Қазақстанның елордасы әлем көшіне ілесіп, қарқынды дамуда

26 Апреля, 2018, 14:13 3986
Қазақстанның елордасы әлем көшіне ілесіп, қарқынды дамуда | Послание Президента | BNews.kz

Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында бүгінде әлем төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келетінін атап өтті.

Қазақстанның елордасы – Астана қаласы әлем көшіне ілесіп, қарқынды дамып келеді. ХХІ ғасырдың даму үрдісі әлемде өте жылдам қарқынмен жүріп жатыр. Күні кеше өмірге келген жаңалық бүгін ескіріп, оның орнына жаңасы пайда болуда. Зымыран уақыттың көш-керуенінен қалып қоймауды ойлаған дүние жүзінің өрке­ниетті елдері алдыңғы шептен көріну үшін барын салуда, деп хабарлады BNews.kz Алматы ақшамы басылымына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" деп аталатын Жолдауында бүгінде әлем төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келетінін атап өтті.

"Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде", - деді Елбасы.

Тәуелсіз Қазақстанның жүрегі — Астана қаласы да әлемдегі дамыған елдер­дің алдыңғы қатарында бұрын-соңды болып көрмеген жаңару мен жаңғыруды басынан өткеруде. Биыл елордамыздың 20 жылдығын атап өтуге байланысты дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Астананы Алматыдан Ақмолаға ауыс­тыру туралы шешімді Қазақстан Республи­касының Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шіл­деде қабылдап, ресми көшу шарасы 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халық­аралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусым­да өтті. Ал араға небәрі бір жыл салып, 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен "Әлем қаласы" атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.

Астана — Азияның ең солтүстігінде орналасқан елорда. Қазіргі уақытта оның аумағы 722 шаршы шақырымнан, тұрғын­дар саны 1 миллионнан асады. Қаланың ішкі құрылымы үшке бөлінген — "Алматы", "Сарыарқа", "Есіл" және "Байқоңыр" аудандарынан тұрады. Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы Астананы экономи­калық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды.

Ел астанасын ауыстыру Астананың экономикалық дамуына қуатты серпін берді. Қала экономикасының қарқынды дамуы көптеген инвесторлар үшін тартым­ды болып отыр. Шаһардың өнеркәсіп өндірісі негізінен құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін шығару мен машина жасау ісі төңірегіне шоғырландырылған. Астана Қазақстанда құрылыс металл бұйымдарын, пайдалануға дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөні­нен алдыңғы орынды иеленеді. Қаланың ірі кәсіпорындары қатарында Целиноград вагон жөндеу зауытын, "Цесна-Астық" концернін, "Тұлпар-Тальго" ЖШС жолау­шы­лар вагонын құрастыру зауытын, "Еврокоптер Казахстан инжиниринг" ЖШС тікұшақ құрастыру зауытын қосуға болады.

Астана еліміздегі ірі бизнес орталығы да. Кәсіпкерлік мәдениет қарыштап дамып келеді. Астанада 128 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандар жұмыс істейді. Елорда құрылыс ауқымы жөнінен де көш бастап тұр. Астана мәрте­бесін алға­лы бері қалада 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Оған жүзде­ген отан­дық және шетелдік құрылыс компа­ниялары қатысты. Астананың сәулет­керлік тұжы­рым­дамасын жасау барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың елордада Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлері  үйлесім тапқан ерекше еуразиялық стиль қалып­тастыру идеясы негізге алынды. Астаналық бас жоспардың авторы белгілі жапон сәулеткері Кисе Курокава болды. "Бәйте­рек" кешені жаңа елорданың басты симво­лына, оның өзіндік бойтұмарына айналды. Өзге де бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарында белгілі британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған "Бейбітшілік және келісім" сарайы, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат — "Хан Шатыр" ойын-сауық сауда орталығы, теңізден алыс орналасқан океанариум — "Думан" орта­лығы, "Астана опера" мемлекеттік опера және балет театры, Орталық Азиядағы ірі мешіт — "Әзірет Сұлтан" мешіті, Әулие Успен Богородица кафедралдық соборы, Әулие Мария Архиепархиясы рим-като­ликтік  кафедралдық соборы, "Бейт Рахель Хабад Любавич" синагогасы, "Қазақстан" орталық концерт залы, "Қазақ Елі" мону­менті, Қазіргі заманғы өнер музейі мен Пре­зиденттік мәдени орталық ғимараттары бар.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең биік ғимарат — "Әбу-Даби Плаза" кешені алыстан көз тартады. Жаңа спорттық нысан­дар арасында 30 мың көрерменге  арналған "Астана-Арена" жабық стадио­ны, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған, 10 мың орынға арналған "Сарыарқа" бірегей велотрегі бар. Тағы бір маңызды спорттық кешен — ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін "Алау" мұз айдыны. Қазақстанның елордасы елдің барлық өңірлеріндегі талапкерлер үшін тартымды орталыққа айналды. Мұнда отандық білім беру ісінің жетекшілері — Назарбаев университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сей­фуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиа­лы, Астана медициналық универси­теті орналасқан.

Қазақстан Республикасының Мәде­ниет және спорт министрлігі Астананың 20 жылдығына 19 миллиард теңге жұмсала­тынын мәлім етті. Астана күнін тойлауға кететін бюджет шығыны жыл сайын қарқынды ұлғайып келеді. Мәселен, 2009 жылы небәрі 120 миллион теңге жұмсалса, 2014 жылы 700 миллионға өскен. Ал биыл рекордтық көрсеткішке жетті. Астананың 20 жылдығы құрметіне өтетін шаралар апталық емес, жыл бойы жалғасатын болады.

"Барлығы 18 миллиард 800 мил­лион теңге. Оған Астананың 20 жылдығын тойлау аясында 85 шара өткізу жоспарлан­ған. Бізді Қаржы министрлігі толық қолдап отыр. Ол ақша бюджетте қарастырылып қойылған. Біз сол шараларды абыроймен атқа­рамыз деп отырмыз", - дейді Мәде­ниет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсай­беков.

Жалпы, бас қаламыздың 20 жылдық мерейтойына ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен және басқа да мемлекеттік органдармен қоса алғанда 645 іс-шара жоспарланған.

Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты 2018 жылы бас қаламыздың 20 жыл­дық мерейтойы болатыны себепті салта­натты іс-шаралар жыл бойы жалғасатын болады. Мысалы G-Global хатшылығымен бірлесіп, 3 шілдеде "Жаһандық Жібек жолы" атты халықара­лық конференцияны, 4 шілде күні Дүние­жүзілік экономикалық ислам форумын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Осының аясында Жібек жолы бойында орналасқан қалалар мэрлерінің форумын өткізуде жоспарланған. Сонымен қатар, маңызды іс-шараның бірі — 5 шілде күні "Астана" халықаралық қаржы орталығының  ресми тұсаукесері. Тағы бір маңызды жоба — "Астаналар шеруі: Астананың 20 жылдығы – әлемнің 20 астанасы" шарасы. Басқа да мәдени және шығармашылық іс-шаралар, бизнес-форумдар және іскерлік кеңестер өткізілетін болады. Сондай-ақ, мерекеге орай Астанаға бауырлас қалалар да шақы­рылады. Мерейтойлық шаралардың маңыз­ды бір парасы — ел аймақтарында Астана күні өтеді. Бұл шара мамырда бастау алып, қыркүйек айына дейін жалғасады. Мереке аясында шығармашылық топтардың жос­парлары мен  Елорданың инвестициялық жобалары таныстырылатын болады. Соны­мен қатар, 15 сәуірден бастап, абаттандыру, көгалдандыру айлығы акциясы және "Үздік сурет", "Астана туралы үзік сыр", "Үздік ән" байқаулары өтеді.

Бүгінде Астана халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Астанада ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болып өтті. 2011 жылдың басында республиканың елордасы VІІ Қысқы Азия ойындарының қатысу­шылары мен қонақтарын қабылдады. Өткен жылы Астанада "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесі өтті.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен іргесі қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің Тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды.

Бүгінде ел астанасының дамуымен қатар республикамыздың облыс және аудан орталықтары да қарқынды жаңару мен жаңғыруды басынан өткеріп жатыр. Қай қала мен ауданға бармайық, жаңа құрылыстар бой көтеріп, әлеуметтік нысан­дар халық игілігіне беріліп жатқанының куәсі боламыз. Астанаға енші беріп шығар­ған Алматы қаласының да инфрақұры­лымы жылдан-жылға жаңарып, адам танымастай өзгеріп келеді. Кешегі кеңестік кезеңде жиі айтылатын "Бәрі адам үшін, адамның игілігі үшін" деген кең мақсатты жұмыстар бүгінде осы Алматы көшелерінен кеңінен орын алған. Тек заманымыз тыныш, аспанымыз ашық болса, ертеңгі күніміз бұдан да жарқын болары анық.

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости