Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының төралқа мүшесі Елбасы Жолдауының бірегейлігін атап өтті

17 Января, 2018, 16:10 4064
Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының төралқа мүшесі Елбасы Жолдауының бірегейлігін атап өтті | Послание Президента | BNews.kz

«Қазақ-түрік білім және зерттеу» қауымдастығының төрағасы, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының төралқа мүшесі Шабан Серкан Динчтүрік Қазақстан Президентінің Жолдауына қатысты пікірімен бөлісті.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауын оқып, үлкен мақтанышпен және қуанышпен қабылдадық.

Елбасы өз сөзінде Қазақстан халқының жарқын болашағы үшін денсаулық сақтау саласынан бастап, ауыл шаруашылығына дейін, технологиялық дамудан бастап, білім беру саласын ілгерілетуге дейін әр саланы қамтып, жүзеге асырудың нақты жолдарын көрсетті.

Мемлекет басшысының «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ, заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деген сөзі елдегі және шетелдегі қазактар үшін ең маңызды мақсат болуға тиіс.

Атажұртымыз Қазақ елі, қасиетінен айналайын, тәуелсіздікті жариялаған күннен бастап, саяси-экономикалық, сауда-саттық, мәдени-гуманитарлық салаларында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Халықаралық аренада өзін жан-жақты, сенімді және жауапты ел ретінде танытып үлгерді. Әлемдегі көптеген елден озып шықты. Экономикалық жағдайын жақсартып, ауыл шаруашылық, туризм, денсаулық сақтау, индустрияландыру сынды маңызды салалар бойынша қыруар жұмыстар атқарып, дамудың жаңа кезеңіне жеткізді. Ендеше Елбасының көшбасшылығымен талантты да білімді жас ұрпақпен жарқын болашаққа ұмтылып келеді.

2017 жылы халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізген Қазақстанның жұлдызы жарқырап, әлемдік саясаттағы орны уақыт өткен сайын артып келе жатқандығының айғағы – 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі. «Қазақстан-2050» даму стратегиясын қабылдаған Қазақстан мемлекеті әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына кіруді алдына мақсат етіп отыр. Біздер, Түркиядағы қандас бауырлар ретінде бұл тарихи бастаманы қолдаймыз және де жүзеге асырылатындығына кәміл сенеміз. Қазақ елінің қол жеткізген табыстары әлемнің түкпір-түкпірінде мекендеген қазақ жұртшылығының мақтанышы.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Біз жаңа заманға сай болу үшін төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек» деген сөзі ұлттық бірлік пен ынтымақтастықтың, біртұтастық пен бірегейліктің дәлелі болып табылады. Осы себептен Елбасымызға алғысымыз шексіз!

 

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости