Айдос Сарым: Облыстың Түркістан аталуына қатты қуандым

20 Июня, 2018, 15:27 3959
Айдос Сарым: Облыстың Түркістан аталуына қатты қуандым | Взгляд в будущее | BNews.kz

Саясаттанушының айтуынша, бұл Қазақстанды түркі әлеміне жақындата түсуге, көрші елдермен байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретін тарихи белес болып табылады.

Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым Түркістанның облыс орталығы, ал Шымкент республикалық мәртебесі бар қала атануына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BNews.kz  тілшісі. "Бұл жаңа облыс орталығын тұтас түркі әлемінің нағыз рухани астанасына айналдыруға мүмкіндік береді. Сондықтан оған ұлтымыздың бүкіл архитектуралық, инженерлік ақыл-ойы жұмылуы керек" дейді ол.

Өте жақсы жаңалық

Президент Назарбаевтың Түркістан облысын құру туралы бүгінгі Жарлығы – еліміз үшін үлкен жаңалық. Оңтүстік Қазақстан облысы – біздегі халқының өсімі және еңбек ресурстары жөнінен ең үлкен аймақ. Осы уақытқа дейін ол өзінің ішкі резервтерінің басым бөлігін пайдаланып болды. Түркістанды жаңа мәртебесіне лайық қалаға айналдыру - ЭКСПО секілді үлкен ұлттық жоба деп атай аламыз. Түркістанның өзінде көші-қон, инфрақұрылым сияқты салалар бойынша 40-50 мыңдай жаңа жұмыс орнын құруға болады. Естеріңізде болса, ЭКСПО ғимараттарын салу, оны өткізуде шамамен осынша жұмыс орны ашылған еді.

Үкімет алдында Түркістанды өркендету, туристік потенциалын күшейту, тіпті болашақта мегаполиске айналдыру міндеті тұр. Бір сөзбен айтқанда, мұны жаңа қала салу деуге болады.

Еліміздің жаңа астанасы салынғаны сияқты, бұл түркі әлемінің рухани астанасын салу деп атауға болатын үлкен жоба.

Ең бастысы, қала салу барысында оның тарихи келбетін жоғалтып алмауымыз керек. Бакудің ескі қаласы, Риганың ескі қаласы деген сияқты, Түркістанның да тарихи бөлігі сақталуы тиіс. Мұндай қала салу үлкен өнер. Сондықтан ол біздің көзіқарақты, рухани білімі бар, тарихты білетін мамандарымызға сын болғалы тұр.

Шымкент нағыз замануи қалаға айналуы тиіс

Облыс орталығы міндетін атқаруға қажет құрылыстар салу алдағы төрт-бес жылда атқарылатын негізгі жұмыс болады. Бұл өз кезегінде облыстың әлеуметтік-экономикалық, рухани, техникалық және инженерлік потенциалын пайдалануға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.  Бұл оңтүстікке тың, жаңа серпін беретін іс болғалы отыр.

Сонымен қатар Шымкентті нағыз замануи қалаға айналдыру міндеті де бар. Шымкент Қазақстандағы аумағы жөнінен ең үлкен қала болып саналады. Жекеменшік сектордың үлесі, басқаша айтқанда жер үйлердің үлесі тым көп. Осы мәселені шешу керек шығар. Тек тойханалар емес, зәулім әрі әдемі кешендер салған жөн. Яғни, урбанизация процесін тиімді басқару қажет. Мысалы, көппәтерлі үйлер мен пәтер арасы жер мен көктей. Мәселен, талапқа сай салынған зәулім ғимарат жылуды тиімсіз коттеджге қарағанда аз шығындайды.

Облыстың жаңа атауы неліктен маңызды?

Облыстың аты Түркістан аталуына өз басым қатты қуандым. Оның ғана емес, біздің аймақтың тарихи атауы да Түркістан ғой. Бұл Қазақстанды түркі әлеміне жақындата түсуге, көрші елдермен байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретін тарихи белес деуге болады. Барлығын дұрыс ұйымдастыра алсақ, бұл тіпті жалпы түркі әлеміне ортақ жобаға айналуы мүмкін.

Осылайша ол қазіргі аудан орталығы деңгейінен болашақта республикалық, аймақтық қала дәрежесіне жетсе, бұл біздің ел үшін үлкен табыс болатыны сөзсіз.

Қорыта айтқанда, Түркістан республикалық архитектуралық, инженерлік ақыл-ойын жұмылдыратын үлкен ұлттық, рухани жоба болмақ. Сондықтан қазіргі Түркістан облысының тұрғындарын бүгінгі тамаша жаңалықпен құттықтаймын.

Жазып алған Қарлыға Бүйенбай

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости