Алматыда латын графикасына негізделген жаңа емле ережелер жобасы сынамадан өтті

17 Августа, 2018, 16:41 6303
Алматыда латын графикасына негізделген жаңа емле ережелер жобасы сынамадан өтті | Взгляд в будущее | BNews.kz

Сынама барысында терең логикалы латын әліпбиінің бүгіні мен ертеңі кеңінен талқыланды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына"  ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Алматыда латын графикасына негізделген жаңа емле ережелер жобасын сынамадан өткізді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Латын әліпбиіне көшу – өркениетке ілесу. Елбасы жолдауда "Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады" деп, ұлттық өрлеу мен әлемдік өркениетті тұтастандыратын өзекті мәселені атап көрсетті.

Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінде Ш. Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына"  ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры  Ербол Тілешов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева, "Мемлекеттік тілді дамыту институты" ЖШС атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты  Бижомарт Қапалбек және орталықтың ғылыми қызметкерлері сынақ сауалнама жүргізді.

Сынамаға  Алматы қаласының  барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, әскери қызметшілер жалпы саны 250 адам қатысты.

"Жалпы емле ережелерін жасауда өте мұқият болу керек. Әрбір бапты талдап, талқылап, апробациядан өткізіп барып қабылдаған дұрыс. Міне, бүгінгі апробация(сынама) ісі осыған байланысты. Естеріңізде болса, 1940 жылғы 13 қарашада "Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы" заң қабылданғанымен, емле ережесі тек 1957 жылы ғана бекітілді және оған 1983 жылы өзгертулер мен түзетулер енгізілді. Соған қарамастан, ол ереженің жоғарыда көрсетілгендей кейбір кемшін тұстарының бар екені әлі де айтылып жүр.  Сондықтан қателеспес үшін енді қабылданар емле ережелеріне мұқият қарағанымыз абзал. Латын әліпбиіне көшу және үйрету шараларына мерзім белгілеуде қазақ тілінің табиғаты ескерілмейді. Қазақ тілі – жиырмасыншы ғасырға шейін жазуға байланбай, еркін дамып, дыбыстық жағынан әбден жүйеленген тіл. Ахмет Байтұрсынұлы арабқа, татарға алаңдамай, қазақ тілінің табиғатына ыңғайлап, төл әліпби құрастырып бергенде, онымен сауат ашып кету үшін қабілеті орташа балаға төрт апта жеткілікті болған екен. Қазір де солай, тіпті мектеп деңгейінде лингвистикалық білімі бар қазақша сауатты жандарға дұрыс әліпби болса, жүгіртіп оқып кету үшін төрт-ақ сағат керек" - деді "Мемлекеттік тілді дамыту институты" ЖШС атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты  Бижомарт Қапалбек.  

Сынаққа қатысқан қауым жаңа әліпбидің жобасына зор қызығушылық таныттып, қызу талқылады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында көтерілген әліпби мәселесі оның 2017 жылғы 26 қазандағы және 2018 жылғы 19 ақпандағы Жарлықтарымен бекітілді.  

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті, Шайсұлтан  Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына"  ұлттық ғылыми-практикалық орталығы  Алматы қаласында   қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпарттық насихат жұмыстарын да өткізді. Сынамаға қатысушылар алдында қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің маңыздылығын ғылыми негіздермен көпшілікке түсіндірілді.

Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаев  "Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық" - деген еді. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру ел үшін ең биік белес.

