Түркиялық қандастарымыздың Астана туралы естелігі

19 Июня, 2018, 17:40 3936
Түркиялық қандастарымыздың Астана туралы естелігі | #столица | BNews.kz

Бүгінгі таңда 20 жасқа толып отырған Астана - Тәуелсіз Қазақстанның тарихи шежіресі.

Жасампаздық дамуына жетелеген осы шежірені жазуда қазақ халқымен бірге көптеген ұлттардың қолтаңбасы да басылғаны шындық. Солардың бірі - түбіміз бір дейтін түркі жұрты. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында астана салу секілді батыл іске жұмыла кіріскен қазақ халқына Түркия тарапының қолдауы аз болған жоқ.  Астана туралы естеліктерімен Түркия халқының белгілі тұлғалары бөлісті. Аталған пікірлер Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен дайындалған, деп хабарлады Қазақпарат.

Айхан Явружу: Астана - шығыстан туған жарық жұлдыз.

"Аларко" компаниясы ретінде Қазақстанға 1990 жылдардың басында ат басын тіреген едік. Алғаш тоқтаған жеріміз - арайлы Алматы болды. Алатау бөктеріне орналасқан көне шаһар шын мәнінде әдемі екен. Айнала қоршаған асқар шыңдар, жасыл-желекке оранған шатқалдар, тау етегінде орналасқан қала көңілімізге бірден жақты. Жылдың қай мезгілі болмасын жанға жайлы. Әсіресе, көктем уақытында ақ бас таулар ақ тонын шешіп, көк көйлек кие бастағанда, өзіңді бір тылсым дүниеге енгендей сезінесің. Алматы - бұрынғы бас қала. Бүгінде бұл ұлы миссияны Астана арқалап, қазақтың көшін алға сүйреп келеді. Біз көрген тоқсаныншы жылдардың басында Ақмола деп аталатын кішкентай ғана кент еді. Солтүстік аймақтың климаты қатал жазық даласында орналасқан шағын шаһар көп ұзамай тоты құстай түрленіп, жердегі жұмаққа айналды. Ғажайып құбылыстың авторы - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Қаланың сәулеттік концепциясын әзірлеп, аумағын кеңейтті. Қазір отыз жыл бұрынғы Ақмола мен бүгінгі Астананың келбетін салыстырғанда, жер мен көктей айырмашылықты еш қиындықсыз байқауға болады. Компаниямыздың жұмысын жауапты атқара отырып, бас айналдырар өзгерістер мен қарыштап дамудың куәсі болдық әрі екінші үйіміздің қалыптасуына қал-қадірімізше өз үлесімізді қостық. Бізге сенгені үшін, қызмет ету құрметіне лайық көргені үшін шексіз разылығымызды білдіреміз. Біз барлық теңеу жарасатын Астананың әр кірпішін бірге қаласқанымыз үшін бақыттымыз. Астана - Шығыстан туған жарық жұлдыз, әлем шаһары. Әртүрлі мәдениет пен ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп отырған арман қала. Сұлулығында шек жоқ, сөзбен сипаттау оңай емес.  2012 жылы "Түркі әлемінің мәдени бас қаласы" ретінде танылып, республика көлеміндегі, халықаралық деңгейдегі жиындар тоғыз жолдың торабында өтті. Батыс пен шығыс түйіскен сайын дала төсінде көпжақты саяси және экономикалық қарым-қатынас орнатып, мәдени-әлеуметтік ынтымақтастықты тоғыз жолдың торабында тоғыстырды.  Елбасының қолынан шыққан туынды, айбыны асқақ Астана Мәңгілік Ел болу жолында нық қадам басып, Мемлекет басшысымен бірге болашаққа бет алды. Бауырластырыма осы жолда сәттілік және табыс тілеймін!

Айхан ЯВРУЖУ "Аларко" компаниялар тобы басқармасының төрағасы  

Незих БАРУТ: Астана үшін Елбасыға алғыс айтамыз

Түркия Республикасының патриот азаматы және Қазақстанға инвестиция құйған жеке кәсіпкер ретінде Астананың 20 жылдық меретойымен құттықтап, әлемнің әйдік кереметін тек қазақ еліне ғана емес, түркі әлеміне сыйлаған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жүрекжарды лебізімді, осы мақала арқылы шексіз алғысымды білдіргім келеді. Тәуелсіздігін жария еткен күннен бастап Қазақстанның бағындырған белестерінің әр сатысында қолтаңбасын қалдырған Елбасы - өз бойындағы көшбасшылық қасиеті арқылы елінің гүлденуі мен әлемнің тұрақтылығы үшін үнемі қозғаушы күш бола білген қайраткер тұлға. Отанының қысқа мерзім ішінде ғаламдық деңгейдегі мемлекет дәрежесіне көтерілуіне ағартушылық ақылмандығы, бейбітшілік пен келісімді ту еткен биік беделі ықпал етті. Жас республиканың саяси-экономикалық саладағы тұрақты өсу процесі дамушы елдер тарапынан бірден назарға ілігіп, алға жылжудың жарқын үлгісін көрсетті. Президент Нұрсұлтан Назарбаев дұрыс ұстанған стратегиялық бағыт пен аймақтық ерекшеліктерге, бай ресурстар мен халықтың өсу әлеуетіне нық сенім артты. Қазақстанды заманауи бас қала арқылы дамыту жолын таңдап, елдегі оң өзгерістердің символы Астананың бас сәулетшісі атанды. Елбасының көшбасшылығымен 1997 жылы елорда болып бекітілген Астана 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен "Әлем қаласы", 2012 жылы "Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесіне ие болды. Сәулет өнерінің жоғары жетістігі мен қаланы көркейту жұмыстары арқылы қысқа мерзім ішінде заман талабынан шығатын Астананың ұлттық бет-бейнесін бедерледі. ХХІ ғасырдың ең таңдаулы қалаларының біріне айналдырып, қоғамдық сананы жаңғыртты,  алысты көріп, болашақты болжайтын стратег басшы екендігімен ерекшеленді. Жас қаланы әртүрлі мәдени және этникалық топтардың тату-тәтті өмір сүріп отырған орталығы ретінде бүкіл әлем назарына ұсынды. Халық бір ауыздан қолдап, сайлаған басшы алыс-жақын көршілермен достық қарым-қатынас құрып, халықаралық байланыстарға басымдық берді. Бауырлас ел Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынасқа да ерекше мән беріп, екі мемлекеттің ынтымақтастығы стратегиялық деңгейге жетті. Ортақ тарихи және мәдени байланыспен бірге, өзара ізгі ниет пен достыққа негізделген ара қатынас нәтижесінде Қазақстан - Түркияның аймақтағы ең маңызды саяси және экономикалық әріптесіне айналды. Атажұрттың тәуелсіздігін алғаш таныған Түрік елі мен Қазақ жерінің ажырамас достығына екі тараптың мемлекет қайраткерлерінің қосқан үлесі орасан зор екендігін айта кеткен жөн, тарих оларды ешуақытта ұмытпайды. Қазақ елі - Түркияда 106 жылдан бері дәрі-дәрмек секторында жұмыс істеп келе жатқан және 16 жыл бойы саланың үздігі ретінде мойындалған "Абди ИбраҺим" компаниясы мен жеке басыма ерекше қымбат мемлекет. Өйткені шетелдік операцияларды 2013 жылы алғаш Қазақстанға ашып, 2015 жылы өндіріс бастауға кіріскен «Абди ИбраҺим Глобал Фарм» компаниясы бүгінгі таңда ең озық, мақтаулы мекемелердің бірі. Осы аралықта 60 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, 12 мың шаршы метрлік жабық алаңды алып жатқан өнеркәсіп мекемесі 24 млн құты өндірді. 120 қызметкер зауытта еңбек етеді, жалпы алғанда 215 адам жұмыспен қамтылды. "Абди ИбраҺим Глобал Фарм» компаниясы сусамыр дерті және басқа вирустарға қарсы екпелерден бастап, жүйке жүйесі, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдейтін және алдын алатын 100 түрлі дәрі-дәрмек шығарады. 2020 жылы 100 түрлі дәрі-дәрмекпен әлемнің ең ірі компанияларының қатарына енбек жоспарымыз бар.   Қазақстандағы зауыттан жақын арада Ауғанстан, Әзербайжан және Грузияға тауар экспорттай бастайтынымызды қуанышпен жеткізгіміз келеді. Алдағы уақытта Еуразиялық Одақ пен ТМД елдеріне қарай қанат жаюға күш саламыз. Осы маңызды инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында Қазақстанның жергілікті өндірушіге қолдау көрсетіп, шетелдік инвесторларға жеңілдіктер ұсынылатынына және либералды экономиканың ережелеріне сәйкес айрықша мән берілетініне куә болдық.  Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан өзге елдерден анағұрлым ерекшеленеді. Түркияның ең ірі дәрі-дәрмек өндіретін компаниясы ретінде Қазақстанға инвестиция салғанымызға және Елбасы жасақтаған мығым экономикалық жүйеде орын тапқанымызға дән разымыз. Барлық әріптестерімізді және ірі инвесторларды бауырлас елге инвестиция құюға шақырамыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жаһандық қалаға айналуға қадам басқан Астананың 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Елбасыға атадан қалған атамекеніне, перзентін үкілеп өсірген менің туған еліме деген ыстық ықыласы мен достық қарым-қатынасқа қосқан зор үлесі үшін алғыс айтамыз.

