Елбасының әлеуметтік бастамалары халық мұқтажына бағытталған - Божко

30 наурыз, 2018, 15:16 4024 Қызылорда облысы
Елбасының әлеуметтік бастамалары халық мұқтажына бағытталған - Божко

Шара барысында Вице-спикер Елбасының батыл саяси қадамдарының жемісі туралы баяндады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары В. Божко бастаған Мәжіліс депутаттары Қызылорда облысының Қызылорда қалалық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері мен ұстаздармен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Іс-шарада Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы туралы баяндалып, облыс әкімінің орынбасары  Рүстемов облыстағы оң өзгерістер туралы айтты. Шара барысында Вице-спикер Елбасының батыл саяси қадамдарының жемісі туралы және әлеуметтік бастамалардың халықтың мұқтажына бағытталып отырғанын атап өтті. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Н. Жұмаділдаева ұстаз мәртебесінің артуы білім саласына оң серпіліс беріп, білім гранттары санының өсіп, студенттерді жатақханамен қамту мәселесінің заңнамалық негізін, оның ішінде Парламент Мәжілісінде Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, Заң жобасының жасақталуына тоқталды.

Сонымен қатар, шара барысында Мәжіліс депутаттары Б. Кесебаева, А. Ералиев, К. Абсатиров салық саласындағы өзгерістер, кәсіпкерлерге қолдау мен халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Депутаттардың өңірдегі сапары барысында Қызылорда қаласындағы Достық үйінде Мәжіліс депутаттарының облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелерімен кездесуі болып өтті.

Божко елдегі саяси тұрақтылық пен этносаралық татулықтың елдің тұрақты дамуындағы рөлін атап өтсе, Депутат Жұмаділдаева білім саласындағы тың өзгерістер жайлы сөз қозғап, Елбасының "Бес әлеуметтік бастамасынын" жүзеге асыру алғышарттарын нақтылады. Шара соңында Мәжіліс депутаттары мен жергілікті атқарушы орган өкілдері жиналған қауымның ұсыныстарын зерделеп, оларды жүзеге асыру бойынша жұмыс атқаратындықтарын жеткізді. 

`