Студенттер базардағы лашықтарда тұрып жатыр – Елбасы

01 маусым, 2018, 16:49 5792 Астана
Студенттер базардағы лашықтарда тұрып жатыр – Елбасы

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында бес әлеуметтік бастама шеңберіндегі студенттерге арналған қосымша 75 мың орындық жатақхана құрылысы туралы айтты.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барлық мемлекеттік органдардың басшыларын бес әлеуметтік бастаманы орындауға айрықша мән беруге шақырды, деп хабарлайды BNews.kz. Студенттер үшін 75 мың орынға арналған жатақхана ғимараттарын салу бағытына ерекше назар аударылды. Елбасы елордаға білім алуға келген студенттердің жағдайына тоқталды.

"Неге менде осындай идея пайда болды? Қаланы аралау кезінде Астана студенттері базардағы лашықтарда тұрып жатқанын көрдім, яғни тек түнеп шығу үшін осындай жерлерге барады. Ондай жерлерде сабақ оқуға немесе жуынуға ешбір жағдай жасалмаған. Сәйкесінше, ол қандай білім алады?  Мұндай жағдай осында ғана емес, сонымен қатар өзге жерлерде болуы мүмкін. Атап айтқанда, елордада ата-анасымен бірге тұратын студенттер бар, сонымен қатар өзге өңірлерден білім алу үшін қалаға келетіндер де аз емес. Сондықтан да білім алу үшін қолайлы жағдайларға қол жеткізу - біздің жастар үшін үлкен игілік", - деді Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.

Сонымен қатар Президент жазғы кезде студенттердің өздерін құрылысқа тарту керектігін айтты. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаевтың айтуынша, жатақханаларда 2019 жылы 5 мың орын, 2020 жылы 15 мың жаңа орын пайдалануға беріледі.

"Біз пәтерлерді баспанасы жоқ жастар алғанын қалаймыз. Бұл бағдарламаны пәтерсіз жүргендерге арналып отыр. Сондықтан да осы бағыттағы жұмыстар кімге және не үшін жасалып жатқанын барша қоғамға түсіндіру қажет. Тиісті есептеулер жасалды, отбасының екі мүшесі жұмыс істеген кезде ешқандай қиындық жоқ. Ипотекалық несие 7 пайыздан аспайды", - деді Елбасы

"7-20-25" бағдарламасы жайында айта келе. Мемлекет басшысы осыған дейін тұрғын үй бағдарламалары бойынша бастапқы жарнаны баспана құнынан 50 пайыз көлемінде талап еткенін, ал қазір тек 20 пайыз екенін атап өтті. Сонымен қатар несиені беру мерзімі бүгінде 25 жылға созылып отыр.

"Барлық партия мүшелері, әкімдер бағдарлама аясында тиісті шараларды бақылауға алып, қажетті жұмыстарды лайықты деңгейде іске асыруы тиіс. Яғни баспана кімге қажет болса, сол алуы тиіс.", - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы тұрғын үй бағдарламасын іске асыру құрылыс саласындағы қарқынды арттыратынын, осы салада бизнес даму мүмкіндігіне ие болатынын жеткізді.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаев Президенттің алғашқы бастамасы әр отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру туралы баяндады.

"Бірінші бастама – әр отбасыға баспаналы болуы үшін жаңа мүмкіндіктер беру. Ұлттық бағдарлама "7-20-25" ипотекалық кредиттеу бағдарламасының концепциясы бойынша қабылданды. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап осы бағдарлама бойынша банктер тікелей несиелеуді бастайды. Бағдарламада ипотекалық тұрғын займы теңгемен және қосымша комиссиясыз, займ жинағынсыз беріледі", - деді Еболат Досаев.

Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында сенатор Бақытжан Жұмағұлов Бес әлеуметтік бастаманы іске асыруда қоғамдық бақылау қолға алынғанын айтты.

"Еліміз үшін ерекше маңызы бар, халықтың кемел келешекке деген сенімін нығайтқан Бес әлеуметтік бастамаңыз елде үлкен үмітпен қабылданып, қолдау тауып жатыр. Осы игі істі бақылауды "Нұр Отан" партиясына тапсырдыңыз. Бұл әрбір нұротандыққа деген үлкен жауапкершілік пен сенім деп білеміз. Осыған орай, қоғамдық кеңес құрылып, өз жұмысын бастады. Бізге жүктелген мақсат-міндеттер айқын әрі анық. Ең бастысы міндетіміз - бастамаларды тиімді жүзеге асыру үшін партияның және қоғамның белсенді күштерін жұмылдырып, мемлекеттік органдарға жан-жақты көмек көрсету. Сондықтан, Қоғамдық кеңеске ауқымды міндеттер жүктеліп отыр", - деді Бақытжан Жұмағұлов.

Осы бағытта Бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асуына қоғамдық мониторинг және бақылау жасап, үйлестіру, әлеуметтік бастамалардың жүзеге асырылуы туралы ақпаратты халыққа дер кезінде жеткізу және бастамаларды жүзеге асыру кезіндегі мәселелерді анықтау және оларды шешу жөнінде ұсыныстар даярлап, мемлекеттік органдарға олардың сапалы орындалуына мән берілуі ерекше аталып өтті.

"Үкімет бекіткен Жол картасы біздің осы бағыттағы жұмыстарымыздың негізі болып табылды. Бес бағыт бойынша кеңестің жұмыс топтары және өңірлік кеңестер құрылды. Мемлекеттік органдар мен жетекші саяси партиялармен, ҚХА, Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен, Кәсіпкерлік федерациясымен, ҮЕҰ-лармен бірлесе жұмыс істеудің тұрақты механизмі қарастырылды. Сенат пен Мәжілістің депуаттық корпусы бастамаларды тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ететін заңнамалардың дайындалуына және қабылдануына жүйелі қолдау көрсетіп келеді. Оған барлық жауапты министрліктер мен Ұлттық банк өкілдері белсене қатысты", - деді ол.

`