Қазақ тілі сабақтарында сандық білім беру ресурстарын пайдалану маңызды – оқытушы

5 Октября, 2018, 17:47 4988
Қазақ тілі сабақтарында сандық білім беру ресурстарын пайдалану маңызды – оқытушы | Взгляд в будущее | BNews.kz

Қызылордада жаһандану жағдайындағы тіл үйретудің инновациялық әдіс-тәсілдері талқыланды.

Қызылордада Қазақстан Республикасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі  Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл – Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы "Жаһандану жағдайындағы тіл үйретудің инновациялық әдіс-тәсілдері" атты республикалық семинар өткізді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Семинар жұмысына Тіл саясаты комитетінің сарапшысы Қонай Халым, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының  атқарушы директоры Ербол Тілешов, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы əдістемелік бөлімінің басшысы Сабира Сапина және Тіл саясаты комитетінің қызметкерлері, әдіскер ғалымдар, тіл мамандары, Астана, Алматы қалалары және облыс орталықтарындағы мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының  мамандары қатысты.

"Тіл дегеніміз – белгілі бір сөздердің өзара тіркесу комбинациясы. Тілдегі сөздік қордың бірліктері кейде атау тұлғада тұрып, кейде түрленіп өзара байланысқа түсетіні де, әр тілдің табиғатына сай байланысу тәсілдері болатыны да белгілі. Ширек ғасырдай уақыт қазақ тілін үйрету тиісті нәтиже бермей келсе, оған тіл саласында жүргендердің де "үлесі" бар деп ойлаймыз. Тіл үйренушінің күнделікті қарапайым қолданысына ең қажетті белсенді лексиканы таңдау сияқты маңызды бастаманы бірлесе атқарудың қамына кіріскен жөн дер едік", - деді Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының  атқарушы директоры Ербол  Тілешов "Жаңа қазақ əліпбиі: ұлттық өркениет бағдары  жəне жаһандық дамумен сабақтастық" атты баяндамасында.

"Жаһандану жағдайындағы тіл үйретудің инновациялық әдіс-тәсілдері" республикалық семинары тың әдістерге бай жаңашыл технологиялар арқылы тіл үйренудің жолын таңдауды көздейді.

"Қазақ тілі сабақтарында заманауи мультимедиялық технологияларды, Playposit, Socrstive, Thinglink онлайн бағдарламаларын  қолданудың әдіс-тәсілдері практика жүзінде көрсетілді. Қазақ тілін меңгертуде қолданылатын заманауи технологияның бір түрі – интернет желісіндегі online бағдарламалар сабақтың барысын ұтымды, тиімді, үнемді қолдануға мүмкіндік береді. Online бағдарламалар – мультимедиалық әдістің бір түрі. Қазіргі таңда күнделікті қолданыста жиі пайдаланылатын online бағдарламалар: Thinglink.com, Playposit.com, Socrative.com, kahoot.it, Google.doc қызметі. Оның дәстүрлі әдістерден артықшылықтары синкреттік қасиеті: бір сәтте көру мен  есту бойынша қабылдау мүмкіндігі, ақпаратты алуда студенттің  өзі әрекет  етуі арқылы белсенді  қатысуында.   Қайталап талдауды қажет ететін бұрынғы бағдарламаларды қайта шығару арқылы оларға қайта оралу мүмкіндігін тез арада орындайды. Тіл үйренушіні шығармашылық әркетке ынталандырады. Оқытуды мейлінше  дара сипатта жүргізуге мүмкіндік береді. Тіл үйрену тікелей тіл үйренушінің  өз әрекеті арқылы жүреді.Оқу бағдарламасындағы оқу  материалдарын пайдалануда, оларды оқып меңгеруде шегінуіне де,  тұрақты көріп талдауына да, таңдауы бойынша ілгері өтуіне де болады", - деді Қарағанды облысы тілдерді оқыту орталығынан келген  оқытушы Динара Қуанбаева. 

Семинардың мақсаты – мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесін жетілдіру, озық тәжірибені  зерделеу және қорыту, оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін тәжірибеге енгізу, заманауи мультимедиялық технологияларды қолданудың әдіс-тәсілдерін үйрету, латыннегізді қазақ тілінің емле ережелерін үйретуде жаңашыл технологияларды қолдану әдістерін таныстыру болып табылады.

"Латын графикасы негізіндегі қазақ тілінің жаңа емле ережелерін оқыту мәселелері" тақырыбы бойынша емле ережелерінің жобасы таныстырылды. Жазу жобасындағы жаңа ережелер, өзгерістер енген ережелер мысалдар арқылы түсіндірілді. Тыңдаушылар ережелер жобасын үлкен қызығушылықпен қабылдап, кейбір мәселелер бойынша пікірлерін білдірді. Емле ережелерінде сөйлеу тілінің заңдылықтары сақталғандығын, бұл өз ретінде тіл үйрету кезінде, әсіресе, шеттілді сөздердің жазылуын үйрету кезінде оңтайлы болатындығын атап көрсетті", -деді  Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы əдістемелік бөлімінің басшысы Сәбира Сапина. 

Қазақ тілі сабақтарында жаңашыл, белсенді тәсілдерді қолдану жолдары қарастырылды.

"Қазақ тілі сабақтарында сандық білім беру ресурстарын пайдалану маңызды. Біздің  шеберлік сағатымыз "Қазақ тілі сабақтарында сандық білім беру ресурстарын пайдалану" тақырыбында оқытудың  жаңашыл, белсенді  әдіс-тәсілдері және қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту әдістемесі  негізінде  құрастырылған. Алдымен шеберлік  сағатымызда интерактивті "Lepbook" таныстырылады. Лэпбук дегеніміз - қызықты интерактивтік папка. Лэпбук – салыстырмалы түрде оқудың жаңа тәсілі. Лэпбук - ол интерактивтік әдістеме, оны құрастыру жөнінде келесі әдіс-тәсілдер қолдануға болады: салыстырмалы талдау, ізденіс, проблемалық сұрақтар, дидактикалық ойындар, әңгіме, сипаттау, сюжеттік ойындар және тағы басқалары. Бұл қатысушалардың сөйлеу дағдыларын дамытады. Ойын еркін жеткізіп, диалог құруға бағыттайды. Сабақ қарапайым А1 және базалық А2 деңгейлеріне арналғандықтан, олардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыру мақсатында бұл "Lepbook" - та сөйлесім тапсырмаларына баса назар аударылады. Сабақты бекіту, қорытындылау мақсатында тесттік тапсырмалар арқылы "Plickers" және "Kahoot" бағдарламалары таныстырылады. Бұл бағдарламалар қатысушылардың білімін жетілдіруде, ары қарай дамытуда өте қолайлы", - деді   Ақтөбе облысы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Алтынгүл Тəңірбергенова.

Шарада "Атамекен" ҚР ҰҚП Бизнес-коммуникацияны мемлекеттік тілде дамыту департаментінің сарапшы-лингвисі, филология ғылымдарының кандидаты Бекзат Динаева, Көкшетау қаласы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Гүлнар Кажкенова сыни ойлау технологиясы арқылы жазылым дағдыларын меңгерту жолдары мен қазақ тілін оқытуда электрондық, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдаланудың тиімділігін көрсететін тәжірибелерімен бөлісті.

Семинар барысында ұсынылған әдіс-тәсілдерге Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Гүлшат Қамзаева ғылыми-әдістемелік сараптама жасап, бағасын берді.

Шара соңында семинар қатысушыларына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің сертификаттары табысталды.

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости