Президенттің әлеуметтік бастамалары ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады

Президенттің әлеуметтік бастамалары ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады

05 сәуір, 2018, 12:10 4247
Президенттің әлеуметтік бастамалары ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады

ҚР Парламент Сенатының  депутаттары Президенттің бес әлеуметтік бастамасының басымдылықтарын түсіндірді.

Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Жұмағазиев Ақтөбе облысындағы Қарғалы ауданының тұрғындарымен кездесті. Ол Шәмші Қалдаяқов атындағы ауыл клубында жергілікті тұрғындармен кездесті деп хабарлайды BNews.kz

Парламент Сенаты баспасөз қызметінің  хабарлауынша, шара барысында М. Жұмағазиев Президенттің бес әлеуметтік бастамасының негізгі басымдықтарын түсіндірді. Ол тұрғын үй сатып алудағы жаңа мүмкіндіктерге, білім алудың сапасын арттыру және салық ауыртпалығын төмендету мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Депутат кәсіпкерлікті жаппай дамытуға назар аударды. Елімізді газдандыру  мәселелері туралы айта келіп, оның қажеттігін атап өтті. Оған Қарғалы ауданындағы бірнеше елді мекендерді газбен қамтамасыз ету тәжірибелері жақсы мысал болады. 

М. Жұмағазиев Мемлекет басшысының үндеуін түсіндірумен қатар Парламент Сенатында атқарылып жатқан ауқымды істер туралы да хабардар етті. Ауыл тұрғындары кездесу барысында зейнетақының жаңа жүйесін  енгізу, ауылдық жерлерге жас мамандырды тұрақтандыру мақсатында жалға  берілетін тұрғын үй құрылысына қатысты сауалдар қойды. Сапар барысында депутат "Бөбек" сәбилер бақшасына болып, тәрбиешілер мен ұстаздар қауымымен әңгімелесті.

М. Жұмағазиев Қос Естек ауылында болып, жергілікті тұрғындардан сүт сатып алатын "Қос Естек" ауыл шаруашылығы кооперативінің жұмысымен танысты. Кәсіпорында қуаты 4 тонна сүт қабылдау бекеті, сүт тасушы автомобилі, жалпы саны 87 мүйізді ірі қара малы бар. Олар ауылдық жерде кәсіпкерлікті табысты жүргізіп келеді. Өткен жылы сүт өңдеу цехы 1 тонна ірімшік, сүзбе, қаймақ және май өндіріп, Ақтөбе қаласының базарларына жеткізілді. Сенат депутаты Мұхтар Жұмағазиевтың жұмыс сапары Мұғалжар ауданында одан әрі жалғасты. Халық қалаулысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, аудан активімен, сондай-ақ  кәсіпкерлермен, шаруа қожалықтарының иелерімен кездесу өткізді. Жүздесулерде Елбасының бес әлеуметтік бастамасының мән-маңызы жан-жақты түсіндірілді. Тұрғын үй алу мен шағын несие алудағы, жоғары білім алудағы, салық ауыртпалықтарын төмендетудегі жаңалықтар айтылды.

Депутат Қандыағаш қаласындағы жаңадан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйдің құрылысында болды, бірқатар әлеуметтік ғимараттарды аралап, халықпен кездесті. Жеке кәсіпкер Қуандық Төлегеновтің табиғи ауызсу шығаратын және "Қандыағаш Коммерц Групп" ЖШС иелігіндегі шұжық өңдеу цехтарында болған кезде сенатор өндіріс кешенімен танысып, еңбек ұжымымен кездесті. Аудандық жұмыспен қамту орталығы мемлекеттік мекемесінде, Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжінің биыл ашылған жатақханасында болды. Қандыағаш қаласындағы №1 орта мектептің ұжымымен сұхбаттасты.

Ал, Парламент Сенатының депутаты Манап Көбенов Қашыр ауданының активімен кездесіп, Бес әлеуметтік бастаманың мән-маңызын түсіндірді. Сенатор өз сөзінде Мемлекет басшысының үндеуіндегі бес басымдықтың біздің еліміз экономикасының барлық саласын қамтитынын айта келіп, барша қазақстандықтардың негізгі сұраныстарына жауап беретінін атап өтті.

"Өзіне жеке тұрғын үйін сатып алу көптеген қазақстандықтар үшін ең маңызды мәселе болып табылады.Несиенің сыйақы  мөлшері қазіргідей 14-17 пайыз емес, жылына 7 пайыздан аспайтын болады.  Егерде қазіргі кезде банкілер алғашқы жарнаны 30 пайыз, ал кейде 50 пайызға дейін талап етсе, бұл бағдарлама бойынша алғашқы жарна 20 пайыздан аспауы тиіс. Несие мерзімі 10-15 жыл емес, ай сайынғы төлемді азайту үшін 25 жылға дейін ұзартуға болады. Бұл тұрғын үй алу саласындағы әлеуметтік ахуалды жақсартады", - деді сенатор Көбенов.

Сенатор несие беру көлемін ұлғайту ауылдық жерлерде тұратын адамдм үшін ынталандырудың тамаша шарасы болып табылатынын айтты. Өткен жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш екі есе жоғары. Ол 2018 жылы шағын несие беру көлемі 62 миллиард теңгеге жететінін айтты.

 "Егерде несие алатын әр адам 3-4 адамға жұмыс беретін болса, бұл жақсы нәтиже болғалы тұр", - деді ол.

Манап Көбенов сонымен қатар жиналғандарды жоғары білім беру үшін берілетін гранттар саны көбейетіні және мектеп түлектерін жатақханамен қамтамасыз ету мүмкіндіктері туралы жан-жақты хабардар етті. 

Сондай-ақ, Парламент Сенатының депутаттары Рашит Әкімов пен Дәурен Әділбеков республика аймақтарына жұмыс бабындағы сапары аясында Ақмола облысындағы Целиноград ауданының активімен кездесті. Аудан басшылары, "Нұр Отан" партиясының филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, дербес бөлімдердің және аумақтық басқармалардың басшылары, ауылдық округтердің әкімдері, бұқаралық ақпарттық құралдардың өкілдері қатысқан бұл жүздесуде сенаторлар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" халыққа үндеуін жан-жақты түсіндірді. Депутаттар Сенаттың заң шығару жұмыстары туралы да хабардар етіп, таяуда қабылданған заңдар жайында айтып берді. Жүздесу барысында тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері, білім беру сапасын арттыру, салықтық жүктемені азайту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселелері туралы айтылды. Сондай-ақ жоғары білім беру гранттарын көбейту және студенттерге жатақхана салу туралы да құлағдар етілді. Кездесуге қатысушылар Елбасымыздың бастамаларына қолдау білдіре отырып, аудан тұрғындарын алаңдатып отырған бірқатар сауалдар қойды. Талқылау барысында Елбасының еліміздің газдандыру жөніндегі бастамасы бойынша Целиноград ауданына қатысты мәселелер қозғалып, аймақтағы жолдардың жағдайы сөз болды. Облыстық мәслихаттың депутаты Сағадат Әшебеков интернет желісінің жылдамдығы төмен екендігін айтып, "Цифрлық  Қазақстан"   бағдарламасының  орындалуына  қиындық  туғызатынына тоқталды. 

Ал Қарағанды облысында жұмыс бабындағы сапармен жүрген Сенат  депутаты Владимир Волков Бұқар жырау ауданындағы жергілікті билік органдарының өкілдерімен және ауыл тұрғындарымен кездесті. Сенатор Ростов ауылдық округінде "Киров атындағы өндіріс кооперативінің" нысандарында болды және картоп сақтау қоймасының жұмысымен танысты. Кәсіпорын агрономы К. Сидоренко өндіріс көрсеткіштерімен таныстырып, технологиялық үдерістер мен өнімді өткізудің ерекшелігі туралы айтып берді. В. Волков сонымен қатар Ростов тірек мектебінде болып, осында  жиналған ауылдық округінің активімен және мектеп ұжымымен кездесті.  Жүздесуде Елбасының бес әлеуметтік бастамасы жан-жақты түсіндірілді.  Оқушылары қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін мектепте робот техникасы, әскери спорт кешені және спорт залы бар. Депутат  интернат ғимаратында оқушылардың жағдайымен танысты және диод  шамдарымен жарық берілетін жылыжайда болды.  Сенатор В. Волков сол күні Центральный ауылында болды. Аудан әкімі Ш. Мамалинов пен "А.Ф. Христенко атындағы Қарағанды ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы" мекемесінің директоры Д. Қалдыбаевпен бірге сенатор "Эко Стандарт" мекемесінде және мамыр айында ашу жоспарланып отырған "Қарағанды аграрлық-техникалық оқу орталығында" болды. "А.Ф. Христенко атындағы Қарағанды ауыл шаруашылығы   тәжірибелік станциясы" мекемесінің еңбек ұжымен кездесу барысында отандық агроөнеркәсіп кешеніндегі өзекті мәселелері мен саланың бәсекеге  қабілеттілігін дамыту, денсаулық сақтау, білім беру және тұрғын үймен  қамтамасыз ету жағдайлары талқыланды. Депутат "100 нақты қадам" Ұлт  жоспары мен Мемлекет басшысының "Бес әлеуметтік бастамасы" үндеуінің негізгі бағыттарын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету туралы айтты. 

