Латын әліпбиіндегі емле ерекшеліктері – ғалым

8 Июня, 2018, 12:05 7689
Латын әліпбиіндегі емле ерекшеліктері – ғалым | Взгляд в будущее | BNews.kz

Ғалымдардың пікірінше, әліпби мен емлені тең ұстау керек.

Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен 11 маусым күні өтетін "Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері" атты республикалық конференцияның басты мақсаты – латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі емле ережелерінің Тұжырымдамасын нақтылау. Сол арқылы латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің орфографиялық ережелерін енгізуге, оларды апробациядан өткізу шараларына ғылыми негіздер жасау болып табылады, деп хабарлайды BNews.kz.

Конференция қарсаңында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік  мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Нұрбол Садуақасов әліпби мен емлеге қатысты пікірін білдірді.

"Бүгінгі таңда   әліпбиде әр дыбыстың өз  таңбасы  болмаса,  олар  жаһандану  екпініне  қарсы  тұра  алмай қалады.  Жазу тарихына  зер  салсақ, әліпбилерде   алғашқы кезде ағылшын жазуындағыдай қосарланған таңбалар  қолданылса, одан кейін жазу жетілген кезеңде әліпби қабылдаған елдер  диграфтан бас тартып,  диакритика қолданғаны байқалады. Себебі екі әріппен бір дыбысты таңбалау оқу-жазуға салмақ түсірді, ал оған  қарағанда  түрлі қосымша белгілермен (диакритикамен) өзгертіп алынған әріптер тиімді. Ал  кейбір жерлерде  әліпбиде апостроф пайдаланылды. Бірақ бұның әріптен тыс белгі ретінде ұмыт қалатын кездері көп еді. Одан кейін «бір әріп-бір дыбыс» графикасын ұстанған нағыз жетілген әліпбилер  дүниеге  келді.  Бұл   жетістікке  ие болғандар қатарында  орыстың қазіргі кирилл әліпбиін айтуға болды. Кириллица таңбалары арқылы алынған  біздің де төл дыбыстардың  таңбаларындағы  қосымша белгілері  сол әріптермен жалғасып жатқандықтан олар бір бүтін ретінде танылды. Мысалы, "ө" дыбысына алынған «о» таңбасының  ортасы сызылып, бүтін бір әріп болып қабылданып  тұрады. Бүгінгі күні компьютерде жоқ таңбаны алмаймыз деп, төл дыбыстарымызды таңбалауды қиындатып жіберуіміз мүмкін. Бас-басына таңбасы болмағандықтан күнделікті жазылымда адамдар  апострофты немесе әріпүсті белгіні бірде жазып, бірде қалдырып жазуға жол беруі мүмкін",- деді Нұрбол Садуақасов.

Филология ғылымдары№ кандидатының айтуынша, әліпбидегі әріптер дыбыстардың фонетикалық ерекшеліктерге сай  таңбалануы тиіс.

"Әліпбидегі әріптер дыбыстардың өзіндік фонетикалық ерекшеліктеріне сай  жүйелі таңбалануы тиіс.  Әліпбиде  өздерінің жуан-жіңішкелігімен бір-біріне қарама-қарсы қойылатын  дауысты дыбыстар  "А" мен "Ә", "О" мен "Ө", "Ұ" мен "Ү"  тек әріпүсті белгілермен ажыратылып, бірдей әріптермен берілуі өте дұрыс  жасалған деп есептейміз. Бірақ жуан-жіңішкелі  "Ы" мен "І" дауыстыларының I i -[і],  Y y- [ы]  болып екі түрлі таңбамен берілуі осы  жүйеге  сай келмей тұр. Сондықтан  бұл екі туыс дауысты да Y y-  [ы],     Y`y`-[і] болып, бірдей  әріппен таңбаланып, басқа дауыстылар сияқты  жүйемен, тек әріпүсті белгілермен ажыратылуы тиіс.  Егер осылай алсақ, қазақ тіліндегі барлық  тоғыз дауысты   да  жүйелі  таңбаланар еді:   A а - [а],    A`а`- [ә];  O o - [о],  O`o` - [ө];  U u- [ұ],     U`u`-[ү];  Y y-  [ы],  Y`y`-[і], Ее-[е];  Сонымен қатар дауыссыз дыбыстар жүйесінде бір-біріне жақын дыбыстар да бірдей әріптермен таңбаланып, тек әріпүсті белгілермен ажыратылуы тиіс.  Бұл талапқа  сай   N n - [н],   N`n`- [ ң] және  G g-[г],  G` g` -[ғ]  әріптері  де дұрыс алынған деп есептейміз. Ал дауыссыз  "й", "у", "ш", "ғ", "х", "ч", "Һ"  дыбыстарын таңбалауға төмендегі графемаларды қолдануды  ұсынамын:   I i - [й];   W w- [у];      C c-  [ш], C`c`- [ч];     H h- [h];  X x - [x ];  Латын әліпбиіндегі  барлық әріптердің қызметі  барлық елде бірдей емес,   әр ел   әріптерді өз  тілдерінің  дыбыс жүйесіне  қарай  бейімдеп   таңбалаған.  Сондықтан  латынның  "с"  әрпін  қазақ  сөзіндегі "ш" дыбысы үшін алу керек,  оны  "це"  немесе "к" деп оқып кетеді деп қорқуға  негіз жоқ",  - деді филология ғылымдарының кандидаты Нұрбол Садуақасов.

Осы ретпен өзгеріске түсірілсе, әліпбидегі дыбыстардың таңбалары да  қолдануға  жүйелі болар еді, дейді маман.

"Бұл жерде әріпүсті белгі  тек бір-біріне жақын дауыссыздарды ажыратуға қызмет етеді. Сонымен қатар C`c`- [ч]     кірме дыбыс  мақсатты түрде әдейі  әріпүсті белгімен алынды, себебі  бұл кірме дыбыс  өз тіліміздегі дауыссыздарға қарағанда белсенді қолданылмайтыны ескерілді. C`c`- [ч] қолданысында әріпүсті белгі қойылмай қалған жағдайда да,  "чемодан-шемодан-шабадан",  "чемпион-шемпион", "чайник-шайнек" болып оқылып, қазақы айтылымға ыңғайлана түседі.  Жоғарыда айтылған ұсыныстарым бойынша әліпбиге төмендегідей өзгеріс енгізу керек", -  дейді маман.

 

Жазылуы

дыбысталуы

1

Ii

[й]

2

Y` y`

[і]

3

Сс

[ш]

4

С`с`

[ч]

5

Ww

[у]

6

Hh

 [h]

7

Хх

[х]

 

Қазіргі кезде әліпби құрамына енетін дыбыстар мен олардың таңбасы туралы мәселелер біраз талқылануда. Нұрбол Садуақасовтың айтуынша, әліпбиге тағы да өзгеріс енгізбестен бұрын жазу емлесінде қандай ұстанымдар бар екенін байқау керек. Себебі емле жасаушылар әліпбидегі кейбір дыбыстарды  әлі де қысқартуды ұсынуы мүмкін.

