"Сылдыр сөз" бен "құрғақ ұран" нақты іске көлеңкесін түсірмеуі тиіс – Тоқаев

"Сылдыр сөз" бен "құрғақ ұран" нақты іске көлеңкесін түсірмеуі тиіс – Тоқаев

23 мамыр, 15:14 5200 Атырау облысы

"Бес әлеуметтік бастаманы" толық көлемде іске асыру – барлық деңгейдегі атқарушы органдардың басты міндеті, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс бабындағы сапармен Атырау облысында болды. Ол аймақ активімен және жұртшылықпен кездесуде Қазақстан күрделі жағдайларға қарамастан халықаралық қауіпсіздікті нығайту, әлемдегі барлық мемлекеттермен достық қатынастарды орнатуға бағытталған сыртқы саясатын дәйекті түрде жүргізіп келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды BNews.kz.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен біздің еліміздің экономикасы мен қоғамдық-саяси саласында ауқымды реформалар табысты жүзеге асып келеді.

"Әлем бізді бейбітшілікті жақтаушы, ұлттың рухын жаңғыртуға ұмтылған, бірлігі берік берекелі ел ретінде таниды", – деді Сенат төрағасы.

Тоқаев Атырау облысын ұлттық экономиканың көшбасшыларының бірі ретінде атап өтті. Аймақтағы жалпы өнімнің, оның ішінде жан басына шаққандағы көлемі, өнеркәсіп өндірісі, шетелдік инвестиция тарту секілді көрсеткіштер бойынша облыс алдыңғы орынды алып келеді. Негізгі донор аймақтардың бірі ретінде облыс республика бюджетіне қомақты үлес қосуда.

Атыраулықтардың жетістіктері туралы айта келіп, Сенат төрағасы Үкіметтің өңірлік саясаты теңгерімді жүргізуі қажеттігін және бюджет кірістерін ұлғайтуға ынталандыру оның басым бағдары болуы тиіс екеніне тоқталды.

Тоқаевтың айтуынша, еліміздің бюджет жүйесі әлі де болса тым "орталықтандырылған" сипатта қалып отыр. Төраға: "Субвенциялық өңірлердің санын азайту, олардың қаржылық дербестігін ынталандыру өңірлік саясаттың басты мақсаты болуы тиіс", - деп санайды. Ол сонымен бірге орталықтағы және жергілікті жерлердегі атқарушы билік органдары әрбір өңірдің әлеуетін ескере отырып, бюджетті толықтыру көздерін анықтап, резервтерін іздестіруі қажеттігіне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев технология, инновация және цифрландыру саласындағы түбегейлі өзгерістерге байланысты ұлттық экономиканың алдында тұрған жаңа міндеттерге жан-жақты тоқталды.

"Мемлекет басшысы өз Жолдауында Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында елдің табысты дамуының жаңа бағытын тұжырымдап берді. Бұл – стратегиялық құжат. Оны іске асыруға баршамыз аса жоғары жауапкершілікпен қарауға тиіспіз, бұл мәселені сөзбұйдаға салып кейінге қалдыруға болмайды. "Сылдыр сөз" бен "құрғақ ұран" нақты іске көлеңкесін түсірмеуі тиіс", - деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ Қазақстан қысқа мерзімде технологиялық жаңғыртуды, инновациялық индустрияландыруды, адам капиталын дамытуды, кәсіпкерлікке нақты қолдау көрсетуді, сонымен қатар базалық салалар болып табылатын аграрлық секторды, көлікті және логистикалық инфрақұрылымды дамытуды қолға алуы тиіс екені айтылды.

Азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі мемлекеттің шаралары туралы айта келіп, Тоқаев Президенттің әлеуметтік бастамаларын, ең алдымен жастар мен жас отбасыларынды қолдауға бағытталған міндеттерді іске асырудың маңыздылығын атап көрсетті.

"Бес әлеуметтік бастаманы" толық көлемде іске асыру – барлық деңгейдегі атқарушы органдардың басты міндеті. Жалқаулыққа, немқұрайлыққа енді төзуге болмайды. Осы стратегиялық маңызды іс тапсырылған тұлғалар халықтың  қатаң бақылауында, қадағалауда болатын болады", - деді Сенат төрағасы.  

Еліміздің жаңаруында жаңа Ұлттық идеологияны қалыптастыратын қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызы зор. Тоқаев "Рухани жаңғыру" бағдарламасы – бұл Қазақстанды  экономикалық, технологиялық жағынан жаңғыртудың идеологиялық тұрғыдан жол көрсететін бағдары ретінде сипаттады.

Төраға өз халқының тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін құрметтейтін рухта тәрбиеленген, прогресс пен инновацияға бейім жаңа буын – қазақ жастары түбегейлі рухани жаңғыруды жүзеге асыратын аса қуатты күш және бұл істе шешуші рөл атқаруы тиіс, деп санайды.

"Батылдықпен алға ұмтылыңыздар, жарқын болашақтың кілті өз қолдарыңызда, еңселеріңізді тік ұстап, әрдайым дем беретін асқақ рухтан ажырамау керек. "Дүниеден түңіліп, қайғыға салыну ой кеселдері қатарынан" - деп ұлы Абай айтқандай, енжарлыққа салынып, күдер үзуге жол бермеу керек", - деді жастарға арналған сөзінде Тоқаев.

Тоқаев Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыруға бағытталған Парламенттің заң шығару қызметі туралы кездесуге қатысушыларды хабардар етті.

"Біз, депутаттар, өз тарапымыздан өңірлердің тиімді дамуына бағытталған бастамаларға қолдау көрсетіп, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды заңнамалық тұрғыдан жетілдіруді қамтамасыз ететін боламыз", - деді Сенат төрағасы сөзінің соңында.

Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында "Атырау мұнай өңдеу зауыты" "Жігермұнайсервис", "АтырауМұнайМаш", "АтырауАгроФеликс", "Caspian Royal Fish" жауапкершілігі шектеулі серістестіктерінде болып, аймақтың экономикалық әлеуетімен танысты.

`

Серіктестер жаңалықтары