Сенаторлар Ольга Перепечина мен Ерік Сұлтанов Қазақстан Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын халыққа түсіндіру мақсатында  Солтүстік Қазақстан облысындағы Мағжан Жұмабаев ауданының Булаев қаласының, Возвышенка, Александровка ауылдарында кездесулер өткізді. Жүздесуге қатысушыларды "7-20-25" жаңа бағдарламасының шарттары  қызықтырды. Атап айтқанда, ауылдық жерде тұратындардың тұрғын үйі  болса да бағдарламаға қатысуға бола ма, тұрғын үй құрылысына үлестік  тұрғыда қатысатын болса несие беріле ме, бағдарлама екінші тұрғын үй алуға  қолданыла ма, жинақталған зейнетақы есебінен алғашқы 20 пайыз жарнаны  төлеуге бола ма, деген сауалдар қойылды. Одан басқа, бес бастамадағы шағын несие беру ауқымын кеңейту, облысты келешекте газдандыру мәселелері де қозғалды. Ауыл тұрғындары Александров ауылына баратын жолды жөндеуге қаржы бөлу және Возвышенка ауылындағы су құбырының тармақтарын жаңғырту қажеттігін айтты.  Сенатор  О.Перепечина  "Маслодел" жауапкершілігі  шектеулі серіктестігінің ұжымымен кездесу барысында техника саласының, IT мамандары жетіспейтіні туралы айтылды. Мәселен, сүт және сүт өнімдерін қораптау желісін іске қосатын білікті мамандарға зәрулік бар екені аталып өтілді. Петропавл қаласындағы облыстық ауруханада болған кезде дәрігерлік жабдықтардың жетіспеушілігі туралы мәселе қозғалды. Сенаторлар сапар соңында Петропавл қаласындағы жаңадан салынып жатқан құрылыстарда – Солнечный-2 шағын ауданы мен Оқушылар сарайының құрылысында болды. 

Еліміздің аймақтарына жұмыс бабындағы сапар аясында Сенат депутаттары Бекмырза Еламанов пен Мұрат  Бақтиярұлы Қызылорда облысында болды. Сенаторлар Қызылорда қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, ауылдық округтер әкімдері, құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің қатысуымен кездесу өткізді. Жүздесуде Елбасының "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" атты халыққа үндеуі жан-жақты талқыланды. Сенатор Б. Еламанов Елбасының бастамаларының барлығы ауқымды әлеуметтік шараларды қамтитынын атап өтті.

"Бұл шаралар – Қазақстандықтардың тұрғын үйлермен қамтылуы, жоғары білімге қол жетімділігі және мұқтаж азаматтардың өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған", - деді сенатор.

Сенатор Мемлекет басшысының бастамасын егжей-тегжейлі түсіндірді. Халықтың тұрғын үйлерге қол жетімділігін арттыру, еңбекақысы аз азаматтардың салығының көлемін азайту, жоғары білім алуға қол жетімділігі мен студенттік жатақхана құрылыстарын салу, шағын несие беруді көбейту және газбен қамтамасыз ету мәселелері туралы кеңінен айтылды. Сенатор М. Бақтиярұлы Сенатта атқарылып жатқан заң шығару жұмыстарын туралы хабардар ете келіп, жұмыспен қамту мен көші-қон саясатына тоқталып өтті.

"Елбасымыздың бастамаларындағы маңызды мәселелер өте өзекті және дер кезінде қабылданып отыр", - деді сенатор.

Депутаттардың кездесуінде Елбасының халық үшін қолға алған барлық бастамалары мен бағдарламаларын жүзеге асыруға бағытталған сындарлы саясатын Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттары қолдайтыны және атқарушы билік, қоғамдық ұйымдармен бірлесе табысты үлес қоса беретіні айтылды.

`