"Қай әліпби болсын сол халықтың мәдени болмысын аңғартатын айғақтардың бірі. Өйткені мәдени мұра, мәдени жәдігерлер әліпбиде сақталады, әліпби арқылы келесі ұрпаққа жетіп отырады. Қай әліпбидің болсын осындай тарихи миссиясымен бірге оның заманауи міндеттері де болады. Елбасы  осы ретте: "Латын әліпбиіне көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-­ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты", - деп, бұл әліпби қазақстандық қоғамның жаңа кезеңдегі ең қажетті таңдауы екендігін айтты. Бұл ел тарихындағы аса ірі оқиға. Сонымен бірге әртүрлі тарихи, саяси, әлеуметтік себептермен дүниенің түкпір-түкпіріне тарап кеткен қазақ баласы ортақ әліпбиге ие болады. Бұл қандастарымыздың қатынасы үшін аса маңызды қадам. Жалпы жаңа әліпбиі тәуелсіз сананың жаңғыруына бастайды, дүниені тануымызды оңайлатады. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру үшін Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы" құрылып, білікті мамандармен қамтамасыз етілуде. Оның бүгінгі таңдағы ең маңызды міндеті – жаңа әліпбидің емле ережелерін дайындау жұмыстарын үйлестіру. Қазір бұл ережелердің жобалық нұсқасы дайындалып, оның аробациясы Астана, Қарағанды, Өскемен, Семей, Көкшетау, Қызылорда, Ақтөбе қалаларында өтті. Енді Алматы қаласында  өткізілуде. Халықтың жаңа әліпбидегі сауаттылығын қамтамасыз ету үшін емле ережелерімен бірге, қазақ тілінің жаңа орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктері дайындалады", – деп ойын түйіндеді Ербол Тілешов.

Ал тіл маманы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпараттық насихат жұмыстарының пәрменділігін арттыру қажеттігіне  көңіл аударды.

"Иә, латын графикасына көшу – өркениеттік мәселе. Ашық және глобалды әлем пайдасына таңдауымыз - қазақ тілі жаңа динамика мен дамуға бағыт алып отыр. Бүгінде көптеген тілдер жаһандық процестер тарапынан қысым алуда. Осы орайда Қазақстанның латынға көшуі - білім саласына байланысты басқа да реформалармен тығыз байланыста. Демек, бұл жаһандану кезеңіндегі ұлттың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға бағытталған ұлттық білім жобасы болмақ. Ең бастысы - ұлттық сананың трансформациялануы, өзгеруі. Елбасы дәстүр мен заманауилық арасында тепе-теңдікте тұруға тиісті қазақстандық модернизация бағдарламасын енгізудің жүйесін ұсынды. Ол тек өткенге, бұрынғыға жалтақтай бермеуге, жаңаны да қуып артынан еріп кетпеуге шақырады" - деді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева.

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпарттық насихат жұмыстарына қатысушылар жаңа әліпбидің жобасына зор қызығушылық танытып, қызу талқылады.

Сондай-ақ қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпарттық насихат жұмыстары Алматы облысы Каскелең қаласындағы Сүлеймен Демерел университетінде де  өтті.

Университет халықаралық үлгідегі бағдарламаға сай оқу орны болып табылады. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпараттық насихат жұмыс тобының жетекшісі,  Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл – Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов, қоғам қайраткері,саясаттанушы Дос Көшім,  сынамаға қатысушылар алдында қазақ әліпбиін латын графикасына көшудің маңыздылығын ғылыми негіздермен көпшілікке түсіндірді.

"Тіл-Қазынаның" бүгінгі таңдағы ең маңызды міндеті – жаңа әліпбидің емле ережелерін дайындау жұмыстарын үйлестіру. Қазір бұл ережелердің жобалық нұсқасы дайындалып, оның аробациясы еліміздің сегіз қаласында өтті. Енді Каскелең  қаласында  өткізілуде. Халықтың жаңа әліпбидегі сауаттылығын қамтамасыз ету үшін емле ережелерімен бірге қазақ тілінің жаңа сөздіктері дайындалады", – деп ойын түйіндеді сөзін Ербол Тілешов.

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпараттық насихат жұмыстарының пәрменділігін арттыру қажеттігіне  көңіл аударылды.

"Бұл реформаны орыс тілінен, орыс мәдениетінен алшақтау не болмаса түрік тілі мен түрік әлеміне жақындау деп түсіну дұрыс емес. Яғни, ешқандай саяси астары жоқ. Бір ғана мақсат – қазақ тілін әлемдік деңгейге көтеру. Латын графикасы бірізділікеке жетер жол іспетті. Қазақ тілін қоғамдық өмірдің барлық саласында жұмыс істейтін дәрежеге жеткізудің бір жолы – халықаралық тәжірибеде өзінің тиімділігін дәлелдеген жолын - көрсету артық болмас деп ойлаймын", - деді қоғам қайреткері,саясаттанушы  Дос Көшім.

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпарттық насихат жұмыстарына қатысушы Сүлеймен Демерел университеті студентері мен оқытушылары  жаңа әліпбидің жобасына зор қызығушылық танытып, қызу талқылады. Жетілдіру қажет ететін  тұстары туралы ұсыныстарын айтты.

Еске сала кетейік, қазақ тілінің латын графикасындағы емле ережесін апробациялау басталғаны туралы осыған дейін айтқан едік. 

Оқушылар тестілеуден өтіп, лингвист ғалымдарға жаңа әліпбидің орфографиялық мәселелерін анықтауға көмектесті.

Қазақстанның барлық өңірлерінен жазғы демалыстарын "Балдәурен" оқу – сауықтыру орталығына өткізуге келген 300-ге жуық оқушы латын графикасындағы қазақ тілінің жаңа емле ережесінің пилоттық жобасын апробациялауға қатысқан еді. Оқушылар тестілеуден өтіп,  лингвист ғалымдарға жаңа әліпбидің орфографиялық мәселелерін анықтауға көмектесті. Тапсырмалар жинағы алты парақтан тұрады. Басында сауалнамалық мәліметтерді толтыру қажет.  Жинақтың бірінші тапсырмасы оқушыға оның пікірі бойынша қазақ сөздерін латын қаріпіндегі ыңғайлы және дұрыс нұсқасын  таңдауды, сондай-ақ ұсынылған "дұрыс" және "икемді" деген сөздерді екі  нұсқада жазуды ұсынады. Сондай-ақ, оқушылар  өздеріне ұнаған нұсқадағы сөздерді және  оларды латын қаріпінде де, кирилицада да жаза алады. Жинақтың соңғы парағы оқушылар өздерінің ескертулерін  жазу үшін қалдырылған.

Сондай-ақ, жаңа емле ережелері сынамасы Қарағандыда өтіп жатқаны туралы осыған дейін хабарланған болатын. Сынамаға Абай, Саран, Теміртау, Шахтинск қалаларындағы барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, ЖОО студенттері қатысты. Сынаққа жалпы саны 250-ге жуық адам қатысты, оның ішінде жартысынан көбі басқармалардың  қызметкерлері болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында: "Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен ғана емес, адамдарының бәсекелік қабілеттілігімен айқындалады" деп атап көрсетті. Бүгінгі таңда үш тілді білу – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Мұның негізгі  мақсаты бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру болып табылады.

Жазу –  ұлттың тарихы, ұлт мәдениетінің таңбаланған жәдігері. Жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғамдық өмірінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени деңгейіне әсер ететінін ескерсек, жаңа әліпбидің емле ережелері жазбаша тіл мәдениетін қалыптастыруға қызмет ететіні сөзсіз. Оның айқын дәлелі бүгінгі латын графикасына негізделген  жаңа емле ережелері  жобасын  сынамадан өткізу болып табылады.

Жаңа емле ережелері сынамасы Өскеменде де жалғасты. Сынамаға  Өскемен,  Риддер, Зырянь, қалаларындағы барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, ЖОО студенттері қатысты. Сынаққа жалпы саны 150 адам қатысты, оның ішінде жартысынан көбі басқармалардың  қызметкерлері.

Сондай-ақ, латын графикасына негізделген емле ережелерінің сынамасы Қызылорда облысында да өтті. Сынамаға Қызылорда облысының барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері мен әскери қызметшілер қатысты. Сынаққа жалпы саны 500 адам қатысты.

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости