Ескерткіштер тарихымызды таныту үшін керек – Жабай Қалиев

29 Мая, 2018, 12:48 4434
Ескерткіштер тарихымызды таныту үшін керек – Жабай Қалиев | Взгляд в будущее | BNews.kz

Астанадағы Абай Құнанбайұлы монументінің жалпы  биіктігі 17 метрден асады.

Ескерткіштер Қазақ елін әлемге таныту үшін керек, деді Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы, п.ғ.к. Жабай Қалиев BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында. Тарихшы қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлы ескерткіштері жайлы сөз қозғаған еді.

Тарихшы ескерткіштер қазақ елін әлемге таныту үшін керек дейді. Оның айтуынша, Кеңес үкіметі кезінде елімізде көп ескерткіш болмаған. Ірі қалалар мен орталық көшелерде Ленин атындағы көше мен Ленин ескерткіштері ғана орналасқан болатын.

"Ал тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің әр облыс орталығы, ірі қалалары мен шағын елді мекендерінде Абай атындағы көшелер пайда болды. Абай Құнанбайұлы ескерткіштері де бой көтере бастады. Тек, Алматыдағы монумент Жұмабек Тәшеновтың араласуымен 1960 жылы, тәуелсіздік алмай тұрып ашылған еді. Ескерткіш орналасқан көше мен алаңға да Абай атамыздың есімі берілген. Алматыда Абай атындағы жоғары оқу орын да бар", - деді Қалиев.

Жабай Қалиев Астана қаласындағы Абай Құнанбайұлы ескерткіші жайлы да әңгімелеп берді. Оның айтуынша, Абай мен Бейбітшілік көшелерінде, Астана қаласы әкімдігі алдындағы алаңда орналасқан ескерткіш 2010 жылы 19 маусымда ашылған. Абай мүсіні - 7 метрден, ал монументтің жалпы биіктігі – 17 метрден асады. Ескерткіш таза қоладан құйылған. Салмағы - 10 тонна. Туынды авторы - мүсінші Болат Досжанов.

"Бұл еңселі, тамаша монумент. Орталық көшедегі ескерткіш Астанаға көрік беріп тұр. Бұндай туындылар туристерге де керек, ұрпақ тәрбиесіне де қажет. Ұлы ойшылға арналған ескерткіштер Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мен Қытай сияқты көрші мемлекеттерде де бар. Тіпті, Үндістан, Франция мен Еуропаның көптеген елдерінде ақынға құрмет ретінде ескерткіштер орнатылған", - дейді маман.

Тарихшының айтуынша, Абай - барша қазақты әлемге танытқан тұлға. Ол - қазақ халқының мақтанышы. Ұлы ақынның еңбектері әлемнің бірнеше тіліне аударылған.

"Абай Құнанбайұлының бізге қалдырған мұрасы - өміршең. Философтың өзі өмір сүрген уақытта айтып кеткен сөздері қазіргі заманға, қазіргі қазақ қоғамына айтылғандай. Ұлы тұлғаның жүрегінен шыққан өлеңдері мен қара сөздері ешқашан өлмейді. Сондықтан, осындай жүз жылда бір туатын қазақтың тұлғаларына арнап ескерткіш орнату, көше, мектеп, колледж бен жоғары оқу орындарына олардың есімін беру - құптарлық іс", - деп түйіндеді Жабай Қалиев.

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости