Бурабайда "Тіл шебері-2018" республикалық байқауы өтті

19 Июня, 2018, 12:00 3961
Бурабайда "Тіл шебері-2018" республикалық байқауы өтті | Взгляд в будущее | BNews.kz

Байқау мемлекеттік қызмет мәртебесін көтеруге бағытталған.

Мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтеру оған қойылатын талаптың биіктігінде екендігі мәлім. Бұл тұрғыдан қарағанда алдымен мемлекеттік тілді жетік меңгеру қашанда өзекті болмақ. "Рухани жаңғыру" аясында еліміз өзінің игі мақсаттарын мемлекетті құраушы ұлт тілінің пәрменділігімен байланыстыратыны белгілі. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитетінің бастамасымен Бурабайда өткізілген жас мемлекеттік қызметшілер арасындағы "Тіл шебері-2018" республикалық байқауының өнегелік сипаты кең. Байқауды "Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл – Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы" ұйымдастырып, белгілі "Балдәурен" оқу-сауықтыру лагерінде өтті, деп хабарлайды  BNews.kz тілшісі.

Министрліктің тілдерді дамыту және қолдау басқармасының  басшысы Аманкелді Қожабек пен "Балдәурен" оқу-сауықтыру орталығының бас директоры Мұхитдин Төлепбай қатысушыларды республикалық байқаудың ашылуымен құттықтап, іріктеу сындарынан мүдірмей өткен 19 үміткерге сәттілік тіледі.

"Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында: "Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен ғана емес, адамдарының бәсекелік қабілеттілігімен айқындалады" деп атап көрсетті. Бүгінгі таңда үш тілді білу – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Мұның негізгі  мақсаты бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру болып табылады. Сондықтан, дәстүрлі байқаудың түпкі мәнін түсініп, жоғары жауапкершілікпен қарауларыңыз қажет.- деді Аманкелді Қожабек. 

Байқауды жүргізушілер ақтық сынға қатысушыларды сахнаға үш тілде сөйлеп шақырды. Яғни, "Тұсаукесер", "Ұлттаным", "Өнертаным" аталымдарынан тұратын байқау да үш тұғырлы тілде тұғырлана түспек деген сөз. Осының өзі бәсеке бәсін салмақтандырып жібергендей еді. Орталық атқарушы органдардың 21-29 жас аралығындағы өкілдері ұлттық киіммен ортаға шықты. Сын сұрақтары электронды тақтада көрсетіліп отырды.

Бурабайдағы кадет Корпусының взвод командирі Дарын Әшімов байқауды бірінші болып бастап, алғашқы сыннан мүдірмей өтті. Ол Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерге барынша қанықтығын білдіріп қана қоймай, жылдың басты құжаты шеңберінде атқарылып жатқан істерге де шолу жасауға тырысты.

Бұдан кейін сахнаға көтерілген он министрліктің өкілдері Әйгерім Құлымбетова, Ержан Досымханов, Нәзипа Өтепова, Елнұр Кенесары, Айнаш Құсайынова, Мадияр Бүркіт және басқалары сұрақтарға тұшымды жауаптар қайтарды. Осы ретте қазылар алқасының төрайымы Назарбаев университетінің профессоры Жазира Ағабекова байқау шартына өзгерістер енгізіп, барлық үміткерлердің үш аталымға тегіс қатысуына мүмкіндік бергенін атай кеткіміз келеді.

Тартысты өткен байқауда бас жүлде Әйгерім Өскенбаеваға берілсе, бірінші орынды Бекзат Смағұл еншіледі. Сондай-ақ,  ынталандыру сыйлығына лайықтылар дипломдар мен ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости