Маңғыстау облысында бес мыңға тарта тұрғын цифрлық сауаттылығын арттырды

13 шілде, 2018, 18:27 4838 Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысында бес мыңға тарта тұрғын цифрлық сауаттылығын арттырды

Аймақта үш тілді еркін меңгерген информатика пәнінің мұғалімдері мен IT мамандары тұрғындарының сауатын ашуды қолға алды.

Жаз мезгілі келісімен қазақ елінің шалғай аймағындағы 65 мектепте арнайы курстар ашылды. Үш тілде еркін сөйлеп, жазатын информатика пәнінің мұғалімдері мен IT мамандары өлке тұрғындарына тегін кеңес беріп, сауатын ашуды қолға алды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Нәтижесінде, жергілікті халық үкіметтік электрондық порталға қалай кіруден бастап, сандық үлгіде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге жүгінуді, перзентін мектеп немесе балабақшаға тіркеу мен өтініш жазуды меңгеріп жатыр.

Ақтаудағы №23 орта білім беру мекемесінің есігі цифрлық сауаттылығын арттырамын деген кез келген қала тұрғыны үшін айқара ашық. Мұндағы қажетті оқу-әдістемелік құралдармен және компьютерлермен жабдықталған сыныпта 20-ға тарта адам электрондық қызмет түрлеріне жүгінуді меңгеріп жатыр. Араларында көпбалалы аналар мен зейнет жасындағы тұрғындар бар. Жалпы, аймақ тұрғындары үшін тың бастама - цифрлық сауат ашу курсы басталғалы бас-аяғы 4226 тұрғын тегін білім алған.

"Мен үйде отырған көпбалалы аналардың бірімін. Теледидардағы жаңалықтардан көрдім, сосын балаларымның әлеуметтік желілерден цифрландыру туралы оқыған ақпараттарына қанықтым. Ел қатарлы алуға болатын білімді №23 мектепте тегін үйретіп жатқанын естіп, меңгеруге келіп тұрмын. Бұл білімнің күнделікті қолданыста өте ыңғайлы боларына көзім жетіп отыр. Мәселен, үйде отырып-ақ, өзіңнің электронды қолтаңбаң арқылы ашып алуға болатыны қуантып тастады", - дейді көпбалалы қала тұрғыны Қазына Табылғанова.

Нақты айтар болсақ, цифрлық сауаттылықты арттыру жұмыстары негізінен төрт бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Қарапайым халықтан бөлек әлеуметтік қорғау, білім және денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері де білімдерін жетілдіруде. Өйткені, қазіргі таңда мұнайлы өңірдегі барлық салаға сандық жүйе қарқынды енгізіліп, олардағы қызмет түрлері түгелдей автоматтандырылуда.

Қолданысқа қосылған жаңа технологиялармен жұмыс істеу үшін 6 мыңнан аса мұғалім мен 5 мыңға жуық дәрігер арнайы курстардан өтті. Облыс аумағындағы медициналық мекемелерде цифрлық сауаттылық бойынша 30 орталық іске қосылған. Бұл жерлерде соңғы үш айда 71 мың тұрғын емханаларға енгізіліп жатқан жаңа ақпараттық жүйені қолдануды үйреніп алды.  

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сакеев келтірген деректерге сүйенсек, аймақтағы 34 емдеу мекемесінің 100 пайызға жуығы цифрлық технологияға көшірілген.

"Осы өңірдегі 34 емдеу мекемесінің 96 пайызы толықтай онлайн цифрлық технологияға көшірілген. Осыған дейін 120-дан астам медициналық есеп қағаздары қолмен қағазға жазылып келген болса, қазіргі таңда осы формалардың барлығы электронды түрде толтырылатын болды. Бұл, өз кезегінде дәрігерлердің еңбек уақытын үнемдеу, ақ халатты мамандарға қаралған тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартқан. Бастысы, екі тараптың да уақыты үнемделіп, емханалардың дәліздерінде бұрыннан қалыптасып келген ұзын-сонар кезек қысқарған", - деді Руслан Сакеев.

Бүгінде облыс халқының 80 пайызы электронды медициналық картаны қолдануға көшті. Жергілікті билік алдағы күз айларына дейін бұл жұмыстарды 100 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, осы шілде айында жиырмадан аса жұмыссыз адам ІТ мамандығын, тағы 200-дей тұрғын компьютер негіздері мен бағдарламашы мамандығын тегін оқып шықпақ.

`