Сенат депутаттары Президент Жолдауын талқылады

15 қаңтар, 2018, 09:48 3264 Батыс Қазақстан облысы
Сенат депутаттары Президент Жолдауын талқылады

Сенат депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысына жұмыс бабындағы сапары аясында Ақжайық ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды BNews.kz ҚР Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Чапаев ауылындағы аудандық аурухана қызметкерлерімен, мұғалімдермен және жастармен әңгіменің басты тақырыбы Президент Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» халыққа Жолдауы болды.

Сенаторлар Жолдаудың мазмұнын ауыл тұрғындарына түсіндірді және қойылған сауалдарға жауап берді. Халық қалаулылары еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткен табыстары мен әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жөніндегі атқарылған жұмыстарға, индустрияландыру және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне тоқталды.

Депутаттар одан басқа жаңа Салық кодесінің негізгі ережелері, «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң және Парламент 2017 жылы қабылдаған басқа да маңызды заңдар жайында әңгімеледі.

Кездесуге қатысушылар депутаттарға аудандағы өзекті мәселелер туралы айтты. Ауыл тұрғындары өздерін толғандыратын, атап айтқанда тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қызметі, баланы күтуге арналған жәрдемақыны төлеу мәселелері туралы сауалдар қойды. Азаматтар дәрігерлік емдеу мен коммуналдық қызметтердің бағасы өсіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Оқушылар мен мұғалімдер Е.Мұқаев пен Н.Төреғалиевқа ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастыру туралы өтініш айтты. Сенаторлар аудан үшін өзекті мәселелер бойынша депутаттық сауалдар әзірлеп, тиісті мемлекеттік органдарға жолдауға ниеттеніп отыр.

Парламентшілер ауылдың күнделікті өмірімен танысып, «Арулар әлемі» жаттығу залында және «Өркен» орталығында, сондай-ақ басқа да әлеуметтік инфрақұрылым нысандарында болды.

`