Маңғыстау облысы әкімдігі мен Қазақтелеком цифрландыру аясында әріптестік орнатты

12 шілде, 2018, 17:49 4605 Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысы әкімдігі мен Қазақтелеком цифрландыру аясында әріптестік орнатты

Қол қойылған келісімшартқа сәйкес, Ақтаудан алыс ауылдық елді мекендердегі халық жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады.

Маңғыстау облысы әкімдігі мен "Қазақтелеком" АҚ арасында цифрландыру саласындағы әріптестік жөнінде келісім орнады. Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов пен "Қазақтелеком" АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев өлке аумағында "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын нәтижелі жүзеге асыруға бағытталған құжатқа қол қойды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. 

Тараптар бірлесе жүзеге асыруға уағдаласқан келісімдегі негізгі бағыттардың бірі – Ақтаудан алыс ауылдық елді мекендердегі халықтың ғаламдық интернет желісіне жоғары жылдамдықта қатынауы арқылы ел экономикасының барлық саласын цифрландыру қызметтері сервистерінің бірыңғай деңгейін қамтамасыз ететін инфокоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысу және серіктес болуды көздейді.

Қазіргі таңда Маңғыстау облысындағы 61 ауылдың 34-і талшықтық-оптикаға қосылған. Жол картасына сәйкес 2018-2019 жылдар аралығында 16 ауылға, соның ішінде мемлекеттік стандарттау жүйесі жобасы бойынша 6 елді мекенге талшықтық-оптикалық беру жүйелерін тарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, осы ауылдарға LTE 800 технологиясы бойынша 4G жаңа буынының сымсыз қатынау желісін салу жоспарда бар.

Талшықты-оптикалық желіні кеңейту барлық ауыл тұрғындарын цифрлық қызметтермен, қайыра жалғау құрылғысы және ұтқыр байланыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ мемлекеттік мекемелерді бірыңғай корпоративтік желіге біріктіріп, "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының мақсатты көрсеткіштерін орындауға мүмкіндік береді.

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов келтірген деректерге жүгінсек, бірлескен іс-шаралармен шешілетін өзекті міндеттердің бірі – облыстың барлық білім беру және денсаулық сақтау нысандарының интернет желісіне жоғары жылдамдықта қатынауын қамтамасыз ету. Бүгінде орта мектептердің тек қана 55%-ы мен медициналық мекемелердің 8%-ы 10 Мбит/с астам жылдамдықпен жұмыс істейтін жоғары жылдамдықтағы ғаламтор желісін пайдаланады. Биылғы жыл соңына дейін өңірдің барлық 134 мектебі мен 111 медициналық мекемесін ұшқыр интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл, өз кезегінде білім беру және денсаулық сақтау саласында цифрландыру жобаларын жүзеге асыруды жеделдетуге мүмкіндік бермек.

Мұнан басқа, Маңғыстау облысында Smart Sity пилоттық жобасы да жүзеге асады. Бұл бағытта "Қазақтелеком" АҚ биыл Ақтау мен Жаңаөзен қалаларындағы 250 үйге 1650 бейнекамера орнатып, көп қабатты тұрғын үй секторының 62 мыңнан астам тұрғынының "Бұлтты бейнебақылау" қызметін пайдалануын қамтамасыз етеді.

"Қазақтелеком" АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев өз кезегінде мұнайлы өңірде жүзеге асатын маңызды бастамалардың бірі ретінде Бейнеу және Қарақия аудандарын цифрлы қызметтермен қамтамасыз ететін "Цифрлы аудандар" жобасын ерекше атады.

"Оны нәтижелі жүзеге асыру үшін жаһандық ғаламтор желісіне кеңжолақты қатынау қызметтерінің деңгейін жүз үйге шаққанда республикалық орташа деңгейін 29-дан 60 пайызға дейін көтеруге күш салынатын болады", - деді Қуанышбек Есекеев.

`