Латын емле ережелері жиі насихатталуы қажет – ғалым

10 тамыз, 2018, 16:53 5562 Ақтөбе облысы
Латын емле ережелері жиі насихатталуы қажет – ғалым

Ақтөбеде латын графикасына негізделген  жаңа емле  ережелер  жобасы  сынамадан  өтті.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті, Шайсұлтан  Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына"  ұлттық ғылыми-практикалық орталығы  Ақтөбеде латын графикасына негізделген  жаңа емле  ережелер  жобасын сынамадан  өткізді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Ақтөбеде қаласындағы №39 мектепте Ш. Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры  Ербол Тілешов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева, Ш. Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, Әдістемелік бөлімінің басшысы Сабира Сапина, "Тіл-Қазына"  ұлттық ғылыми-практикалық орталығы орфография  бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Гүлфар Мамырбекова және орталықтың ғылыми қызметкерлері сынақ сауалнама жүргізді.

Сынамаға  Ақтөбе облысының  барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, әскери қызметшілер қатысты. Сынаққа жалпы саны 250 адам қатысты.

"Әліпби тек лингвистикалық құбылыс қана емес. Оны күнделікті жалпы халық тұтынатын болғандықтан да, ол – әлеуметтік құбылыс. Яғни егер біз үнемдеу принципін қолданбай, фонетикалық принципке жүгінсек, сөздердің жазылуында шұбалыңқылыққа жол берер едік. Бұл лингвистикалық, психо­логиялық қосымша кедергілер қалыптастырып, әліпбиді, жазу дағдысын игеруді ұзақ уақытқа созып жібереді. Ендігі мақсат мақұлданған емле концепциясына сай жаңа әліпбидің ережелерін дайындау және оны сынақтан өткізу болады. Соның дәлелі бүгінгі Ақтөбедегі сынақ сауалнама жүргізу шарасы" - деді Ш. Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістемелік бөлімінің басшысы Сабира Сапина.  

Сынаққа қатысқан қауым жаңа әліпбидің жобасына зор қызығушылық таныттып, қызу талқылады.

Қоғамдағы жаңғыру міндетті түрде белгілі бір дәстүрлі және жаңа алғышарттарды қажет етеді. Бұл адамзат дамуының жалпы диалектикасы. Қазіргідей адамзаттық даму үдерісі тез өзгеріп жатқан жаһандану кезеңінде осындай алғышарттарды жүйелеп алу қай қоғам үшін де аса маңызды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласы мемлекетіміздің дамуының жаңа кезеңіне арналған тарихи  бағдарламалық еңбек.   ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті, Шайсұлтан  Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы  Ақтөбе қаласында   қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпарттық насихат жұмыстарын өткізді.

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпараттық насихат жұмыс тобының жетекшісі,  Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл – Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты  Ербол Тілешов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева сынамаға қатысушылар алдында Қазақ әліпбиін латын графикасына көшудің маңыздылығын ғылыми негіздерге сүйене отырып түсіндірді.

"Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаев  "Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек" - деуі қазақ елін жаңашыл істерге бастайды. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру ең межелі істердің бірегейі. Жаңа технология мен ілкімді істерді меңгеруіміздің кілті– латында" - деді филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева.

"Латын әліпбиіне көшуге мемлекет тарапынан барлық ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Бұл "қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау", 2017 жылы жүзеге асырылады. Одан кейінгі уақытта осы жаңа әліпбиді үйрететін мамандар және қажетті оқу құралдары дайындалады. Қазіргідей ақпараттық кезеңде жаңа әліпбиді енгізу шаралары әрі сапалы, әрі жылдам жүретініне қажетті алғышарттардың барлығы да бар. Латын әліпбиіне ең алғаш көшейін деп жатқан қазақ емес, бұл тарапта халықаралық тәжірибелер әбден жинақталған, жетерлік. Еуропаның, Латын Америкасы­ның мысалы керек пе, түркі халықтарының мысалы керек пе, не қажет соның бәрін мұрағат пен кітапханаға барып із­деп аяғыңыздан таусылмайсыз, баршасы интернетте самсап тұр. Әсіресе, бізді ең қызықтыратын түрік, әзірбайжан, өзбек, түркімен, қырымтатар ағайындардың латын әліпбиін еңгізудегі жетістіктерін де, кемшіліктерін де әлемдік ақпарат қазанынан қалауыңызша қарпып аласыз. Сонда көзіңіз латын әліпбиінің ықшамдылығына, ыңғайлылығына жететін болады. Қазақ өз тарихында тұңғыш рет өз әліпбиін мемлекеттік деңгейде таңдап отыр. Бұл ел тарихындағы аса ірі оқиға. Сонымен бірге әртүрлі тарихи, саяси, әлеуметтік себептермен дүниенің түкпір-түкпіріне тарап кеткен қазақ баласы ортақ әліп­биге ие болады. Бұл қандастарымыздың қатынасы үшін аса маңызды қадам. Жалпы жаңа әліпбиі тәуелсіз сананың жаңғыруына бастайды, дүниені тануымызды оңайлатады", – деп ойын түйіндеді Ербол Тілешов.

Ал грамматика маманы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпараттық насихат жұмыстарының тиімді жүргізу керектігіне және  маңызды емле мәселесінің аса қажеттілігіне көңіл аударды.

"Қазақ тілінің әліпбиі мен емлесі тарихына терең үңілетін болсақ, ереженің өзгеруі екіжақты үрдіске негізделеді екен: тілдің ұлттық болмысын тұрақты сақтап қалу және қоғам талабына орай бейімделу. Қазіргі таңда латыннегізді қазақ әліпбиі бойынша емле жасауда қазақтың табиғатына тән сөйлеу ерекшелігіне сүйене отыра ықшамдау. Бүгінгі күні қоғамда емле ережелеріне бағынбаудан туындайтын жағдайлар дұрыс жазудың бірізділік қалпын сақтай алмай отыр. Демек, емле ережелеріне қатысты мәселелерді жиі талқылап, жұртшылыққа насихаттап отыруымыз керек", - деді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева.

Cондықтан латыннегізді әліпбидің емлесінің соңғы нұсқасын жетілдіруде жастармен, тіл мамандарымен санасып, олардың ойын ескерудің негізі осы-сынама қортындысына байланысты. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпарттық насихат жұмыстарына қатысушылар жаңа әліпбидің жобасына зор қызығушылық танытып, қызу талқылады.

Еске сала кетейік, қазақ тілінің латын графикасындағы емле ережесін апробациялау басталғаны туралы осыған дейін айтқан едік. 

Оқушылар тестілеуден өтіп, лингвист ғалымдарға жаңа әліпбидің орфографиялық мәселелерін анықтауға көмектесті.

Қазақстанның барлық өңірлерінен жазғы демалыстарын "Балдәурен" оқу – сауықтыру орталығына өткізуге келген 300-ге жуық оқушы латын графикасындағы қазақ тілінің жаңа емле ережесінің пилоттық жобасын апробациялауға қатысқан еді. Оқушылар тестілеуден өтіп,  лингвист ғалымдарға жаңа әліпбидің орфографиялық мәселелерін анықтауға көмектесті. Тапсырмалар жинағы алты парақтан тұрады. Басында сауалнамалық мәліметтерді толтыру қажет.  Жинақтың бірінші тапсырмасы оқушыға оның пікірі бойынша қазақ сөздерін латын қаріпіндегі ыңғайлы және дұрыс нұсқасын  таңдауды, сондай-ақ ұсынылған "дұрыс" және "икемді" деген сөздерді екі  нұсқада жазуды ұсынады. Сондай-ақ, оқушылар  өздеріне ұнаған нұсқадағы сөздерді және  оларды латын қаріпінде де, кирилицада да жаза алады. Жинақтың соңғы парағы оқушылар өздерінің ескертулерін  жазу үшін қалдырылған.

Сондай-ақ, жаңа емле ережелері сынамасы Қарағандыда өтіп жатқаны туралы осыған дейін хабарланған болатын. Сынамаға Абай, Саран, Теміртау, Шахтинск қалаларындағы барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, ЖОО студенттері қатысты. Сынаққа жалпы саны 250-ге жуық адам қатысты, оның ішінде жартысынан көбі басқармалардың  қызметкерлері болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында: "Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен ғана емес, адамдарының бәсекелік қабілеттілігімен айқындалады" деп атап көрсетті. Бүгінгі таңда үш тілді білу – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Мұның негізгі  мақсаты бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру болып табылады.

Жазу –  ұлттың тарихы, ұлт мәдениетінің таңбаланған жәдігері. Жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғамдық өмірінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени деңгейіне әсер ететінін ескерсек, жаңа әліпбидің емле ережелері жазбаша тіл мәдениетін қалыптастыруға қызмет ететіні сөзсіз. Оның айқын дәлелі бүгінгі латын графикасына негізделген  жаңа емле ережелері  жобасын  сынамадан өткізу болып табылады.

Жаңа емле ережелері сынамасы Өскеменде де жалғасты. Сынамаға  Өскемен,  Риддер, Зырянь, қалаларындағы барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, ЖОО студенттері қатысты. Сынаққа жалпы саны 150 адам қатысты, оның ішінде жартысынан көбі басқармалардың  қызметкерлері.

Сондай-ақ, латын графикасына негізделген емле ережелерінің сынамасы Қызылорда облысында да өтті. Сынамаға Қызылорда облысының барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері мен әскери қызметшілер қатысты. Сынаққа жалпы саны 500 адам қатысты.

`