Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаңғыртудың айқын бағдарламасы

Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаңғыртудың айқын бағдарламасы

12 қаңтар, 12:52 3828 Астана
Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаңғыртудың айқын бағдарламасы

Елбасының Жолдауы бойынша ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасымжомарт Тоқаев өз ойын білдірді, деп хабарлайды BNews.kz parlam.kz-ке сілтеме жасап.

Әлем адамзат үшін шын мәнінде бірегей мүмкіндіктер ашатын төртінші өнеркәсіптік революция қарсаңында тұр. Өмірге жаңа технологиялардың енуі экономикалық ұстанымды, адамдардың өмір сүру салтын, жұмыс күші нарығын түбегейлі түрде өзгертпек.

Цифрландыру тұтастай алғанда өркениетті қоғамды және әрбір адамның жеке ерекшеліктерін жаңа сапалық қалыпқа түсіреді. Сонымен қатар Төртінші өнеркәсіптік революция немесе Индустрия 4.0 деп аталып жүрген жаңғыру жаңа жаһандық сын-қатерлерді тудыратыны анық. Кейбір сарапшылар болашақта әлемнің этностық және діни белгілер бойынша емес, технологиялық құрылымына қарай жіктелетіндігі жөнінде болжам жасауда. Алдыңғы қатарлы державалар күшті серпіліспен ілгері озуы мүмкін, бұл даму кезеңін кенжелетіп алған елдер үшін үнемі шетте қалу қаупін туғызатын болады. Бұл жағдай әлемнің саяси картасының трансформациялануына: өз кезегінде күтпеген альянстардың пайда болып, халықаралық қатынастар парадгимасын да өзгертеді.

Президент Н. Назарбаев Қазақстан халқына жаңа Жолдауында мемлекетіміздің дамуының аса өзекті сауалдарына қатысты толықтай жауап берген. Орын алуы ықтимал барлық сын-қатерлер мен қауіптерді ескере отырып, Президент Қазақстан халқын болашақтағы әлемдік құрылымның іргелі түрде өзгеруіне жан-жақты дайын болуға шақырады. Бұл стратегиялық құжатта Төртінші өнеркәсіптік революцияның мүлде жаңа жағдайында Қазақстанды жаңғыртудың нақты бағдарламасының ұсынылуы Жолдаудың басым тұсы болып табылады. Бұл ретте еліміздің жаңа бет-бейнесі жөнінде сөз болып отыр, ол қазіргі заманғы мемлекеттік институттарды, энергиясы тиімді экономиканы, цифрлық технологияларды, интеллектуалды көлік инфрақұрылымын, «ақылды қалаларды» қамтиды.

Елбасы Қазақстанның бүкіл дамыған елдердің қатарына қосылып, озық мемлекетке айналуы үшін аса қажетті 10 негізгі міндетті нақтылап берді. Президенттің ел экономикасын индустрияландыруға және цифрландыруға қатысты тапсырмаларының маңызын атап өту қажет. Расында да, инновацияны ендірмей, IT-саласын және инжинирингтік қызметтерді жетілдірмей, еліміздің өнеркәсібі алдыңғы қатарлы стандарттарға сай келетін және әлемнің нарықтарында сұранысқа ие болатын өнімдерді шығара алмайтыны анық. Цифрлық технологиялар дәуірінде еліміздің ресурстық әлеуетіне қатысты үйреншікті көзқарасты қайта қарастырған жөн. Күн тәртібінде «жасыл» экономикаға көшу, энергиялық тұрғыдан тиімді, экологиялық жағынан таза өндірістерді кеңінен ендіру, жаңартылған энергия көздеріне көшу мәселелері тұр. Жаңғырту аграрлық секторды да қамтиды.

