Астанада латын әліпбиін енгізудің ғылыми міндеттеріне арналған семинар өтті

14 Декабря, 2018, 13:15 4222
Астанада латын әліпбиін енгізудің ғылыми міндеттеріне арналған семинар өтті | Взгляд в будущее | BNews.kz

Аталған шараға төрт жұмыс тобының ғалымдары, әдіскерлері мен мамандар қатысты.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы "Латын әліпбиін енгізудің ғылыми-ұйымдастырушылық міндеттері" тақырыбында республикалық семинар-кеңес өткізді, деп хабарлайды ВNews.kz тілшісі.

Семинар-кеңестің мақсаты – латын графикасына негізделген жаңа емле ережелерін Қазақстан Республикасы жанындағы Ұлттық комиссия мақұлдауына байланысты атқарылған жұмыстарды қорытындылау, алдағы уақыттағы жұмыс жоспарын пысықтау және болашақта ұйымдастырылатын ғылыми бағыттағы жұмыстарды белгілеу болып табылады.

Семинар барысында еліміздің беделді ғалымдары орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық жұмыс тобы мүшелері Шерубай Құрманбайұлы, Таңат Аяпова, Анар Фазылжанова, Айман Алдаш, Жанар Жұмабаева, Құралай Күдеринова, Айнұр Сейітбекова қатарлы тілші-ғалымдар емле ережелерінің теориялық, әдістемелік негіздері, емле ержелерін үйретуде туындайтын қиындықтар, 2019 жылғы орфографиялық жұмыс тобы атқаратын шаралар, ономастикалық ережені дайындаудағы мәселелер, емле негізінде дайындалатын анықтағыштың негізгі бағыттары турасында баяндамалар жасалды. Тіл орталықтарының әдіскерлері мен мамандарына арналған жаңа жазуды меңгерту әдістемесін үйрететін курс бағдарламасы таныстырылып, талқыланады.

Филология ғылымдарының докторы, професссор Таңат Аяпова емле жасауда әртүрлі топтағы адамдардың ерекшелігін ескере отырап жасау керек дегенді айтты.

"Егде жастағы адамдардың, зейнеткерлердің де ерекшелігін еске ала отырып, ережені жасау керек. Оны қалай іске асыруға болады. Арнайы курстар өткізу керек. Міндетті түрде біз әдістемелік жағына мән беруіміз керек. Теория дегенді азайту керек. Ең бірінші сабақта латын графикасының тарихын, оның бұрын қалай қолданғанын айтыңыз. Оған бір-екі сабақ жетеді. Қалған уақытта емле ережесін қандай әдіспен халыққа үйрету керек. Осыған үлкен мән берген дұрыс. Соған сәйкес сондай тренерлер дайындауымыз керек. Міне, сондықтан контекстік негізде үйретуді ұсынамын. Ол не деген сөз? Мысалы, оны бастауыш мектептен бастап қолға алып, контекстік негізде әліппені үйрету керек. Яғни, нақты мысалдар арқылы оқытқан дұрыс. Неше түрлі әдістемелік құралдар бар. Біздің мақсатымыз аудиторияны оқуға және жазуға үйрету. Арнайы әдістемелік құралдарда 100-ге жуық жаттығулар бар, сол жаттығуларды қолданып, тренерлер дайындап, халыққа үйретуіміз керек. Сонда үйренушілер арасында үрей болмайды", - деді професссор.

Кеңес барысында аталған топтарға онлайн-кеңестер жүргізілу қажеттігі де аталып өтті.

"Онлайн кеңестер болу керек. Оның басы-қасында әдістемені қалай үйрету керек екенін білетін жаттықтырушылар тұруы қажет. 5 топқа бес жеке адам кеңес беру керек. Кеңестер нақты бір құралға негізделген өте қысқа, түсінікті, әрі ұтымды болу керек. Бес турлі аудитория бар, алғашқысы - балабақша. Келесі топта бастауыш мектепте сабақ беруші мамандарды үйрететін тренерлер, одан кейінгі топта студенттер мен магистранттар, докторанттар. Төртінші топта орыстілді аудиторияға үйрететін тренер тұру керек. Бесінші топта егде жастағы адамдарға арналған тренерлер болу керек", - деп сөзін жалғады Таңат Аяпова.

Оның айтуынша, бұл жаттықтырушыларды орталықтың өзінде дайындау керек. Мақсат - оқу мен жазу жылдамдығын арттыруға көмектесу.

"Әдістемелік құралда тренер дайындайтын курс 24, кей жағдайда 12 сағат қана болса жеткілікті деп ойлаймын. Сондай-ақ орфографиялық топтың төрт қосымшасы керек. Оны құрал ретінде дайындау қажет. Егер әдістемелік тұрғыдан жақсы үйретсек, дұрыс нәтижеге қол жеткіземіз", - деп түсіндірді професссор Таңат Аяпова.

Сонымен қатар, латын графикасына көшкен түрік, әзербайжан тілі емле ережелеріндегі ерекшеліктер сөз болды. Аталған шараға 4 жұмыс тобының ғалымдары мен әдіскерлері, мамандар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости