Маңғыстау облысының бес ауданында EXPO жобалары жүзеге асып жатыр

14 Августа, 2018, 19:17 4945
Маңғыстау облысының бес ауданында EXPO жобалары жүзеге асып жатыр | Послание Президента | BNews.kz

Баламалы қуат көздері болып саналатын нысандар құрылысы аяқталған соң, электр энергиясының тарифтік құны төмендейді.

Маңғыстау облысының Мұнайлы, Түпқараған, Бейнеу, Қарақия және Маңғыстау аудандарында EXPO жобалары жүзеге асып жатыр. Баламалы қуат көздері болып саналатын нысандар құрылысы аяқталған соң, электр энергиясының тарифтік құны төмендейді. Биыл Ақтау қаласының іргесіндегі Ақшұқыр ауылында қуаты 5 мВт-тық жел электр станциясы қолданысқа беріледі деп күтілуде, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Сондай-ақ, тәуліктік қуаты 42 мВт тоқ өндіретін тағы бір нысан аудан орталығы Форт-Шевченко қаласында келер жылы ашылады. Жергілікті билік органдары осы арқылы облыс аумағына энергия тарату мекемелеріне жүктелген міндет салмағын азайтып, тарифтік төлемдерді төмендетуде қолға алып отыр.

Түпқараған ауданының облыс орталығына ең жақын орналасқан елді мекені – Ақшұқыр ауылының шетіндегі үш автономды құрылғы қалақтары желдің соғу бағытына қарай батыс пен шығысқа және солтүстікке қаратып орнатылған. Болашақтың энергиясы – EXPO жобасын қысқа мерзімде жүзеге асырған мердігер мекеме өкілдері мұнда таяу күндері тестілеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап қойған.

Нақты айтар болсақ, алдымен үш құрылғыға Маңғыстау электр желілерін тарату мекемесінен тоқ беріліп, озық үлгідегі технология іске қосылады. Мұнан кейін жел электр станциясының жұмысы ешқашан тоқтамайды екен.

"Баламалы қуат көзін өндіретін алып құрылғылардаың жалпы биіктігі 68 және 100 метрді құрайды. Соңғы нысан тәулігіне екі, қалған екеуі 1,5 мВт электр қуатын желден алады. Бұл шамадағы энергия шағын ауылдың сұранысын қамтуға толықтай жеткілікті", - дейді инновациялық жобаның жүзеге асырушы мамандар.

Айта кетейік, ақылды технология бөлшектері Германиядан Америка Құрама Штаттарына, одан соң Ресей арқылы жүк көліктерімен қазақ жеріне жеткізілген. Көрші өңір – Атыраудан 100 метрлік кран арнайы жеткізіліп, бар болғаны жеті ай ішінде үш құрылғы бой көтерді. Жалпы құны 1 млрд теңгеден асатын тың жоба осы қыркүйек-қазан айлары іске қосылады деп жоспарланған.

Өлке тарихы үшін тың бастаманы жүзеге асырушы мердігер мекеме өкілі Марат Үкібаевтың айтуынша, қазақстандық мамандарға Ресей мен АҚШ компаниялары қол ұшын берген.

"Келешек Ақшұқыр ауылының Ақтауға қараған бөлігінен тағы да 15 осындай автономды құрылғы қоюмыз деген жоспарымыз бар. Мұнан соң мұндағы жел электр станциясының жалпы қуаты тәулігіне 20 мВт тоқ беруге өсетін болады. Мұндай ірі көлемдегі энергия Ақшұқырдан бөлек, көршілес Сайын Шапағатов елді мекеніне, сондай-ақ Ақтаудың шет жағындағы мөлтек аудандарға да беріледі деп күн тәртібіне қойылған. Сырт келбеті футуристік бейнедегі бұл құрылғылары Елбасымыздың халыққа жиі айтып жүрген EXPO жобалары болып табылады. Мұндағы біздің көздеген мұратымыз – халыққа қолжетімді, тиімді тарифпен энергияның берілуі", - дейді бірлескен компаниялардың өкілі. 

Ақшұқыр ауылының тұрғындары қазіргі таңда электр қуатының бір киловатына 20 теңгеден төлеп отыр. Соңғы жылдары бұл жерге үй салу қарқыны өсіп, аумағы солтүстік-батыс бағыттарда ұлғайып келе жатқан ауылдың кей бөлігінде тәуліктеп жарық өшіп қалады.

Осы тұрғыдан жергілікті тұрғындар аталған инновациялық жоба биыл іске қосылса, ұзақ жылдар бойы көтеріліп келген өзекті мәселенің түбегейлі шешілеріне сенеді.

"Біз бүгінде үлкен қуанышта тұрмыз. Өтйкені, бізге электр энергиясының үлкен қоры осы орыннан беріледі және оның бағалары бұрынғыға қарағанда тіпті арзан болып, жалпы халықтың еркін қолдануына толықтай мүмкіндік беретін жеңілдіктер болуы да мүмкін", - дейді Ақшұқыр ауылының тұрғыны, көнекөз қария Тәжімағанбет Кезбаев.

Мұнан бөлек, нарықтағы құны 60 млн долларға бағаланған келесі жоба құрылысы Форт-Шевченко қаласында осы тамыз айында басталған болатын. Қазірде шаһар маңындағы 400 гектарға жуық жерде автономды құрылғылар орнату жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталып келеді.

Жоба құрылысына жауапты мердігер компания өкілі Жексен Айжарықовтың айтуынша, қуаты 42 мВт-тық жел электр станциясы келешек Форт-Шевченко қаласынан бөлек, оған іргелес Аташ пен Баутино ауылдарын да энергиямен толықтай қамтамасыз етуге қауқары еркін жетеді.

"Шет мемлекеттермен бірлескен жобаны жүзеге асыруға негізінен инвесторлардың қаражаты жұмсалады. Кейін, 15 жыл өте келе жобаны жүзеге асыруға кеткен қаржылай шығын өтелген соң, мұндай ақылды технологиялар осы аймақта қала береді", - дейді ол.

Қазіргі таңда Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласында 7 мыңнан астам халық қоныстанған. Ал оған іргелес Аташ пен Баутино елді мекендерінің аумағы әр жыл сайын қарқынды түрде ұлғайып келеді. Яғни, бұл елдімекендерде электр қуатына деген сұраныс аса жоғары.

Осы ретте аудан және ауыл әкімдіктерінің мамандары құрылысы үш кезеңнен тұратын жоба келер жылы аяқталса, энергия тапшылығы мүлдем жойылады деп отыр.

Айта кетейік, осыған дейін Маңғыстау облысында алғашқы күн электр станциясы іске қосылды деп жазған болатынбыз. Мұнайлы ауданындағы Батыр ауылының маңында күн сәулесінен жарық алып пайдалану үшін 8580 күн панелі орнатылған еді.

Инновациялық жоба биылғы жылы, Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде салтанатты түрде іске қосылды.Қазақстанда теңдесі жоқ жоба – қуаттылығы 2 мВт станция жалпы ауданы 36 гектар жерді алып жатыр. Жоба құны – 1,2 млрд теңге.

Бұл нысан құрылысы "Бизнестің жол картасы – 2020" бизнесті қолдау және дамыту бағдарламасы аясында қаржыландырылды. Электр станциясын пайдалану үшін орнатылған 9 мыңға жуық күн панелі отандық кремнийден жасалған.

Яғни, қазақстандық өндірістен шыққан күн батареяларымен жұмыс істейтін тұңғыш электр станция 300-ге жуық тұрғын үйді электр қуатымен қамтамасыз етеді.

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости