Ақтауда жаңа қағидат бойынша жұмыс істейтін пошта бөлімшесі ашылды

11 қазан, 2018, 11:19 3335 Маңғыстау облысы
Ақтауда жаңа қағидат бойынша жұмыс істейтін пошта бөлімшесі ашылды

"Қазпошта" АҚ-ға қарайтын Ақтау филиалында тұрғындарға жаңартылған қызмет түрлерін көрсетудің тәртібі енгізілді.

Маңғыстау облысының орталығында халыққа қызмет көрсетудің жаңа қағидаты бойынша жұмыс істейтін пошта бөлімшесі ашылды. "Қазпошта" акционерлік қоғамына қарайтын Ақтау филиалында тұрғындарға жаңартылған қызмет түрлерін көрсетудің тәртібі енгізілді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Аталған бөлімшенің ашылу салтанатына аймақ әкімі Ералы Тоғжанов қатысты. Облыс басшысы озық үлгіде өз алдына дербес салынған ғимаратты аралап, жеке тұлғаларға арналған қаржы қызметтері бойынша операциялық залдарын, сәлемдеме қабылдау және жөнелту кешені мен мен айырбастау бекетінің жұмысымен танысты.

"Цифрлық Қазақстан" және "Трансформация" бағдарламалары аясында "Қазпошта" АҚ жаһандық ұйымдарға кіруден бастап электрондық коммерция мен қызметтерді цифрландыру, сондай-ақ онлайн-банкингке қатысты инновациялық жобаларға қатысты қызмет саласын кеңейтті.

Айталық, бұрын Маңғыстау облысына айына 30 мың бірлік хат-хабар жетсе, электрондық коммерцияның жылдам дамуының нәтижесінде қазірде бұл көрсеткіш үш есе артып, 90 мыңға жетіп отыр.

"Осыған дейін пошта байланысы бөлімшелеріне адамдар сәлемдемелер мен хаттарды жіберу немесе алу үшін аяқтай келіп жүрсе, қазірде қаржы аударымдарын жіберу, несие өтеу, депозит толтыру, электронды төлем карталарын шығару және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша үйде отырып-ақ жүгінеді. Бұл Қазпошта бөлімдерінде ұзын-сонар кезекті қысқартуға мүмкіндік береді, бастысы халықтық алтын уақытын үнемдеуіне аса тиімді", - деді жаңа бөлімшенің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ералы Тоғжанов.

Айта кетейік, 2012 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Маңғыстау өңірінде "Қазпошта" акционерлік қоғамына қарайтын үш бірдей сәлемдеме жіберу және қабылдау нысандары қолданысқа қосылды.

Бұдан бөлек, Ақтауға іргелес қоныстанған Мұнайлы ауданындағы пошта бөлімшесі заманауи үлгідегі жаңа ғимаратқа көшті. Аталған ауданға жататын Атамекен елді мекенінде жаңа технологиялармен жабдықталған мобильді кешен халық игілігіне тапсырылды.

Айта кетейік, Маңғыстау облысының әкімдігі мен "Қазақтелеком" АҚ арасында да шалғай өңірді цифрландыру саласындағы әріптестік келісім бар.

Өткен шілде айында аймақ басшысы Ералы Тоғжанов пен "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев өлке аумағында "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын нәтижелі жүзеге асыруға бағытталған құжатқа қол қойған болатын.

Оның негізінде тараптар бірлесе жүзеге асыруға уағдаласқан негізгі бағыттардың бірі – Ақтаудан алыс ауылдық елді мекендердегі халықтың ғаламдық интернет желісіне жоғары жылдамдықта қатынауы арқылы ел экономикасының барлық саласын цифрландыру қызметтері сервистерінің бірыңғай деңгейін қамтамасыз ететін инфокоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысу және серіктес болуды көздейді.

Қазіргі таңда Маңғыстау облысындағы 61 ауылдың 34-і талшықтық-оптикаға қосылған. Жол картасына сәйкес 2018-2019 жылдар аралығында 16 ауылға, соның ішінде мемлекеттік стандарттау жүйесі жобасы бойынша 6 елді мекенге талшықтық-оптикалық беру жүйелерін тарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, осы ауылдарға LTE 800 технологиясы бойынша 4G жаңа буынының сымсыз қатынау желісін салу жоспарда бар.

Талшықты-оптикалық желіні кеңейту барлық ауыл тұрғындарын цифрлық қызметтермен, КЖҚ және ұтқыр байланыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ мемлекеттік мекемелерді бірыңғай корпоративтік желіге біріктіріп, "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының мақсатты көрсеткіштерін орындауға мүмкіндік береді.

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов келтірген деректерге жүгінсек, бірлескен іс-шаралармен шешілетін өзекті міндеттердің бірі – облыстың барлық білім беру және денсаулық сақтау нысандарының интернет желісіне жоғары жылдамдықта қатынауын қамтамасыз ету. Бүгінде орта мектептердің тек қана 55%-ы мен медициналық мекемелердің 8%-ы 10 Мбит/с астам жылдамдықпен жұмыс істейтін жоғары жылдамдықтағы ғаламтор желісін пайдаланады. Биылғы жыл соңына дейін өңірдің барлық 134 мектебі мен 111 медициналық мекемесін ұшқыр интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл, өз кезегінде білім беру және денсаулық сақтау саласында цифрландыру жобаларын жүзеге асыруды жеделдетуге мүмкіндік бермек.

Мұнан басқа, Маңғыстау облысында "Smart Sity" пилоттық жобасы да жүзеге асады. Бұл бағытта "Қазақтелеком" АҚ биылғы жылы Ақтау мен Жаңаөзен қалаларындағы 250 үйге 1650 бейнекамера орнатып, көп қабатты тұрғын үй секторының 62 мыңнан астам тұрғынының "Бұлтты бейнебақылау" қызметін пайдалануын қамтамасыз етеді.

"Қазақтелеком" АҚ-ның басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев өз кезегінде мұнайлы өңірде жүзеге асатын маңызды бастамалардың бірі ретінде – Бейнеу және Қарақия аудандарын цифрлы қызметтермен қамтамасыз ететін "Цифрлық аудандар" жобасын ерекше атады.

"Оны нәтижелі жүзеге асыру үшін жаһандық ғаламтор желісіне кеңжолақты қатынау қызметтерінің деңгейін жүз үйге шаққанда республикалық орташа деңгейін 29-дан 60 пайызға дейін көтеруге күш салынатын болады", - деді ол.

`