Жаңа технологиялардың, бизнес-модельдердің, зияткерлік жүйелердің енгізілуі, агроөнеркәсіптік кешеннің барынша ғылымға негізделуін ұлғайту бұл саланың өнімділігін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Тиімсіз субсидиялардан банк кредиттерін арзандатуға көшу арқылы саланы қаржыландырудың жаңа сапалық деңгейі қалыптасады. Мемлекет басшысы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есе ұлғайту туралы нақты міндет қойып отыр. Мемлекеттің Төртінші өнеркәсіптік революцияға дайындығы көліктік инфрақұрылымның тиімділігімен тікелей байланысты. Логистикалық тізбектің барлық буындары зияткерлік бағдарламалар негізінде өзара тығыз қарым-қатынаста болуы тиіс. Құрылыс пен коммуналдық секторда заманауи технологияларды ендіру маңызды міндет болып табылады. Экономиканың күре тамыры саналатын қаржы секторын жаңғыртуға маңызды орын беріледі. Банк секторы мен Ұлттық банктің жұмысына әділ сын айтылып келеді.

Мемлекет басшысы қаржылық реттеушіні негізді түрде сынай отырып, банк қоржынын «нашар» кредиттерден босатуды және қаражатты банктерден әкетуді тоқтатуды талап етті. Банк жүйесі экономикалық өсімді ынталандыруы тиіс, осыған байланысты экономика салаларының рентабельділігін ескеретін нақты мөлшерлеме бойынша бизнесті ұзақ мерзімді кредитпен қамту жөнінде өзекті міндет қойылып отыр. Жолдаудың ерекше құнды жағы – мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерді қолдайтынын мәлімдеу. Адам капиталын дамыту стратегиялық тұрғыдан маңызды міндет болып саналады. Бұл мәселені шешу жолында білім беру жүйесін одан әрі жаңғырту жөнінде кешенді шаралар көзделген.

Мұғалім мамандығының мәртебесін жоғарылату үшін педагогтардың еңбекақысы айтарлықтай көбейтіледі. Бұл шараның қажеттігі туралы Сенатта да бірнеше мәрте айтылған болатын. Білім беру, мәдениет пен идеология ұлттың рухани әлеуетін нығайту үшін қызмет етуі тиіс. Осы орайда, мемлекет басшысының: «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деген ойына назар аудару қажет. Бұл тұжырыммен келіспеуге болмайды. Өйткені Индустрия 4.0. дәуірінде біздің елімізді ілгерілететін дәл осындай лайықты тұлғалар.

Біз, қазақстандықтар, мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құру, сыбайлас жемқорлықты жеңу және заңның үстемдігін күшейту бойынша күрделі міндеттерді шешуге тиіспіз. Азаматтардың конституциялық құқықтарын нығайту жұмысы заңнамалық деңгейде жалғасын табатын болады. Елорданың дамуы үнемі Елбасының назарында. «Смарт Сити» немесе «ақылды қала» ретінде Астана бүкіл Қазақстанға үлгі болуы тиіс. Жақын болашақта жаңа технологиялардың дамуына, жасанды интеллектінің пайда болуына байланысты мемлекеттің дәстүрлі рөлінің өкілдік ету функциялары ығыстырылып, осы «ақылды қалалар» экономикалық және гуманитарлық тұрғыдан тартымды болатыны сөзсіз.

Жолдаудың негізгі міндеттерінің оңтайлы шешім табуы олардың заңнамалық жағынан қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Бұл жерде әңгіме цифрлық технологияларды енгізуге, венчурлік қаржыландыру нарығының жұмыс істеуіне, бизнесті ынталандыруға, «жасыл» технологияларды енгізуге байланысты мәселелерді реттеу, сондай-ақ маңызды әлеуметтік мәселелерді шешу туралы болып отыр. Бұл ретте Парламент Сенаты қажетті заңдарды уақтылы әрі сапалы қабылдау үшін барлық күш-жігерін салуға дайын. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері туралы жолдау – бұл мәні мен маңызы жағынан, тың геосаяси, геоэкономикалық, геоөркениеттік жағдайлардағы іс-қимыл бағдарламасы. Мәселе төтесінен қойылып отыр: Қазақстан осы жағдайларға толық дайындықпен бет бұрады немесе Тарих көшіне ілесумен боламыз. Жауап айқын. Сондықтан Қазақстан Республикасының азаматтары ретінде біздің алдымызда бар күш-жігеріміз бен білімізді аямай еңбек ету міндеті тұр.

`

Серіктестер жаңалықтары