Ұлттық музейде ерекше өңір мұражайларының көрмесі ашылды

6 Июня, 2018, 10:22 4404
Ұлттық музейде ерекше өңір мұражайларының көрмесі ашылды | #столица | BNews.kz

Аталған жоба елорданың 20 жылдығына арналған және "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Бүгін Ұлттық музейде "Өткенді еске алу – болашаққа жол" атты Астана қаласындағы өңірлер мұражайларының көшпелі көрмелерінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BNews.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Аталған жоба елорданың 20 жылдығына арналған және "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты - республика өңірлерінің тарихы мен мәдениетін білу; жалпақ жұртты Қазақстанның тарихи тұлғаларының өмірбаяны және шығармашылығымен таныстыру; халықтың мәдени және білім деңгейін көтеру, қазақстандық коғамның рухани дамуы. Жобаға Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарының 30-дан астам мұражайы қатысады.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасының және Елордамыздың 20 жылдығын атап өту аясында жоспарланған іс-шаралар өте көп. Соның ішінде еліміздің өңірлерінің тарихымен, ел тұлғасы бола білген азаматтардың өмірі мен шығармашылығын таныстыруға арналған "Өткенді еске алу – болашаққа жол" көрмесі маңызды және салмақтысы болуы тиіс. Облыстарда болып жатқан шығармашылық табыстар, өнер мен мәдениет саласындағы ізденістер осындай ауқымды алаңдарда таныла бастайды", - деді ашылу салтанатында сөз сөйлеген Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.

Жобаны ақын, публицист, "Алаш" қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған "Ұлтын сүйген ұлы жүрек" көрмесімен Солтүстік Қазақстан облыстық мұражайлар бірлестігі, "Ұлытау әлемі" көрмесімен "Ұлытау" ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы және "Рухани жаңғыру" көрмесімен Ақмола облысының мұражайлары ашты. Аталған көрмелер осы жылдың 10 маусымына дейін жалғасады.

Көрмеде Мағжан Жұмабаевтың отбасылық альбомынан суреттер, Жұмабаев әулетінің шежіресі, ақын құжаттарының көшірмелері және жеке заттары қойылған, олардың ішінде ақынның жайнамазы, 1923 жылы жарық көрген "Избранное" кітабы бар. 

Сонымен қатар, көрмеге қазіргі заман өнер туындылары да қойылған. Соның бірі сүйектен бұйымдар жасайтын Кәрім Бектастың қолынан шыққан бұйымдар.

"Сүйекті алдымен ағартып, жұмсартып алу қажет. Ол үшін тұзды суға көбірек қайнатып, сірке суы қосылған суға салып қою керек. Тұз сүйекті ағартады, ал сірке суы жұмсартады. Осымен айналысып жүргеніме 3 жыл болды. Жамбастан, жауырыннан жасаймын. Негізі жауырынмен көп жұмыс жасаймын. Жауырынға ойыңды толық сыйғызуға болады. Көбінесе таңбалы тастар, сақ дәуірінен қалған бұйымдардан аламын. Негізі ұлттық және тарихи тақырыпты арқау етемін", - дейді шебер Кәрім Бектас.

Әрі қарай жобаны Павлодар облысының "Ертіс – Баянауыл өңірінің тарихы мен мәдениеті" көрмесі (16-22 маусым), Алматы облысының "Жетісудың 20 музейі" көрмесі және Шығыс Қазақстан облысының "Ұлы даланың Ұлы ақыны" және "Жидебай-Бөрілі" қорық-музейі (27 маусым - 7 шілде) жалғастырады. Көрме барлық келем деушілерге тегін.

 

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости