ІТ-сыныптарда білім алған жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасалуы тиіс – Әшімбаев

25 тамыз, 2018, 10:45 7713
ІТ-сыныптарда білім алған жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасалуы тиіс – Әшімбаев

ІТ-орталықтар кәсіби біліктілігін күшейтіп, заманға сай мамандықты меңгергісі келген кез келген қазақстандық үшін беріліп отырған үлкен мүмкіндік.

"Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев арнайы сапармен Шығыс Қазақстан облысына келді, деп хабарлдайды BNews.kz тілшісі. Сапар барысында ол Президенттің бес әлеуметтік бастамасының және жаңа партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысына бақылау жүргізіп, атқарылған жұмыс барысымен танысты. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев шығысқазақстандық ұстаздар қауымымен, "7-20-25" бағдарламасының қатысушыларымен және мемлекеттен шағын несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған жергілікті кәсіпкерлермен кездесті.

Мектеп мұғалімдерінің дәстүрлі тамыз мәслихатына қатысқан Партия төрағасының бірінші орынбасары ұстаздар алдында сөз сөйлеп, "Нұр Отанның" партиялық жаңғыру аясында білім беру ісіне қатысты бірқатар тың бастамаларды қолға алғанын айтты. Соның ішінде мектеп оқушыларының жаңа ақпараттық технологияларды меңгеріп, білімін жетілдіру үшін партия тегін ІТ-сыныптар жобасын жүзеге асырып жатқанына ерекше тоқталып өтті. Одан бөлек, партиялық жобалардың қатарында жастардың дұрыс тамақтануына және салауатты өмір салтын ұстануына бағытталған мектеп асханалары мен спорт алаңдарын жаңғырту ісі де бар. Жас буынның білімге деген кұштарлығын қалыптастыру да назардан тыс қалмады. Осы бағытта да арнайы жоба қолға алынып отыр.

"Партия Елбасының тапсырмасына сәйкес өз қызметін жаңғырту жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Осы бағытта білімді ұрпақ тәрбиелеу ісіне де қатысты көптеген жобаларды қолға алдық. Соның ішінде мектеп оқушыларына болашақтың мамандықтарын оқыту мақсатында ІТ-сыныптар ашу ісін жүргізіп жатырмыз. Одан бөлек, жастарымыздың дұрыс тамақтанып, саламатты өмір салтын ұстануын да партия басты назарда ұстап отыр. Осындай игі істерді табысты жүзеге асыруда ұстаздар қауымының да рөлі ерекше екені сөзсіз", – деді Мәулен Әшімбаев.

Партияның қолдауымен жаңа оқу жылында облыс мектептерінде 277 ІТ-сынып ашылады деп жоспарланып отыр. Онда оқушылар веб-дизайн, робот техникасы, мехатроника, бағдарламалау негіздері және 3D модельдеу бойынша тереңдетілген білім алмақ. Мәулен Әшімбаев Өскемен қаласындағы №46 мектепте ашылған осындай сыныптың біріне арнайы барды. Жалпы алдағы үш жылда еліміз бойынша партияның бастамасымен 1000-нан астам тегін ІТ-сынып ашылып, онда жылына 150 мың жас қазақстандық цифрлық бағытта білімдерін жетілдіретін болады.

Мектеп оқушыларынан бөлек, ересек азаматтарға да цифрлық сауаттылықтарын арттыруға мүмкіндік қарастырылған. Осы мақсатта "Нұр Отан" партиясы ІТ-орталықтар ашып, қазақстандықтарды оқыту жұмыстарын бастап кетті. Бұл игі іс те жаңа партиялық жобалар аясында жүзеге асырылып жатыр. Өскемен политехникалық колледжінде ашылған осындай ІТ-орталыққа арнайы барған Мәулен Әшімбаев ондағы оқыту технологиясын бақылап қайтты. Аталған орталықта жергілікті жұмыссыз азаматтар бағдарламалау негіздерін меңгеріп, инженерлік графика, видео монтаждау, дербес компьютерлерді диагностикадан өткізіп, жөндеу және робот техникаларымен жұмыс істеуге машықтанып, білім алуда. Бұл ІТ-орталық өз түлектерін жұмыспен қамту үшін жергілікті жұмыс беруші компаниялармен, кәсіпорындармен және атқарушы органдармен тығыз байланыста. 

Бұл жобалардың еліміздің цифрлы экономикасын дамытып, бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін жасалған қадам екенін айтқан Мәулен Әшімбаев елімізге ақпараттық технологияны еркін меңгерген білікті мамандар аса қажет екенін тілге тиек етті.

"Нұр Отан" партиясы осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, Үкіметпен, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Бұл бастамаларды партияның "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасының жүзеге асырылуына қосқан нақты үлесі деп айтуға да толық негіз бар. Алдағы уақытта ІТ-сыныптарда білім алған жастардың түрлі олимпиадалар мен халықаралық жарыстарға қатысып, жан-жақты дамуына жағдай жасалуы тиіс. Ал ІТ-орталықтар кәсіби біліктілігін күшейтіп, заманға сай мамандықты меңгергісі келген кез келген қазақстандық үшін беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Партия орталық түлектеріне қолдау көретіп, олардың "Астана Hub" арқылы өзінің стартаптарын жүзеге асыруына да көмектесетін болады", – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Сонымен қатар партияның мектеп асханаларының жұмысын жаңғырту жобасын жүзеге асыру ісіне де белсене кіріскенін айта кеткен жөн. Бұл бастама жастардың дұрыс тамақтануын қалыптастыруға бағытталған. Осы игі істі жүзеге асыру үшін қазірдің өзінде өңірде 10 мектеп анықталған. Оның 5-еуі Семей қаласында орналасса, қалған 5-уі – Өскеменде. Одан бөлек, дұрыс тамақтану мәселесіне байланысты өңірде тамақ комбинатын ашу жұмыстары да қарастырылып жатыр.