Орхан СЕЛЕН "Анажұрт" газетінің колумнисі: Жұлдыздай жарық қала

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстанның осы жылдар ішінде көзге түскен басты ерекшелігі - барлық даму мен өзгерістерді қақтығыссыз, талас-тартыссыз, бейбіт түрде жүзеге асырып отырғандығы. Кейбір елдерде басқару жүйесі бір-ақ күнде ауысып, аяғы қанды қырғын мен саяси төңкеріске ұласып кетіп жатқан жағдайлар баршылық. Бей-берекетсіздіктің алдын-алу үшін қайсар рух, қайратты күш-жігер керек. Қазақстан халқы 1991 жылдың 25 желтоқсанынан бастап таңдаулы тұлға, алғыр басшы Нұрсұлтан Назарбаевқа бірауыздан қолдау көрсетіп, ел бірлігі мен ынтымағын берік сақтап келеді. Нұрсұлтан Назарбаев - мықты мемлекеттік қайраткер, әлемдік деңгейдегі дана саясаткер. Түркиялықтардың бауырлас мақтанышын етене танып, ұстанған саясатын дұрыс түсінуі жаһанданып жатқан дүние алдында ұлттық позициямызды күшейтуге мүмкіндік береді. Түркияға Қазақстанды, ұлт лидерін насихаттау мақсатында атқарып отырған менің жұмыстарым да уақыт өте келе өз нәтижесін көрсетері сөзсіз. Небір нәубеттер мен қиын-қыстау замандардан аман-есен өтіп, талай тұлғасы ұлтты ұйыстыру жолында құрбан болған Қазақ елі тәуелсіздіктің ширек ғасырында Нұрсұлтан Назарбаевтың шебер басқаруымен қуатты халыққа, іргелі елге айналды. Бұған ешкімнің таласы болмауы тиіс. Қазақстанда таңғажайып дүниелер жасалды. Айрықша кереметтің бірі деп ұлы дала елордасы - Астананы бөліп айтар едім. Жаңа қаланы өз көзіммен көрдім және армансыз араладым. Менің түйгенім, Астана - тек заманауи талапқа сай салынған шаһар ғана емес. Астана - Азия құрлығында дамып, әлемнің жарық жұлдызына айналған мемлекеттің бет-бейнесі екен. Жан-жағыңызға мұқият көз салсаңыз, Қазақстанның қаншалықты бай ел екендігін бағамдайсыз. Әр кірпіші жаңа технологиямен, тың әдіспен қаланған. Қала тұрғындарының саны бір миллионмен шектелмей, алдағы 25 жылда Азияның ең ірі әрі қуатты орталығы болуға мүмкіндігі бар. Қаланың кең даңғылдары мен алаңдары, саябақтары мен демалыс орындары, жаздық сахналары мен жаяу жолдары және шаһарды екіге жарып, еркелей аққан Есіл өзені жанға жайлылық сыйлайды. Күн сайын қонақ үйдің оныншы қабатынан тамашалап, жұлдыздай жарық көрініске тоя алмадым.  Самаладай оттар кемпірқосақ сынды түрлі түске ауысып, көзді арбады. Көңілге жылылық ұялатып, жан сарайымды нұрландырды. «Жарық шаһар - Астана» деген тіркес еріксіз тіліме оралды. Қазақстанның асқақ астанасы туралы әңгімелеу оңай болмаса да әсемдігі әлі күнге ерекше сезімге бөлейді. Астана - қазақ тілінде «бас қала» деген сөз екен. Бұрынғы аты Акмолинск (Патшалық Ресей тұсында), Целиноград (Кеңес одағы кезеңі), кейін Ақмола деп өзгертілген. Жас болса да халықаралық талапқа сай шаҺардың «Астана» атануы символикалық маңызға ие. Астананың ел ордасы ретінде таңдалуының үш маңызды факторы бар деп санаймын: 1. Тәуелсіздікке қол жеткізген азат мемлекет тарихқа жаңа бас қаламен енуді дұрыс көрді. 2. Бұрынғы астана - Алматы қаласы елдің орталығынан алыс жатты. 3. Ресей шекарасына жақын аймақтарда халықтың санын көбейту қажеттілігі туды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев саяси даналығымен қатар, қала тұрғызу шеберлігін Астана тәжірибесі арқылы көрсетті. КСРО-ның бодандығынан босап, 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін жариялады. Айтуға оңай болғанымен, әміршіл жүйенің тырнағынан құтылу іс жүзінде жайдан-жай келе салған жоқ. 15 желтоқсанда коммунисттік партияның мүшесі болып, бір күннен кейін еркін нарықтық экономикаға көшу және осы процеске бейбіт түрде қол жеткізу әлеуметтанушылардың зерттеу нысанына ілігетін қызықты тақырыптың бірі екені сөзсіз. Өйткені бұл - тарихи мұғжиза, тосын құдірет. Алладан берілетін ерекше құбылыстың  иесі - Нұрсұлтан Назарбаев. Айта кетерлігі, қазақ халқы бір ғана ұлттан құралмайды. Қазақтар, орыстар, немістер, өзбектер, татарлар, украин, ұйғырлар, басқа да этнос өкілдері татулықты ту етіп, өзара түсіністікпен өмір сүріп жатыр. Бұл этникалық әралуандық пен діни құндылықтарды саяси құрал ретінде қолдануға жол бермеген Елбасының үлкен жетістігі. Сондықтан Мемлекет басшысы ХХ-ХХІ ғасырдың көшбасшысы ретінде тарихта қалады. Табыстың кілті, мұғжизаның құдіреті Қазақстан ішінде ғана айтылмай, бүкіл әлемге жетуі тиіс. "Оның не қажеті бар?" деген сұрақтың жауабы қаншалықты қарапайым болса, соншалықты маңызды. Егерде қалар болсақ, әртүрлі ұлттар мен сенімдер әділетті түрде кикілжіңсіз өмір сүре алатын көрінеді. Елбасы сарабдал саясаткер ретінде замана туғызған "жатсыну" ауруынан алыс болды, керісінше алысты жақындатты, жақынды бауырына басты. Терең ойы және жетістікке жетуге ұмтылған талпынысы арқылы мүмкін емес дүниені шындыққа ұластырды. Жақында қазақ жері туралы жазған жазбаларымды жинақтап, "Ғаламның жарық жұлдызы - Қазақстан" деген атаумен кітап шығардым. Жаңылыспағаныма сенімдімін. Көпті көрдім, талай жерді араладым... Тек Қазақстанда және Астанада ғана бақытты күй кештім.

Орхан СЕЛЕН "Анажұрт" газетінің колумнисі

Мұса Йылдыз: Астана - күллі түркіге ортақ қала

Салауатты ел салиқалы басшының арқасында жүйелі дамып, Орталық Азиядағы инновациялық мәдениет, үш тілді білім, ұлтаралық толеранттылықтың Ақордасы атанды. Ел байлығы мен жер байлығын, географиялық орны мен саяси-мәдени алмасу барысындағы сан жылғы тәжірибесін тиімді пайдаланып, аймақтың көшін бастады. Сарыарқа төріне сәні мен салтанаты жарасқан жаңа қала тұрғызды. Тарих қойнауына үңілсек, уақыт талабы мен заман ағымы туындатқан қажеттілікке сәйкес астананы ауыстыру әр мемлекетте кездесетін қалыпты жағдай. Қазақ тарихында да бұл өзгеріс бірнеше мәрте қайталанады. Хандық дәуірде тұғырлы мекен Сығанақ, Түркістан, Ташкент болса, ХХ ғасырда яғни 1917 жылы Алашорда үкіметі құрылған кезде Семей қаласына бас шаһар мәртебесін берген еді. 1920-1924 жылдар аралығында - Орынбор, 1924-1929 жылдары - Қызылорда, 1929 -1997 жылдары - Алматы астана ретінде бекітілді. Бас қаланы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінде 1994 жылы 6 шілдеде қабылданды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пленарлық мәжілісте сөз сөйлеп, көштің себептерін 32 өлшем бойынша түсіндірді. 1997 жылы 20 қазанда Президент Жарлыққа қол қойып, 8 қарашада мемлекеттік символдар ресми түрде Алматыдан Ақмолаға көшірілді. 1997 жылы 10 желтоқсанда Ақмола қаласы - Қазақстанның жаңа астанасы болып жарияланды. Ақмоланың Қазақстанның дәл ортасында орналасуы және шекара арасындағы ара қашықтықтың шамамен тең болуы бас қала таңдалған тұста ерекше есепке алынды. Ел ордасының солтүстік өңірге ауыстырылуы қазақтың сол аймақтағы санын арттыруға және өңірді қазақыландыруға жол ашты. Халық санының көбеюі Ақмоладағы демографиялық жағдай мен мәдени-әлеуметтік құрылымды өзгертуге ықпал етті. 1997 жылы оңтүстіктен солтүстікке ағылған халық демографияға дүмпу әкелді. Сондай-ақ 2009 жылға дейін ауылдық аймақтардан қалаға ат басын бұрғандар көбінесе Астанаға бағыт алып отырды. Астананың стратегиялық және георгафиялық орналасуы, табиғи апаттардың аз болуы, бай жерасты ресурстары, кеңею мүмкіндігі де елордаға айналуының негізгі себептері еді. Бастапқыда Алатаудың етегінде орналасқан, ауасы таза, табиғаты қолайлы Қазақстанның ең сұлу да жасыл қаласы Алматыдан қысы қатал жазық далаға көпшілік барғысы келмей, екі ойлы болды. Бүгінгі сәтте бұл идеяның тарихи шешім нәтижесінде жүзеге асқан сәтті жоба болғанына көзі жетті, уақыт өткен сайын дұрыстығы айқындалып келеді. Тәуелсіздіктің төрт жылында ұшы-қиырсыз далада бой таластырған бас қаланың ғажайып ғимараттары, түзу тартылған кең даңғылдары Орталық Азияның бет-бейнесін түбегейлі өзгертті. Оңтүстіктегі халық санының көптігі және жұмыссыздықтың өсуіне байланысты туындаған мәселелер де жойылып, демографиялық және экономикалық өсулер белең алды. Астана тұрғындары Кеңес одағынан қалған мұралардан арылып, көше-аудандардың бұрынғы атаулары өзгертіліп, жаңасы жедел арада құлаққа сіңісті болып кетті. Әсем қаланың келісті келбеті, тұрмыс-тіршілігі елдің патриоттық сана-сезімін оятты. Астана - Елбасының ақиқатқа айналған арман-тілегі. Мемлекет басшысы Астананы "Мега кентке" айналдырып, үлгілі шаһар ретінде әлемнің ең озық 30 қаласының қатарына енгізу мақсатын көздейді. Қаланың архитектурасына, инфрақұрылымына, халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік жағдай жасауға орасан күш, қомақты қаржы жұмсалды. Әлемге әйгілі архитекторлар шақырылып, жобалау жұмыстарымен айналысты. Сәулет өнерінің озық үлгілері Қазақстанның төл мәдениетімен қатар, түбі бір түркітілдес елдермен тарихи сабақтастығын ашып көрсетуге тырысты. Сөзімізге дәлел ретінде Республика көшесін мысалға алуға болады. Кеңестік дәуірден қалған ғимараттарға дейін ұлттық оюмен өрнектелген. "Ақорда" сарайы, Президенттік мәдениет орталығы, Назарбаев Университеті, Халықаралық әуежай, Есіл жағасындағы қаз-қатар тізілген үйлер ұлттық нақышымен қаланың ажарын аша түскен. Назарбаев Университетінің көк байрақтың түсімен түстес көмкерілген көк күмбезі сонадайдан көзге оттай басылады. Алғашқысы - киіз үйдің шаңырағы болса, кейінгі күмбез - шығыс сарайлары мен мешіттерде жиі қолданылған көшпелі мұсылман мәдениетінің бір нышаны іспеттес. Елбасының айтуынша, қазақ елінің өзгешелігі мен ерекшелігін көрсететін көк күмбез саналы түрде таңдалған екен. Солтүстік шаһардың алғашқы ғимараты және мегаполистің символы "Бәйтерек" - барлық өзгерістің басы болған монумент. Ұлы дала мәдениетінің темірқазығы іспетті. Халықтың саны 1 миллионнан асқан қалада бір-біріне ұқсамайтын мемлекеттік мекемелер, іскерлік кеңселер, сауда кешендері, ойын-сауық орталықтары, мейрамханалар халық игілігіне көптеп ұсынылған. Әрқайсысы тарихтың жаңа бетін ашып, алаштың өршіл рухын асқақтатып тұр. Сақ, ғұн, көктүріктен жеткен көшпенділер өркениетін қазіргі заманмен астастырып, түркі мәдениетінде ешқандай қарама-қайшылықтың жоқ екендігін дәлелдейді. Қысқа уақытта Астанада ЕҚЫҰ саммиті, қысқы Азия ойындары, ИЫҰ саммиті, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының конгресі сынды халықаралық маңызы бар басқосулар мен әлемдік деңгейдегі ЕХРО - 2017 көрмесі өтті. Халықаралық шара "Болашақ энергиясы" тақырыбымен бұрынғы КСРО, қазіргі Орталық Азия елдерінің ішінде алғаш рет ұйымдастырылып, энергетика саласының дамуы бойынша Қазақстанның мүмкіндіктерін ортаға салды. Патриоттық сезіммен әшекейленіп, ұлттық бояумен көмкерілген қалада бірнеше ұлт өкілдері шаңырағын шайқалтпай, түтінін түзу ұшырып отыр. Конфессияаралық келісім, дінаралық диалог және мәдениеттер арасындағы үнқатысу сынды терминдер мемлекеттік жиындарда жиі айтылады. Қазақстан қоғамындағы толеранттылық пен этностар татулығы мемлекеттің басты назарында. Бірлік пен достастықтың, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың белгісі ретінде пирамиданы бейнелейтін Бейбітшілік және келісім сарайы көрген кісіні таңғалдырмай қоймайды. Әсіресе, қалада бой көтерген мешіттер, шіркеулер, Елбасы ашқан «Халықтар достығы» монументі мәңгілік достықты паш етеді. Астананың бітімгерлік бағыттағы жұмыстары да арнайы тоқталуды қажет етеді. Жаһандық бейбітшілікке қауіп төндірген Сирия дағдарысын шешу мақсатында саммиттер өткізіп, бүкіл әлемге танылды. Сириядағы үкімет күштері мен оппозициялық топтар арасындағы жиынды Астанада өткізу туралы ұсыныс ұтымды шықты. Бейбітсүйгіш бас қала - Астананың аты Нью-Йорк, Женевамен қатар аталғаны зор мақтанышқа бөлейді.  Мұса Йылдыз Қожа Ахмет Ясауи университеті  Өкілетті кеңесінің төрағасы

Ферит Парлак: Қазақстан көп елге үлгі болып отыр

Мұнай, газ, жерасты байлығы сынды табиғи ресурстар «қорына бай» елдердің басым бөлігінде "экономикалық жүйе шикізаттың бағасына" қарай қалыптасады. Шикізат молшылығынан туындайтын жайбырақат өмірдің салдарынан қалыптасатын, тиімсіз экономикалық жүйе инвестициялық жағдайға да кері әсерін тигізеді. Түпкі нәтижесінде құны бірнеше есе қосылған тауарлар сырттан жеткізіледі және оған тәуелділік арта береді. Ал тауар мен шикі заттың бағасы төмендеген жағдайда сыртқы нарыққа тәуелді болып қалған елдер "өмірдің ащы шындығымен"» арпалысып жатады.  Қазақстан шикізат байлығын құнды тауарларға айналдыру және "өндірістің" әралуандығын арттыру мақсатында батыл қадам жасаған республикалардың алдыңғы қатарында тұр. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы мен көшбасшылығының арқасында атқарушы билік білім саласынан бастап заңдық жүйеге дейінгі, ауыл шаруашылығынан жерасты ресурстарына дейінгі әрбір салада "өндірістік мәдениетті» қалыптастыру мақсатында нақты жұмыстар атқарып, көптеген елдерге үлгі  болуда... Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан - мен сияқты экономика саласын зерттеп жүрген журналистердің міндетті түрде зерттеу объектісіне кіретін аймақтардың бірі. Қазақстанның мүмкіндіктері орасан.  Мәселен, уран өндірісінен алдыңғы қатарда. Құнарлы жер көлемінен әлемнің тоғызыншы елі. Миллиардтаған халқы бар нарыққа еркін шыға алатындай стратегиялық аймақта орналасқан. Әлемдік мұнай қорының 2 пайызына, газ қорының 1 пайызына иелік етеді. Бұл көрсеткіштер Қазақстанды әлемнің ең озық, экономикасы дамыған 30 елінің қатарына сөзсіз жеткізеді. Қазақстанның бұдан бөлек, «шикізатқа бай» кейбір елдерге қарағанда бір артықшылығы бар: Ол - осы әлеуетті құны артқан тауарларды өндірісінде пайдаланып, әл-ауқаты едәуір жоғары Қазақстан мемлекетін қалыптастыра алатындығын ұғынған басшылық пен билікке ие болуы. Қазақстанның жерасты ресурстарын пайдаланып, ауыл шаруашылық саласындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асыра бастағанынан да   хабардармыз. Айқындалған 650 инвестициялық жобаға шетелдіктердің қызығушылығы артып отыр. Жүзден астам «жерасты аймағының» жаңа инвесторлары экономикаға жаңа серпін тигізетіндігі анық. Осы тұста түрік инвесторларының да осы жобаларға қатысуы үшін тиісті жұмыс атқарып отырмыз. Сәтті істеріне куә болып отырған Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлымен және әріптестерімен бірге жиі-жиі басқосамыз. А.Сапарбекұлының сұхбат барысында көтерген ой-пікірін түрік іскерлеріне айнытпай жеткіземіз және Қазақстан экономикасына күн өткен сайын қызығушылық артып отырғандығына куәміз. Басқа елдермен де дәл осындай жұмыс атқарылып отырғандығын білеміз. Бұл қадамдарды Түркия көзқарасымен бағамдайтын болсақ, Түрік елі мен Қазақстан арасындағы экономикалық қарым-қатынаста сауда айналымы соңғы 4 жылда төмендегенімен, 10 жылдың ішінде рекордтық көрсеткішке көтерілді. 2000 жылдардың басында 464 млн доллар көлемінде болған сауда айналымы 2012 жылы шамамен он есе артып, 4,4 млрдқа өсті. Ел экономикасының дамуы үшін жасалған осындай қадамдар және екі ел көшбасшыларының жақын қарым-қатынасы сыртқы сауданы 10 млрд АҚШ долларына жеткізетіндігіне, жаңа биік мақсаттардың айқындалатындығына сенім артамыз.

Ферит Парлак "Дүние" газетінің Анкарадағы өкілі

 Хайреттин Ивгин: Астана - Қазақстанның Ыстанбұлы

Хайреттин Ивгин: Астана - Қазақстанның Ыстанбұлы Елорда - әлемде қала құрылысы тұрғысынан қазіргі уақытпен үндесетін, мәдени көрінісі мен сәулеттік сипаты жоғары және техникалық талаптарға сай салынып, күн сайын кеңейіп келе жатқан мегаполистердің бірі һәм бірегейі. Тіпті, Астана 14 жыл ішінде-ақ адам танымастай өзгеріп, 2012 жылы "Түркі әлемінің мәдени астанасы» атанған еді. Астана - қазақ мемлекетінің теңдессіз жауһары, Ақ ордасы. "Астана" ұғымы «бас қала» деген мағынаны білдіреді. Бұл атауды ірі мемлекеттік қайраткер, түркі әлемінің ұлық көшбасшысы, қадірменді тұлға Нұрсұлтан Назарбаев еншіледі. «Астана» сөзі - парсыдан тарап, барлық түркі елдерінің тіліне еніп, еркін сіңіп кеткен. Түпнұсқасы - "Аситане". Түсіндірме сөздіктерде бірнеше нұсқада кездеседі. "Табалдырық, дәргей, үлкен зікірхана, мемлекет қақпасы, бас қала, ақ орда» тектес мазмұнға ие. Кейбір әдеби туындыларда "аситан", "пәни" тіркестері бірге аталып, "дүние" мағынасында пайдаланылатынын байқаймыз. Шынтуайтында, «аситане» сөзін "Ыстанбұл" ретінде Осман мемлекетінде қолданған және қарсылықсыз қабылдаған. "Аситане» Ыстанбұлдың бет-бейнесімен жарастық тауып, ажарын айшықтау үшін дөп баса айтылған. Осыдан 150 жыл бұрынғы Осман мемлекетінен қалған туындылар мен жазылған хаттарда Ыстанбұлды "Аситане" деп атаған дәйекті дәлелдер бар. Ол аз десеңіз, айбыны мен айдынын паш ету мақсатында "Аситанеи саадет" (Бақытты астана), "Аситанеи алийе" (Ұлы астана) деп те әспеттеген. Ыстанбұл - бүгінгі сәтте әлем көз тіккен қала және дүние жүзіндегі ең сұлу, көрікті мекеннің бірі. Сондықтан Ыстанбұл сынды заңғар көкпен бой таластырған Астанаға бұл атау әбден жарасады деген ойдамыз. Шырайлы шаһарға ат қойып, айдар таққан Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа құрмет, ықыласымыз шексіз. Астана - Қазақстанның да, Түркияның да, күллі түркінің де қазіргі Ыстанбұлы. "Түркілік рухты балаларымыздың бойына сіңіріп, күллі әлемге танытуға тиіспіз", "Қазақ жұртының арғы түбі - ғұндардан басталады, көктүріктерден жалғасып, Алтын ордаға ұласады. Кейін Тәуелсіздікке тіреледі. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз» деген ұлы қайраткер Нұрсұлтан Назарбаев Астананы өз қолымен орнықтырды. Біздер бұл мәңгілік аманатты көзіміздің қарашығындай сақтаймыз және әрдайым ұлықтап өтеміз. Астана дәуір ағымымен, жаратылыстың жалғасуымен дамып, өркендей түседі. Азияның ғана емес, әлемнің ең қадірлі бас қаласы атанарына сенім мол. Ұлт лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің экономикалық дамуына қатысты көрегенділікпен, кемеңгерлікпен алға қойған мақсат-идеясы мен жобаларынан өз үлесін ала бермек. Ерекше мақтанышымыз ретінде жүрек түкпірімізден де берік орын табары хақ.

Әлем сөз академиясының төрағасы Хайреттин ИВГИН 

 Хасан УЛУСОЙ: Елбасымен кездескенім естен кетпейді

«Әлемнің ту төбесінде, жердің ең бигінде тұрғандаймын. Төмен көз тастағанымда кең даладағы жоталар мен шатқалдардың арғы жағынан Астана, болашақ бас қала салынатын аймақты көргендей болдым»... Осы жолдарды Президенттің өзі қолтаңбасын қойып сыйлаған мемуарлық кітабынан оқыған едім. Шам жанған ауыл - Шамалғанда өткен балалық шағы туралы жазылған естеліктерден әсерленбеу мүмкін емес-ті. Сол әңгімелерін оқып, кемел ойлы, кең тынысты кемеңгер көшбасшыға және Астанаға деген қызығушылығым тіпті артты. Жұмыс бабымен көп елге бардым, небір қаланы көрдім. Алайда Астана сияқты таза, жүйелі және қауіпсіз бой көтерген қаланы бірен-саран жерде ғана кездестіргенім бар. Қайсар мінез халықтың бас қаласында болуға тиіс барлық дүние жоспарлы түрде, жоғары талғаммен жасалған. Заманауи талапқа сай архитектурасы, бірі-бірінен асып түсетін ғимараттары, саялы саябақтары арқылы таңданысымды оятқан шаһарда білім мен қоғамдық өмірге қатысты атқарылып жатқан жұмыстар мені бірден баурап әкетті. Опера және балет театры, "Бәйтерек", "Әзірет Сұлтан" мешіті - таңғаларлық жобалар. Назарбаев Университеті де қайран қалдырады. Ел ертеңі үшін жас буынды жетілдіріп қана қоймай, халықаралық беделге ие болу мақсаты көзделіпті. Қазақстан - ортақ мәдени мұра мен ұлттық санасы арқылы әрдайым әлемді қызықтырған мемлекет. Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы күннен жиі барып-келіп жүретін, ынтымақтастықты арттыру үшін ізденісімізге үнемі сеп болған елдердің бірі. Инвестиция салу үшін ешқандай күдік келтірмеді, денсаулық сақтау саласындағы ең ірі компаниямызды жарқын болашаққа бастап отыр. 400 қазақ бауырымызға жұмыс орнын ашу біздер үшін үлкен мақтаныш. Қалыптасқан мықты жүйесі арқылы көңілімізге сенім ұялатқан Қазақстанның азғантай уақытта жүріп өткен жолының оңайлықпен келе салмағанын, дамудың бастауында еселі еңбек, үздіксіз ізденіс жатқанын естен шығармаған жөн. Адамның тағдырындай елдің де, жердің де тағдыры болатынына сенемін. Тәуелсіз Қазақстанның күндей жарқырап шығуы, кісі қызығарлық дәрежеге қол жеткізуі мен көшбасшының мемуарлық хикаясы арасында тығыз байланыстың бар екенін байқаймын. Алатаудың етегіндегі Үшқоңыр жайлауынан басталып, жоқшылық пен қиындықтарды артқа тастаған өмір аппақ армандарға ұласты. Таңғажайып табандылық пен нәзік дипломатияның арқасында көк байрағы көкте желбіреген жаңа мемлекет пайда болды. Империя ыдырағаннан кейін көптеген елдердің байлығына бақай есеп жүргізгісі келген күрделі саясатқа қарамастан Қазақстан Батыс Еуропадан әлдеқайда үлкен аймаққа иелік етіп, ширек ғасыр ішінде әлемге танылды. Жер жүзіндегі алпауыттардың басына қара бұлт үйіріліп тұрған сәтте, өз халқының болашаққа деген үмітін жаға алу нағыз ерлік емес пе? Жастайынан білім қуып туған жерінен, отбасынан алыстап, өмір белестерінен өтіп, 44 жасында КСРО-дағы ең жас премьер-министр болып тағайындалуы пешенеге жазылған бармақтай бақ болса керек.  Президенттің өмірбаянын оқып көрсеңіз, 1991 жылдан бүгінгі таңға дейінгі атқарған істері ғұмыр бойы жинақтаған тәжірибесінен туғанын байқайсыз. Студент кезінде көшбасшылығымен көзге түсіп үлгеріпті. Тоталитарлық жүйеге қаймықпай қарсы тұрып, тура айтудан тартынбағаны нағыз тұлғалық қасиет емей, немене?! Таласуға тура қарай алмайтын тақырыптардың өзінде біліктілікке, білімге, тәжірибеге негізделген ұсыныстары қаншама?! Айта берсем, таңданысым бұнымен шектеле қоймас. Ең бастысы аса ардақты Нұрсұлтан Назарбаевпен танысу бақытына ие болдым. Алғашқы кездесуде-ақ оның кішіпейділік танытып, бауырына тартып тұратын даналық қасиетін байқадым. Қоғамның барлық тобы мен азаматтары осы мінезін жоғары бағалайды, шынайы жақсы көреді.  Мәртебелі Елбасының бойында мен үшін мәні зор тағы бір қасиеті бар. Жастық шағында металлургия саласында еңбек етуге бел буып, мектепте химия сабағын ұнатқанын білдім. Мен де оның замандасы ретінде сол жылдары талай шытырманды оқиғаларды басымнан өткеріп, туған жерімнен алыстап, химия пәніне ден қойған едім. Кейін фармацевтика өндірісінде еңбек еттім. Менің де өмір жолым тағдырлас Қазақстан елінде жұмыс істеуге алып келді, соның арқасында құрметті Нұрсұлтан Назарбаевпен танысып, өндірістік орнымызды көрсетіп, өзінің қолтаңбасымен кітабын алдым. Ұмытылмайтын естелік, естен кетпес күн болды. Атқарған істері мен таудай тұлғасы арқылы түркі әлемінің ақсақалы атанған қадірменді Елбасыға алғыс айта келе, бұдан кейінгі жылдарда да еліне басшылық етуіне тілектестігімді жеткіземін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Астананың 20 жылдығымен құттықтаймын. Хасан УЛУСОЙ "Нобель Илач" компаниясы  басқармасының төрағасы *

Астана әлемдік сәулет өнерінің жауһарларын бір арнаға тоғыстырғанымен де асқақ - Халил Акынжы

Ақмола, Целиноград, Астана - осы үш атау Қазақстан тарихының үш бөлек кезеңін көрсетеді. Алғашқысы орыстың отарлау саясатын, кейінгісі Кеңестік Қазақстанды көз алдыңызға әкеледі. Жер-су атауларына ерекше мән берген қазақтың болмысы мен ұлттық танымын жою үшін  жүргізілген астыртын саясатты түсіну қиын емес. Үшінші атау - тас бұғаудан босаған тәуелсіз Қазақстанның жарқын символы. Қазақ даласының бір бұрышында Ресей патшалығының мақсатына сай Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының бас қаласы міндетін атқарған Алматыдан астананың Ақмолаға, орталық аймаққа көшірілгенінің дәйекті дәлелі. Әралуан этникалық топтар мен ұлыстарды біріктіріп отырған Астана деп аталатын жаңа қаланың салынып, қазақ елінің бас қаласы атанғанын айдай әлемге білдіріп тұр. 1991 жыл - қазақ  үшін мемлекетті қалыптастырудың, ұлт болашағын айқындаудың, жерге иелік етудің жаршысы болды. Қазақ халқының көне тарих пен салт-дәстүрге бай өмір салты салтанат құрған Ұлы Даланың қақ ортасында орын тепкен Астана -  бейбіт елдің көз қуанышына, баға жетпес байлығына айналды. Құтты қоныс Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен сабақтас, болашақта да аты қатар атала береді. Өйткені жаңа астананың орнын таңдауда ғана емес, ұлттық ою-өрнекпен безендірілген архитектуралық дизайнде де Елбасының қолтаңбасы бар. Елорданың ажары әлемдік сәулет өнерінің жауһарларын бір арнаға тоғыстырғанымен де асқақ. Қала көшелерінен дәстүрлі қытай архитектурасын, ХХІ ғасырдың Лондоны мен Парижін, иық тірескен шіркеулерді, мұнаралы мешіттерді көруге болады. Әртүрлі мәдени іс-шараларды өткізуге арналған ғимараттар, музей-мұражайлары еріксіз мойын бұрғызады. Астананың әлемде баламасы жоқ, айшықты ғимаратының бірі - Хан шатыр. Бірегей нысан өр мінезді қазақ халқының шежірелі тарихынан сыр шертіп, өз билігін уысында мықтап ұстап отырғанын айғақтайды. Тұғырлы монолиттік сом құймалардан тұрғызылған кешен: «Біз бүкіл жер жүзін, әлем халықтарын жақсы танимыз. Интеграциялану үрдісіне дайынбыз. Алайда ұлттық бедерімізді ұмытуға пейілді емеспіз» деген ойды жеткізетіндей. Жаңа қала әлемдік деңгейдегі іс-шараларды өткізу үшін де барлық мүмкіндіктерді қарастырған. Тәуелсіз Қазақстан сыртқы саясаттағы рөліне де баса мән беріп, дос көбейту, көршілес елдермен сыйласу және өзара сенімге негізделетін қарым-қатынас құру идеясымен қаруланды. Әлемнің алып мемлекеттері Қытаймен және Ресеймен мыңдаған шақырым шекаралас жатқан Қазақстан екі көршісімен ынтымақтастығын нығайтып, әріптестік қарым-қатынасын жалғастырып отыр. Өзге ұйымдармен жарасымды әріптестік орнатты. ЕЫҚҰ және ИКҰ ұйымдарының саммитін өткізіп, тәуелсіздікке жаңадан қол жеткізген елдердің екінің біріне бұйыра бермейтін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне таңдалды.  Тәуелсіздікті жариялағаннан кейін өз ресурстарын басқаруды қолға алған Қазақстан әлем экономикасына өз мүддесіне сай даму қадамдары арқылы жол таба білген сирек кездесетін елдердің бірі. Жерасты байлығын шетелдік технология мен капиталдың күшімен пайдалана алатындығын түсініп, Кеңес кезеңінен қалған таптаурын әдістен жедел арылып, әлемдік экономикаға интеграциялану үшін нақты қадамдар жасады. Ғаламдық деңгейдегі маңызды шаралардың біріне айналған Астана экономикалық форумы осы үдерісті жалғастыру үшін жыл сайын экономист-ғалымдар мен мемлекеттік қызметкерлердің басын қосып келеді. Жаһандық экономикалық құбылыстар мен жаңалықтарды талқыға салатын форум әлемнің ең ықпалды жиыны. Түркі әлемінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы өткен Түркі тілдес елдердің алғашқы саммитінде және 2006 жылы Анталияда ортақ ұйым құру туралы ұсыныс жасап, тың  бастама көтерген болатын. 2009 жылы Нахчыван келісімі арқылы дүниеге келген Түркі кеңесі бүгінде түркі әлемінің біртұтастығына ықпал етіп, басты рөл атқарып отыр. Туысқан халықтардың бірлігін көздейтін кеңес мүше елдердің көзқарастарына құрмет көрсетіп, түркі идеясын іске асыру бойынша ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда. Түркі кеңесінің маңызды мекемесі Түркі академиясы Астанада іске кірісті. Түркі тарихына қатысты тәуелсіз зерттеу жұмыстары арқылы түркі елдерін ғылым саласында таныта бастады. Бас қаланың көшіру, қазіргі білім мен ғылымға мән беру, дін мен ұлттық мүдденің арасын алшақтатпау, зайырлылық идеяларын пайдалана отырып мемлекет басқару және латын әліпбиіне ауысу - ХХ ғасырдың басында өмір сүрген басқа бір Түрікті - Ататүрікті еске салады. Осы тұста Түркияның ұлт-азаттық күрес кезеңінде қазақ ақыны Мағжан Жұмабайдың «Ақ теңіз, Қара теңіз ар жағына, Бауырым, мені тастап қалдың кетіп» деп бауырын Алтайға шақырған «Алыстағы бауырыма» атты өлеңі еріксіз еске түседі. Түркиялықтар Алтайға қайтпады, алайда түріктердің Атасы атанған Түріктің арқасында тәуелсіз ел болды. Мағжаның: «Еріксіз ер түрікті ойға аларсың Көкке асқан Хан Тәңірге қарай-қарай...» деп жырлаған өз елі де бүгін Түркия сынды тәуелсіздігін жариялады. Енді қазақ Тәңіртауға өз қайғы-қасіретімен, кіріптарлығымен емес, басын тік көтеріп, тәуелсіз ел болудың мақтанышымен және өжет мінезімен қарап отыр. Ол да «түркі әлемінің ақсақалы» мәртебесін иеленген Қазаққа қарыздар.

Халил АКЫНЖЫ Түркі кеңесінің бұрынғы бас хатшысы  

Яхия Акенгин: Ұлы даланың басты ордасы

Астана аумағы биік төбе кездесе бермейтін, жазық далада орналасыпты. Алайда қаланың жаңа түскен келін секілді сұлу келбеті өзіне тартып тұрады. Әсерлі сезімге бөлеген бұл көріністі тек қана биікте ұшып, ұясын көк жүзіне салған самұрық құстың аңызы мен "Бәйтерек" ағашын қосып жырлау керектігін ұғындым. Менің ойымша, Астанамен тағдырлас деп Ыстанбұл қаласын емес, Анкараны қарастырған жөн тәрізді. Өйткені Анкара империализмнің жаулаушы күштерін Анажұрттан шығару мақсатында құт болып қонған ұлы жеңістен кейін астана болып, Ыстанбұлдан ауыстырылған еді. Астана шаһары да Кеңестік империяның қамытынан құтылып, тәуелсіз жаңа мемлекеттің елордасы ретінде әлемнің саяси картасынан орын алды. Бәйтеректің биігінен бас қаланы бағдарлаған сәтте Ыстанбұлды еске салған манағы сөздерді уақыт өте келе жан дүниеммен таразылап, бір қорытынды шығардым. Қаланың келбетін, бет-бейнесін көрсететін басты ерекшеліктердің бірі - ән арқауына айналып, жүректе жылылық, санада терең із қалдырған өнер туындыларының мен-мұндалап тұруы екен. Сәулет өнерінің кереметін көз алдымызға жайып салған Астана бір қарағанда беті ашылған жас келіннің немесе жаңадан күйеу жігіт атанған отағасының ішкі толқуы мен тебіренісін көрсетуімен шектелетіндей. Алғашқы жылдарда Анкара да ұяңдау күй кешті. Алайда бір ғасырлық өмірлік тәжірибеден өтіп, ысылды, толысқан, кемелденген шаққа жетті. Дей тұрсақ та, күнделікті өмірдің түрлі оқиғаларына зер салғанымызда Астананың тарихи оқиғаларға бағыт-бағдар беретін құтты мекенге айналып үлгергенін мойындаймыз. Мысалы, Сирия мәселесіндегі түйткілдерді шешуге қатысты бітімгерліктің негізгі объектісі ретінде әлем тілдеріне "Астана процесі" деген термин енді. Әр бастама қазақтың ұлттық рухымен, қазақы болмысымен астасып, басы-қасынан Нұрсұлтан Назарбаев сынды ойшыл тұлғаның табылғаны ақиқат. "Саясаткер алдағы сайлауды, мемлекеттік қайраткер болашақ ұрпақты ойлайды" деген баршаға мәлім бір тұжырым бар. Астананың қазіргі Қазақстаннан гөрі, болашақтағы Қазақстанның келешегін ойлап, ұрпаққа қалатын мұра ретінде бой көтергені анық. Бұл ойды Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы "Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деген пайымынан да аңғарамыз. Астананың ажарын айшықтап, әлеуетін арттыра түсетін, тоқтала кететін тағы бір оқиға бар, ол Астана тарихындағы ұтқыр шешім «Латын әліпбиіне көшу» бағдарламасының қабылдануы. Астана - саяси таңдаудың жемісі болса, латын қарпі - мәдени таңдаудың нәтижесі. Осы екі маңызды фактор бір-бірін толықтырып, күшейте түседі. Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті қолға алған жобасы кіршіксіз жүзеге асатындығына ешқандай күмәніміз жоқ. Туыстас ел - Қазақстандағы айтулы оқиғаларды Түркия тұрғысынан қарағанымызда ризашылық сезіммен бірге, шексіз қуанышқа кенелеміз. Президенттің ұстанған ұстанымы Түркия Республикасының негізін қалаған Гази Мұстафа Кемал Ататүріктің қайраткерлігімен үндеседі. Өмірін әдебиетке арнаған қаламгер ретінде жан-дүниеме шуақ төккен әлем шаһарларының бет-бейнесінде ұлттық нақышқа бай өнер туындылары мен символдары бар екенін байқаймын. Астана да көрікті келбетін қалыптастыра отырып, мәңгілік ел болу мұратына жетеді деп сенемін. Ыстық ықыласымды Астанаға арнаған өлеңіммен аяқтасам деймін. 

Биіктерде ұшады, Астанаға қонады,

Еркіндіктің ерке құсы жаны ізгі.

Күлден түлеп, қайта самғап барады,

Ертегінің Самұрығы тәрізді.

Желмен бірге жүйткіп-жүйткіп жарысқан,

Алатаудан асау құлын кетті енді.

Ақмолаға садақ тартып,

бақылаған алыстан,

Бір жаужүрек әкеледі көктемді.

Самарқанның жұлдызымен сырласқан,

Расанхана емес пе екен, "Бәйтерек".

Мәуләнаның қазығындай жыр-дастан, 

Жер мен көктен табылмаса, қайтер ек.

Далада көрген болжам түстерін,

Өтүкеннің жорамалы - Астана.

Азат күнмен алға жүрген көштерін,

Тұрақтатқан керуен ғой, бас қала.

Яхия Акенгин, Түркі әлемі Жазушылар  және өнерпаздар қорының президенті.

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости