Сағынтаев Қарағанды облысының бизнес өкілдерімен Жолдауды іске асыру мәселелерін талқылады

26 сәуір, 2018, 11:47 3239 Қарағанды облысы
Сағынтаев Қарағанды облысының бизнес өкілдерімен Жолдауды іске асыру мәселелерін талқылады

 

Облыста қазіргі таңда шамамен 6 мың жұмыс орнын құрумен 26 жаңа инвестициялық жоба және 48 өңірлік деңгейдегі жоба іске асырылу сатысында тұр.

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары "Сарыарқа" АЭА аумағында Мемлекет басшысының "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша облыс активімен, ірі және шағын бизнес өкілдерімен өткен кездесумен аяқталды, деп хабарлайды  BNews.kz.

Премьер-министрдің ресми сайтының хабарлауынша, Бақытжан Сағынтаев кездесуді ашу барысында өңірге Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Президенттің Жолдаулары мен "Бес әлеуметтік бастамасын" іске асыру аясында облысты дамыту барысымен танысу мақсатында жұмыс сапарымен келгенін айтты.  

Қарағанды — еліміздің ең ірі өндірістік орталығы. Өңірдің ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіп үлесі 50% құрайды. Өңірдегі көптеген өзекті мәселелерді, Президенттің "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" Жолдауын іске асыру барысын қарап, облысты дамытудың бүгінгі және келешектегі бағдарларын анықтау қажет. Бірлесіп экономикалық өсім, кәсіпкерлікті дамыту және басқа да мәселелерді талқылау қажет.

Өңірде экономикалық өсімнің жаңа моделі қалай қалыптасып жатқаны, экономиканың жаңа сервистік секторлары қалай дамып жатқаны, кадр ресурстарын басқару қалай жүргізілетіні, бәсекеге қабілеттілікті арттыру мәселелері қалай шешілетіні және мұндай бизнестің рөлі қандай екені туралы облыс әкімі Е. Қошанов баяндады.

Облыста қазіргі таңда шамамен 6 мың жұмыс орнын құрумен 26 жаңа инвестициялық жоба (әрқайсысы бір миллиард теңгеден асады) және 48 өңірлік деңгейдегі жоба іске асырылу сатысында тұр. Инвестициялық жобаларды іске асыру таяу жылдары өңір экономикасына 1,3 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Облыс әкімінің айтуынша, жаңа жобалардың басым бөлігі — жоғары еңбек өнімділігі бар өңдеуші кәсіпорындар, олар, әдетте, өнеркәсіптік интернетпен жабдықталған алдыңғы қатарлы жабдықтарды қолданады.

Сонымен бірге жаппай цифрландыру кадр әлеуетінің бейімделуін, сондай-ақ жұмыстан босатылған адамдарды еңбекпен қамту шараларын қабылдауды талап етеді. Бір жыл ішінде облыс экономикасының барлық салаларында шамамен 10 мың жаңа жұмыс орнын, оның ішінде 6 мыңын тұрақты жұмыс орны ретінде ашу көзделген. Бұдан өзге, 104 мың адам компьютерлік сауаттылыққа оқытылады, бұл халықты тұрмыстық және әлеуметтік салаларда цифрландыруды енгізуге дайындайды.

Өңірде шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде қабылданған шаралар туралы баяндай отырып, Ерлан Қошанов өндіріс көлемі алғаш рет триллион теңге деңгейіне жақындағанын атап өтті. Бір жыл ішіндегі өсім 12% құрады. Сонымен бірге, бизнесті жүргізудегі әкімшілік кедергілерді азайту жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы тексерістер саны 20%-ке қысқартылды, осы жылдың аяғына қарай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тағы 30%-ке қысқарту жоспарланған.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өнеркәсіп пен жүйе құрушы кәсіпорындарды цифрландыру туралы айтып берді. Кәсіпорындарды цифрлық технологияларды енгізуге ынталандыру мақсатында Индустрия 4.0 технологиялары бойынша өз шешімдерін және құзыреттерін дамытуға, нормативтік реттеуді жетілдіруге, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, қаржылық және басқа ынталандыру түрлеріне бағытталған шаралар әзірленді.

Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда цифрлық технологияларды енгізуге салыстырмалы түрде жақсы дайындалған тау-кен саласы болып табылады. 2025 жылға дейін жүйе құрушы кәсіпорындар 14 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр, олардың әрқайсысы бойынша егжей-тегжейлі жүзеге асыру жоспарлары бар.

Қарағанды облысында төрт цифрландыру жобалары іске асырылуда: "Қазақмыс" корпорациясының екі жобасы — "Жомарт кенішінде жұмысшылар мен көлікті орнықтырудың ақпараттық жүйесін енгізу" және "Нұрқазған цифрлық өндірістік кешені", олар еңбек қауіпсіздігі мен жұмыс тиімділігін арттырып, еңбек өнімділігін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және өнім сапасын арттыруға, өндірістің толық есебін жүргізуге мүмкіндік беретін MES-жүйесін енгізу жөніндегі "АрселорМиттал Теміртау" жобасы. Сондай-ақ, "ҚазМырыш" жылына 5 млн тонна қуаттылығы бар "Жәйрем" кен орнындағы полиметалл кендерін өңдеуге арналған жоғары автоматтандырылған байыту фабрикасының құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова жұмыс орындарын ашу, халықты Өнімді жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыру туралы мәлімдеді.

Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саясатын іске асырудағы облыстың рөлі мен міндеттері, бизнесті дамыту туралы ұлттық экономика бірінші вице-министрі Р. Дәленов баяндады. Қарағанды облысында еліміздің ЖІӨ-нің 8%-тен астамы өндіріледі. Жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша облыс Қазақстанда төртінші орында тұр, ол бес жыл ішінде 2,4-тен 3,7 трлн теңгеге дейін артты. 2017 жылдың қорытындысы бойынша ЕАЭО елдеріне экспорттау көлемі бойынша облыс бірінші орында тұр ($1,4 млрд немесе ЕАЭО елдеріне экспорттың жалпы көлемінің 27,1%). Жылдық өсім 90% құрады.

Кәсіпкерлікте 2025 жылға дейінгі негізгі мақсаттар - ЖІӨ-дегі ШОБ үлесін 30%-ке дейін жеткізу. Сәйкесінше, Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша Қарағанды облысындағы ШОБ 1,8 есеге артуы тиіс. Өңірде шағын және орта бизнесті дамыту үшін Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы мен "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламалары іске асырылуда. Бұдан өзге, "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы", атап айтқанда, шағын несие беруді көбейту және салық ауыртпалығын төмендету кәсіпкерлікті дамытуға елеулі әсер етеді.

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов өңірдегі жаппай кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері туралы айтып берді.

"Тау-Кен Самұрық" АҚ басқарма төрағасы М. Тұрмағамбетов, "ҚазМырыш" ЖШС бас директоры А. Хмелев, "Арселор Миттал Теміртау" АҚ директорының орынбасары Р. Айер, "Maker" ЖШС атқарушы директоры А. Нарежнев өнеркәсіпті цифрландырудың еңбек өнімділігіне ықпалы, сондай-ақ технологиялық революция мәселелері төңірегінде сөз сөйледі.

Мәселені талқылауды қорытындылай келе, Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің бизнеспен жемісті жұмыс істеуге ашық екенін атап өтті. Үкіметті аймақтағы ірі және орта кәсіпкерлік субъектілерінің, жүйе құрушы кәсіпорындардың Индустрия 4.0 элементтерін енгізу арқылы қалай жұмыс істейтіні, облыс әкімдігімен қарым-қатынастарын қалай құратыны қызықтырады.

Барлық жерлерде, соның ішінде Қарағанды облысындағы кәсіпорындарда жүргізіліп жатқан цифрландыру жұмысшылардың босатылуына әкелетіні сөзсіз. Оларды қайта даярлап, жұмысқа орналастыру қажет.

Мәселені шешу үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Премьер-министр бүгін өңірге жұмыс сапары аясында барған Қарағанды политехникалық колледжін мысалға келтірді. Мамандарды даярлайтын база бар. Жаңа экономикаға қажетті мамандарды өзімізде дайындауға болатыны анық.

Сондай-ақ, жұмыстан босатылғандар үшін жақсы орын — шағын және орта бизнестің дамуы болуы керек. Осында ресурстарды бағыттап, осы салада жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Мемлекет басшысының шағын несие беруді көбейту жөніндегі Төртінші әлеуметтік бастаманы жариялағаны кездейсоқ емес. Бұл ШОБ қолдаудың маңызды элементі, деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Талқыланған мәселелер бойынша министрлер мен облыс әкімдігіне тиісті тапсырмалар берілді.

`