Партияның мектеп спорт алаңдарын заманға сай қайта жабдықтау, ауыл балаларына ағылшын тілін үйрету, дәстүрлі кітапханаларды заманауи нағыз білім орталықтарына айнадыру жобалары да білім беру ісіне тікелей қатысты бастамалар екені сөзсіз.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев Пушкин атындағы облыстық кітапханада ашылған коворкинг орталыққа барды. Мұнда келушілердің кітап оқып қана қоймай, жайлы демалысы үшін де барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ кітапханада оқырмандардың "Электронды үкімет" жүйесінің жұмысы бойынша тренингтер мен бағдарламалау және дизайн негіздері жөнінде тегін дәрістерге қатысуға да мүмкіндік қарастырылған. Мұнда балалардың шығармашылық қабілеттерін шыңдайтын түрлі үйірмелер, қазақ тілінің жаңа алфавтін оқыту орталығы, пікірталас клубы және шет тілдерін оқытатын курстар тұрақты жұмыс істейді. Кітапханада мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдай жасалғанын ерекше атап өткен жөн. Яғни мұнда көзі нашар көретін жандарға арналған арнайы оқу залы мен саусақ буындарын дамытатын шеберлер мектебі бар. Сурет салу, тоқыма сияқты қолөнер түрлері бойынша да тренингтер мен сабақтар өткізу ісі жүйелі жолға қойылған.

Елбасы, партия Төрағасының барша нұротандықтардың алдына қойған басты міндеттерінің бірі Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылу барысына қоғамдық бақылау жүргізу екені белгілі. Соған байланысты Мәулен Әшімбаев шығыс өңірге сапары кезінде осы бағыттағы жұмыстарды да бақылап қайтты. Атап айтқанда, ол баспаналы болу үшін жеңілдікпен несие алған "7-20-25" бағдарламасының қатысушыларымен және екінші деңгейлі банк филиалдарының басшыларымен кездесті. Осы бағдарлама жарияланғалы бері еліміз бойынша жалпы сомасы 18,6 млрд. теңгені құрайтын 1,5 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Соның ішінде Өскемен "7-20-25" бағдарламасын жүзеге асыруды сәтті бастаған қалалардың бірі екеніне айрықша назар аударған жөн. Қазірдің өзінде мұнда "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша "Самұрық Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ, "Бәйтерек Девелопмент" АҚ және басқа да жеке құрылыс компаниялары салған 431 пәтер пайдалануға беруге дайын. Жыл соңына дейін тағы 798 пәтер дайын болады деп күтілуде.

"Қазіргі кезде баспана ең өзекті мәселелердің бірі екені сөзсіз. "7-20-25" бағдарламасы сол мәселені тиімді шешуге бағытталған маңызды бастама. Әсіресе жас отбасылар үшін үлкен мүмкіндік. Баспананы кез келген отбасы үшін болашаққа салынған инвестиция десек те, артық емес. Осылайша Елбасы барша қазақстандықтардың үйлі болуына даңғыл жол ашып, ипотекалық несиелердің қолжетімділігін қамтамасыз етіп отыр. Осы сапар нәтижесінде бес бастаманың Шығыс Қазақстан облысында табысты жүзеге асырылып жатқанына куә болдық. Алдағы уақытта да партия бұл жұмыстарды бақылауды жалғастыра береді", – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Елбасының бес әлеуметтік бастамасының тағы бірі – шағын несие беруді көбейту. Осы бастаманың облыста қалай жүзеге асырылып жатқанын қадағалау үшін Мәулен Әшімбаев Шығыс Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барды. Ол жерде өз ісін өркендету үшін шағын несие алып, жұмыс істеп отырған кәсіпкерлермен кездесіп, Президент бастамасының маңыздылығына назар аударды. Бүгінде облыс бойынша шағын несиені көбейту үшін қосымша 1,7 млрд. теңге бөлінген. Ал қаржыландырудың жалпы көлемі 4,9 млрд. теңгені құрап, нәтижесінде 377 адам қолжетімді шағын несие алған.

Кәсіпкерлермен кездесуінде "Нұр Отан" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған партиялық жобалар туралы айтып берді.

"Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында шағын несие беруді көбейту бағдарламасының жүзеге асырылуы партияның үнемі басты назарында. Жалпы шағын және орта бизнесті дамыту партия басымдықтарының бірі болып табылады. Осы бағытта "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және әкімдіктермен бірлесіп бірқатар жобаларды қолға алдық", – деген Мәулен Әшімбаев онлайн түрде ұлттық бірыңғай геоақпараттық қызмет көрсететін порталдың жұмысын кеңінен түсіндірді.

Бұл портал арқылы кәсіпкерлер бос жер телімдері туралы толық ақпарат алуға қол жеткізеді және ол барлық қолданушыға қолжетімді болмақ.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев партияның Президенттің бес әлеуметтік бастамасына қоғамдық бақылау жүргізуді одан әрі жандандыра түсетінін айтты. Соған байланысты республикалық және аймақтық қоғамдық кеңестер, арнайы жұмыс топтары құрылғанын және партияның nurotan.kz ресми сайтының "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" бөлімінде жаңа "100 сұрақ – 100 жауап" айдары ашылғанын жеткізді.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Шығыс Қазақстан облысы #Нұр Отан партиясы #Мәулен Әшімбаев #Президенттің бес бастамасы

Читайте также

Похожие новости