"Мысалы,  тіліміздегі одағай сөздерде және араб тілінен енген сөздерде  ғана  кездесетін   "h" дыбысын  әліпбиден шығарып тастап, оны   "қ" немесе "х" дыбысымен жазуды ұсынатындар да бар. Ал кейбір ғалымдарымыз тілімізде аз қолданылса да, бар дыбысты жоғалтпау керектігін айтады. Бұрынғы  әліпбиімізде қазақ тілінің қазіргі артикуляциялық базасында жоқ дыбыстардың  көп болуы   тіліміздің  өзіндік фонологиялық заңдылықтарын бұзып  келгені баршаға аян.  Мысалы,  жаңа әліпбиіміздегі бір таңбаға матап қойылған  Hh [х] мен  [h] дыбыстары өзіміздің төл  "қ" дыбысымызбен қапталдаса  жарысып, қазақ жазуында "қ" арқылы айтылатын  кейбір сөздер  орыстың "х"  және арабтың "Һ"  дыбыстарымен жазылып келді. Мысалы,   қабар-хабар, қош келдің-хош келдің, қат жазу-хат жазу. Сол сияқты араб тілінен келіп,  қазақша игерілген сөздерде  Хадиша-Қадиша; Хакім-Кәкім, әкім, Хамит-Қамит-Әмит, Хорлан-Қорлан болып  "х" мен "қ" жарыса қолданылса,  қаһарман- қақарман,  мәшһр-мәшқұр, шаһар-шақар, жиһаз-жиқаз-жихаз болып "Һ-қ-х" дыбыстарын  жарыстыра айтып келеміз. Қазіргі кезде  кейбір ғалымдар   қазақ тіліндегі  "х" дыбысының  фонемалық қызметі артып, "қ"  дыбысынан арасы алшақтап,  оның  өз алдына сөз түзу қабілеті күшейе түсті деп көрсетеді. Оған  "х" дыбысының арқасында "хат жаздым- қат болып тұр",  "халық ақыны - сағаты қалық", "хал-жағдай – қалы бар екен" деген сияқты сөздердің  мағыналарын  ажыратуға  мүмкіндік болғанын  алға тартады.  Ал   «Һ»  көмей дыбысы  қазақ тілінде тек  аһ, оһ, аһыла-үһіле сияқты одағай сөздерде ғана кездеседі", - дейді Нұрбол Садуақасов

Филология ғылымдары кандидатының айтуынша, егер емле  мазмұны бұрынғысынша өзгеріссіз  қалса,  онда әліпби алмастырудың пайдасы сезілмей қалады. Себебі  бұл адамның  қызыл шапанын тастап, көк шапан кигенімен бірдей, сырты емес, мазмұны өзгеруі тиіс. Яғни әліпбиден қалмай, емлемізде де көп өзгеріс жасауымыз қажет.

"Егер орыс тілінен енген сөздерді фонетикалық ұстаныммен, қазақ тіліндегі сөздерді морфологиялық ұстаныммен жазсақ қалай болады деген ойлар да бар. Қазақы айтамын деп сөздерімізді өзіміз танымастай өзгертіп жатқандармен де келісе беруге болмайды. Кейбір ғалымдар үндестік заңын  алға тартып  сөзді  өзгертіп айтуға қарсылық білдіріп,   бүгінгі ұрпақ аралас буынды сөздерді де айтуға бейімделген деген уәж айтады.  Сондықтан бүгінгі жастар,   мысалы,  "бидай" деген  сияқты аралас буынды сөздерді осы күйінде, жазылуы бойынша,  айтатынын, сондықтан үндестік заңы деп тілдің даму жағдайын кері кетірмеуді ескертеді. Ал қазақы ортада өскен  жастар  бұл сөзді "бійдәй" деп үндесімге сай айтатынын да ескеру керек сияқты", - дейді филолог ғалым.

Енді бір айтатын мәселе–бір сөзімізді орфоэпия-орфография деп бөліп қарау орыс тілінің әсерінен келген деген көзқарас бар. Қалай десе де, айту мен жазу бірдей болмасы анық, дейді маман.

"Әсіресе, дауыссыз дыбыстардың бір-біріне ілгерінді – кейінді ықпал етіп, ассимиляция талаптарына сай айтылымын жоққа шығара алмаймыз. Ал көпшілік жағдайда бұл талаптардың толық орындалмайтынын байқаймыз. Мысалы, "аман келді"  деген сөзді "амаңгелді"  деп  тоғыспалы ықпалмен айту орнына, "аман келді",  "аман гелді", "амаң келді" деп  әр түрлі  айту кездеседі. Сондықтан айту мен жазу заңдылықтары емледе нақты айқындалуы керек. Біз өзге тілдің сөздерін дұрыс айтуға күш салып қана қоймай,  ең алдымен өз сөзіміздің табиғи қалпын, үндесім заңдылығын, сақтауға тиіспіз. Қазіргі кезде біздің жазуымызда  екі түрлі әліпби, екі түрлі орфография, яғни қазақша жазу барысында ана тіліміздегі сөздерді жазу және өзге тілден енген сөздерді жазу емлесі екі түрлі  қолданылады. Енді жаңа әліпби қабылдаған соң  жазу емлеміз қандай  ұстанымда болуы керек? Сондықтан қазіргі міндет әліпби мен емле қатар алынып, осы  екеуін  байланыста қарастыру керек деп ойлаймыз.  Себебі  жазу емлеміз әліпби құрамындағы барлық дыбыстарды құптап отыр ма, әлде  әлі де басы артық дыбыстар бар шығар. Мұны жазу емлесі барысында анықтай түсуге болады. Әрине, енді әліпби құрамын осы күйінде ұстап тұрған дұрыс сияқты",  - деген пікір айтты Нұрбол Садуақасов.

Қазіргі жазу емлесіндегі  кейбір қиындықтар  латын жазуына көшу кезінде жетілдірілетіні айтылып келеді.

"Жазу емлесіне қатысты сөз болғанда, қазақ тіліндегі  қысаң "ы", "і" дауыстыларының жазылуына байланысты шешімін күткен мәселе бар екендігін байқаймыз. Қазіргі жазуымызда қысаң "ы", "і" дауыстыларының  ешбір естілмейтін тұстарда да үстемелеп жазылып, сөздің айтылымын қиындататын  тұстары  көп  екендігі  айтылады. Ал  Қ.Жұбанов  та өз кезегінде А.Байтұрсынұлының көзқарастарын одан әрі дамыта жалғап, оны ғылыми тұрғыда жүйелей түседі. Ол  қазақ жазуы мен  әліпбиіне өзгеріс енгізу туралы жазған жобасында жазу барысында нағыз қажеттігі  болмаған жағдайда  қысаң "ы" дауысты дыбысын таңбаламау арқылы оның қолданысын шектеу керектігі туралы ережелер ұсынады: а) кейінгі буында дауысты  "а, о, е, і" дыбыстары келсе, сөз басындағы ашық буында "ы" дауысты дыбысын таңбаламау (бұрынғы жылан,  жылау, білек, піризма, т.б. сөздерді жлан,  жлау, блек, призма деп жазу); Ал  кейінгі буында да "ы" дауысты дыбысы келетін болса, алғашқы буындағы "ы" дыбысын түсірмеу: жырт,  былт,  қырқ,  сырқ, зырқ, зығр; б) барлық тұйық және  бітеу буындарда: балқ, серт,  бөрк, қрман, брде, жұмс; в) жазуда  "ы" әрпінің жоқтығы  барлық ашық буындарда басқа мағынада  оқылмаса: асра (асыра), aзрақ (азырақ), жағна (жағына), бақла (бақыла),  батрақ (батырақ), алнады(алынады); г) сөз мағынасына әсер етпесе, сөз басындағы  "р, у, і, ы" алдында  жазылмауы: рурод,  ұру – бить (рұу емес),  рет(ірет  емес),  ал ірет-мал терісін сыпырту (рет емес); Қ.Жұбановтың "ы, і"  дыбыстарына қатысты айтылған  осындай ұстанымдарының кейбірі қазіргі қазақ жазуында ескерілген. Мысалы, сөз басындағы "р" дыбысынан кейін  "ы, і"  дауыстыларынан басқа дауыстылар келсе, сөз басындағы "ы, і"  әріптері жазылмайды (рақмет, рұқсат,  рас, ру, рет, рең), ал «р» дыбысынан кейін «ы, і»  қысаң дауыстылары келсе,  олар  сөз басында да жазылады (ырыс, ырық, ырым, ырыл,  ірі, іріткі, ірілік). Сонымен бірге  тек  ілу, іліну, ілесу, ілім сияқты сөздерден басқа  "л"-дан келетін сөздерде сөз басында "ы, і"   таңбаланбауы  да  Қ.Жұбанов  ұстанымдарынан бастау алады. Сөздің мағынасына әсер етпейтін тұстарда "ы", "і" дыбыстарын  таңбаламауды кезінде академик І.Кеңесбаев та айтқан болатын. Бұл ойды ғалым Қ.Аманжолов та қолдаған болса, ғалым М.Балақаев "ы", "і" дыбыстары  естілген жердің бәрінде жазылуы тиіс деген көзқараста болған екен", - деді Нұрбол Садуақасов

Ғалымның пікірінше, қазіргі таңда қысаң  дауыстылардың ешбір естілмейтін тұстарда да үстемелеп жазылып, сөздің айтылымын қиындататын тұстарының  емлесіне ерекше назар аудару керек.

"Ғалымдардың бірі   С.Бизақов   "сөз құрамында басы артық дыбысты үстемелеп жазу тіліміздің орфографиялық нормасы үшін де, орфоэпия заңдылығының қалыптасуы үшін де қолайлы емес, өйткені басы артық әріппен тілдің  табиғи  әуезділігінің  берекесін  кетіруіміз  мүмкін", сондықтан «сөз тұлғасын үстеме дыбыстардан аршып, өзінің табиғи дұрыс дыбысталуын сақтау – тіліміздің бүгіні мен ертеңіне жанашырлық білдіргендік" деп,   қазіргі емле ережелері тілдің табиғи айтылымына сай емес екендігін  айтады., - дейді Нұрбол Садуақасов

"Ғалым табиғи дұрыс айтылуы  "аул" болғанымен, "ауыл" деп буын санын өсіріп жазғанға көз үйреніп, дағдыға айналып, қалыптасып кеткенін,   "аулы-ауылы", "даусы-дауысы", "қарны-қарыны", "ойны-ойыны" деген секілді біраз сөздің екі нұсқасы да әдеби тілдің нормасына жатқызылуы сауаттылықты кері кетіретінін, дұрыс еместігін  айтады. Егер қазір осы қысаң дауыстыларды барынша қысқартып жазуға  көшсек, онда тіліміздегі дыбыстар тіркесі заңдылықтары мен  сөзіміздің өзіндік үндесіміне сай келе ме? Қазіргі жаһандану заманында бірнеше тілде сөйлеп жүрген  жастарымыз  қазақ  сөзінің  үйлесімін  бұзып сөйлеп кетпесіне кім кепіл болады.  Сөздің айтылымын ескермей, жазылымы бойынша айтуға, көзіне көрсетіп қойған  дыбысты дұрыс айтпай,  тілді бұзып сөйлеуге бейімделіп бара жатқан жаһандану кезеңінде қысаң дыбыстарды жазу экономиясына салып жіберсек қалай болар екен!?. Қазақ тілін жақсы меңгерген ортада қысаң дыбыстар айтылуы мүмкін де,  ал  қазақ тілін  мемлекеттік тіл ретінде өзге  ұлттар да оқитынын ескерсек, олардың  сөзімізді  ұлттық үйлесіміне сай айтуына қиындық туғызбас па екен деген ой бар.  Жазу емлесінде бұдан да басқа шешімін күткен мәселелер бар екендігін   білеміз.  Мысалы, "ә"  әрпінің   жазылу  емлесінде  "бәйшешек-байшешек", "әбіржу-абыржу", "әжім-ажым"  варианттарының әдеби қалпына байланысты  пікір  таласып жатады. Жазу емлемізді дұрыстау барысында сөзіміздің әуезділігін, тіліміздің әсем ырғақпен айтылуын қамтамасыз етудің бір жолы ретінде  ерін үндестігіне де назар аудару керек деген мәселеге  ғалымдар   әр түрлі пікір айтып отыр.  Демек  қазақ жазуын  жаңғырту үшін  әліпби мен емлені тең ұстау керек, себебі әліпбиді  өзгертіп, ал емле баяғы қалпында қалса-ештеңе өзгермейді. Қорыта айтқанда,  қазіргі кезде,  әліпби құрамындағы дыбыстар мен жазу емлесіне қатысты мәселелерді  өзара байланыста  қарастырып, екі тізгінді тең ұстау керек", - деді Нұрбол Садуақасов

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости