Оқытушылар тіл үйретуде жаңа технологияларды жетік меңгерген – ғалым

5 Сентября, 2018, 17:24 4566
Оқытушылар тіл үйретуде жаңа технологияларды жетік меңгерген – ғалым | Взгляд в будущее | BNews.kz

Қостанайда оқытушылар арасындағы республикалық байқау аяқталды.

Байқаудың мақсаты – Алаш көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы қалдырған рухани жəне ғылым-білім саласындағы мол мұралар сабақтастығын жалғастыру және оқытушылардың оқыту шеберлігін арттыру, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Бүгін Қостанайда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыруымен Қазақстан Халқы тілдері мерекесі күніне орай оқытушылар арасында тұңғыш рет екі күнге созылған Ахмет Байтұрсынұлы  атындағы республикалық байқау аяқталды. Байқау жұмысына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің сарапшысы Қонай Халым, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының орынбасары Лиза Есбосынова, Қазақстан халық ақыны, "Парасат" орденінің иегері Қонысбай Әбіл, Қостанай облыстық әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова қатысты.

Байқаудың ашылу салтанатында, мемлекет қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған екі кітаптің тұсауы кесілді. Кітап авторы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Райхан Имаханбет.

"Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев 2017 жылдың 31 қазаны күні "Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы" №689 ҚР Үкіметінің қаулысына қол қойды. Бір қуантарлығы Қазақстан Халқы тілдері күні биылдан бастап 5 қыркүйек күні тойланады. Бұл мерейлі мереке, Алаш көсемдерінің ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен орайластырылып отыр. Қуаныштымын. Ахмет идеясының күндей шұғыласын қайта еліне шашқанына. Бүгінгі байқау ойы-от, ақылы асыл оқытушылардың шеберлігін анықтау. Ахмет Байтұрсынұлының "Бала оқытуды жақсы білейін деген адам, әуелі балаға айтар нәрселерін өте жақсы білсе керек, екінші баланың табиғатын біліп, көкірек сарайын танитын адам боларға керек" дегені ұстазға айтылған ғибрат. Әрине, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінен оқулық, бағдарлама жазып, қазақ тілін оқыту әдістемесінің дамуына зор үлес қосқан белгілі ғалым және оқыту әдістемесінің іргетасын қалаушы. Сондықтан республикалық тұңғыш рет ұйымдастырылған осы байқау ұлы реформатор ұстаздың құрметіне арналып отыр", - деді байқауға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде "Парасат" орденінің иегері, Халық ақыны Қонысбай Әбіл.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында: "Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай", - деген болатын.

Жаңашыл бағыттарды анықтайтын оқытудың заманауи технологияларын пайдалау маңызды. Оқытушылар арасындағы байқау іздемпаздық бастауы. Байқаудың мақсаты – Алаш көсемі, ұлт ұстазы  Ахмет Байтұрсынұлы қалдырған рухани жəне ғылым-білім саласындағы мол мұралар сабақтастығын жалғастыру. Оқытушылардың оқыту шеберлігін насихаттау, ересектерге мемлекеттік тілді оқытып жүрген, шығармашылықпен айналысатын оқытушыларды анықтау, қолдау, оқытушылардың кәсіби-педагогикалық шығармашылығын және мемлекеттік тілді оқыту үдерісін ынталандыру, озық тәжірибелерді тарату.

Қатысушылар шеберлігін байқаудың әділ қазылар алқасының төрағасы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі Жандос Смағұлов бастаған, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемелекееттік университеті Мәдениет және өнер факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы  Орынай Жұбаева, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Райхан Имаханбет, Сулейман Демирел университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Майра Жолшаева атты бір топ филолог ғалымдар анықтайды.

Ал байқауға еліміздің он төрт өңірінен білікті тіл үйретуші оқытушылар келді. Олар Көкшетау қаласындағы "Ақмола облыстық оқыту-әдістемелік орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің оқытушысы Гүлшат Шахманова, Алматы қаласы "Мемлекеттік тілді дамыту институтының" қазақ тілінің оқытушы Шолпан Әбділдәқызы, Алматы облысы "Тіл оқу-әдістемелік орталығы" Қапшағай қалалық филиалының оқытушысы Гүлмира Дусанбаева, Шығыс Қазақстан облысы "Бесқарағай ауданының тілдерді оқыту орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің әдіскер – мұғалімі Айнаш Әменова, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Шәкен Айманов атындағы жалпы білім беретін мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Танат Ахатов, Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының оқытушысы, әдіскері Динара Қуанбаева, Қостанай ауданы әкімдігінің аудандық тілдерді оқыту орталығының директоры,Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тоты Айтмағамбетова, Батыс Қазақстан облысы Жоғары кәсіби білімді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әділхан Сұлтанов, "Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы" мемлекеттік мекемесінің "Тілдерді оқыту орталығы" оқытушысы Шыңғысхан Түменбаев, Атырау облысынан Гүлайым Ұғыбаева, "Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы "Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығы" Арал ауданы бойынша мемлекеттік тіл оқытушысы Перизат Ізбасарова, Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының "Тілдерді оқыту орталығы" Қордай аудандық бөлімшесінің оқытушысы Камшат Айтенова, Шымкент қаласы әкімдігі Тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі мұғалімі Мөлдір Болат, Петропавл қаласы №23 орта мектеп қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қызжібек Махаметова ұлы реформатор Ахмет Байтұрсынов құрметіне арналған байқауда өнерлерін ортаға салды. Тіл үйретудің  сан алуан әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып өзге тілдегі қазақ тілін үйренушілерге үйретудің тиімді жолдарын байқатты.

Байқаудың әділ қазылар төрағасы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі Жандос Смағұловтың айтуынша, оқытушылар тіл үйретуде жаңа технологияларды жетік пайдаланады.

"Биыл тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған байқаудың жақсы дәрежеде өтуі қатысушылардың білім денгейі мен дайындығына байланысты. Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне арналған бұл байдаудың жүгі ауыр. Ересектерге қазақ тілін үйретудің уақыт талабына сай болуы, оқытушылардың әдіс-тәсілдерінің ілкімділігіне байланысты. Бүгін бір байқағаным оқытушылар жаңа технологияларды жетік пайдаланып тіл үйретеді екен. Бұл қазақ тілін үйренушілерді тіл ерекшеліктеріне қызықтырып, ұтымды меңгерулеріне бастайтын әдіс болып саналады. Байқауға қатынасушылардың тіл үйретудегі әдіс-тәсілдері әр түрлі. Бірінен бір асып, тілге деген құрметті арттыруға белсенділік танытты. Сондықтанда байқаудың пәрменділігі артқандығын байқадық", - деп ойын түйіндеді әділ қазылар төрағасы Жандос Смағұлов.

Байқауға қатысушылардың өткізген әрбір сабағы қазақ тілін үйренушілер үшін жеңіл әрі қызықты екендігін көрсетті. Әсіресе, әлеуметтік желілердің ұтқырлығын пайдалана білген қатысушылар шеберлігіне көпшілік тәнті болды.

Байқау қортындысында көпшіліктің көңілінен ойып орын алған оқыту ісінің шеберлері белгілі болды. Әсіресе, ынталандыру сыйлығына қол жеткізген Баянауыл ауданынан келген Танат Ахатов, атыраулық Гүлайым Ұғыбаева оқыту саласындағы тапқыр әдістер арқылы оқыту тәжірибеге жеткен үшін марапатталды. Ал жүлделі үшінші орын алматылық Шолпан Әбділда мен аралдық Перизат Ізбасароваға бұйырды. Екінші орын Батыс Қазақстан облысынан келген Әділхан Сұлтанов иеленді. Көпшілікті өзінің  қазақ тілін үйретудегі жаңашылдығымен танылған қостанайлық Тоты Айтмағанбетова алды. Бас жүлдені ілкімді де тиімді оқыту жүйесін меңгерген  қарағандылық шебер оқытушы Динара Қуанбаеваға бұйырды.

"Мен шынымды айтсам аламанда өз ісімнің шебері екендігімді дәлелдеу үшін келдім. Байқау маңыздылығы қазақ тілін ересектерге үйретудің үздік тәсілдерін қолданудағы тәжірибеммен бөлістім. Толқып тұрмын. Мен қолданып жүрген әдістерімнің дұрыстығын дәлелдедім деп ойлаймын. Барлық байқауға қатынасушыларды құттықтаймын", - деп ойын түйіндеді бірінші орын алған Тоты Айтмағанбетова.

Барлық қатысушылар өздерінің оқытушылық ісінде заманауи технологияларды пайдаланды. Байқау соңында барлық қатысушыларға бағалы сыйлық пен алғыс хаттар табыс етілді. Байқау соңы Қостанайлықтардың қатысушылар мен көрермендерге ұсынған  концертімен аяқталды.

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости