Пайдаланар әлеует мол

Пайдаланар әлеует мол

11 қаңтар, 16:51 4019 Ақтөбе облысы
Пайдаланар әлеует мол

Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Жұмағазиев Ақтөбе өңіріне депутаттық іссапарын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын насихаттаумен жалғастырды, деп хабарлайды  BNews.kz.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі М.Жұмағазиев Жолдау басымдықтарын насихаттау және түсіндіру бойынша алғашқы кездесуін облыстың ауыл шаруашылығы, жер қатынастары салаларының өкілдерімен кездесуден бастады.

Кездесуге сонымен қатар облыстың ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері де қатысты.

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында елімізді дамытуға арналған Елбасы Жолдауы алдымызда тұрған іске асырылуы тиіс 10 негізгі міндетті айқындап берді», - деді М.Жұмағазиев.

Жолдаудағы негізгі он міндетті атап өткен сенатор соның ішінде, Үшінші міндет - «Ақылды технологиялар» - агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндіктеріне тоқталды.

«Агроөнеркәсіп кешенінің алдына айқын мақсаттар қойылды. Бұдан былай қайта өңдеудің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Ол үшін ауыл шаруашылығында ғылым жетістіктерін батыл енгізуді қолға алуымыз керек. Бұл орайда, біздің өңірде ғана емес, тұтастай еліміздің әлеуеті зор екені белгілі. Әсіресе, еліміздегі аграрлық жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас жасаудың тиімді жолдарын пайдалана білсек, жаңа технологияларды трансферттеуге де мүмкіндік аламыз. Осы және агроөнеркәсіп кешені жөнінде Жолдауда белгіленген міндеттерді толық іске асырғанда ғана алдағы бес жылдықта бұл саладағы еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есе арттыруға қол жеткіземіз», - деді Мұхтар Жұмағазиев.

Кездесу барысында оған қатысушылар шаруашылықтарды кооперациялау, оларға жан-жақты қолдау көрсету, «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін әлемге таныту және субсидия жөнінде өз пікірлерін ортаға салды.

Сенатордың өңірдегі агроөнеркәсіп кешені өкілдерімен кездесуі сала туралы ой бөлісуге, өзара пікір алмасуға және кейбір түйінді мәселелер бойынша оң шешім қабылдауға ықпал етті.

`

Серіктестер жаңалықтары