала кетейік, ІТ-технологиялар көше қауіпсіздігін сақтауға да кеңінен қолданылып жатыр. Құқыққорғаушылар Ақтаудағы барлық тұрғын үй аулаларына бейнебақылау камераларын орнатуды жоспарлап қойған. "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясындағы жобаны жүз пайыз жүзеге асыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген.

Әзірге Ақтаудағы екі мөлтек ауданда 110 бейнебақылау камералары іске қосылып тұр. Мұнан бөлек, қала ішінде кеңістікті 360 градуста бағдарлай алатын 22 құрылғы орнатылды. Заманауи технология көмегімен өткен 9 ай ішінде 700-ге жуық құқықбұзушылық деректері тіркелді. Басым көпшілігінің ізі суымай ашылып отыр.

Тұрғын үй аулаларына орнатылатын барлық камералар тәулігіне 24 сағат бойы учаскелік инспекторлардың бақылауында ұсталады. Таяу жылдары қаланың қалған шағын аудандарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 600 бейнебақылау камералары қойылады деп жоспарланған.   

Айта кетейік, Каспий жағасында бой түзеген жас шаһардың көрнекті орындарын әлемге таныту мақсатында арнайы мобильді қосымша мен "Электронды туристік веб-платформа" жасақталып жатыр. Бұл жобалардың тиімділігін қала тұрғындары таяу жылдары бағалайтын болады.

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости