Президент Жарлығы Түркістанды әлемдік аренада танытады – Ахмет Ясауи университетінің ректоры

26 Июня, 2018, 18:25 5167
Президент Жарлығы Түркістанды әлемдік аренада танытады – Ахмет Ясауи университетінің ректоры | Взгляд в будущее | BNews.kz

Болатбек Әбдірәсілов алдағы жылдарда жаңа қаланың құрылысы басталып, тарихи шаһардың бейнесі тіптен өзгереді деп сенім білдірді.

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, академик Болатбек Əбдірəсіловтен BNews.kz тілшісі Қазақстан Президентінің Жарлығымен Түркістан облысының құрылуына қатысты пікірін сұрап білген болатын.

Болатбек Əбдірəсіловтің айтуынша, Түркістанның облыс орталығы болып жариялануы бүкіл қазақ еліне, түркітілдес халықтар үшін де үлкен жаңалық болды. Қасиетті қаланың мәртебесін ұдайы асқақтатып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл Жарлығы қазақ тарихынан маңызды орын алатын болады. Қазір бұқаралық ақпарат құралдарынан күнде Түркістанның облыс мәртебесін алуына орай айтылып жатқан пікірлерді көріп, халқымыздың риясыз қуанышта екендігін көруге болады.

"Ұлт көшбасшысы, Түркістанның мәртебесін ел Тәуелсіздігін жариялағанға дейін көтеруді қолға алған. Оның нақты айғағы – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Осыдан тура 27 жыл бұрын, яғни 1991 жылғы 6 маусымда Қазақстан Президент Алматы қаласында "Қазақстанның халық шаруашылығы үшін жоғары білікті мамандарды университет деңгейiнде даярлауды кеңейту, Орта Азияның ежелгi ғылыми және мәдени орталығы – Түркiстан қаласын дамыту мақсатында 1991 жылы Түркiстан Мемлекеттiк университетi ашылсын" деген №329 Жарлығын шығарды. Міне осы Жарлық қаланың мәдени, әлеуметтік өмірінің дамуына үлкен септік болды. Жарлық шыққаннан соң арада бір жыл өткенде 1992 жылы 1 мамыр күні Түркияның Премьер министрі С.Демирелмен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімімен бұл университет "Халықаралық мәртебеге" ие болды. Осылайша қаланың өркендей түсуіне көмек қолын соза бастаған Түркия мемлекеті болды. Осы кезде Елбасы "Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркістанды түркі дүниесінің ортақ білім шаңырағына айналдырады" деді. Қазіргі таңда университетте 8 мыңға жуық студент қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде білім алады. Олардың қатарында 1300-ге жуық Еуразия құрлығының 16 мемлекеті мен 15 автономды республикасынан келген 30-дан астам ұлт өкілдері бар. Түркі әлемінің ақсақалы атанған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан болжамы расында іске асуда", - деді Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры.

Университет басшысы Елбасының Ахмет Ясауи кесенесін қайта жөндеуден өткізуге қалайша көмек бергенін еске алды.

"Естеріңізде болса, Түркияның бұрынғы Президенті Т.Өзал киелі шаһарға 1993 жылы ресми сапармен келіп Ясауи бабаға зиярат жасады. Осы кезде Қазақстан Президентіне Ұлы ұстаз Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесін қайта жөндеуден өткізуге көмек беретінін айтты. Осылайша Ұлы қолбасшы Әмір Темірдің бізге мұра етіп қалдырған 6 ғасырдан бері түркілердің рухани ордасына айналған кесене реставрациядан өтті. Қасиетті қаланы "Рухани астана" атаған Президентіміздің Түркістанға деген перзенттік ықыласы осылай өтеле бастады. Кейінгі қаланың 1500 жылдық мерейтойы, дүниежүзі қазақтарының құрылтайы, әлемдік дінбасыларының кеңесі, Түркі дүниесінің "Мәдени астанасы" атануы және өзге де маңызды шаралардың осында өтуі шаһарымыздың гүлдене түсуіне септігін тигізді", - деп атап өтті Болатбек Əбдірəсілов.

Оның сөзінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешімі алдағы уақытта Түркістанды әлемдік аренада танытатын болады.

"Біз осыдан 20 жыл бұрын Астананы салу туралы Елбасының шешімін де осындай қуанышпен қабылдағанбыз. Дейтұрғанмен, әлемді тамсандыратын әсем қаланың қысқа уақытта тұра қалатынына іштей күдікпен қарағанымызды мойындау керек. Алайда, Президент өз ойын іске асырды. Демек Түркістанның да таяу жылдарда бүкіл дүниенің ынтық қаласына айналатынына толық сенуге болады. Оның себептері де жоқ емес.

Біріншіден, Қазақстан қазір бақуат елдердің қатарында. Астананы бастағанда Тәуелсіздіктің шаңырағын көтергенімізге небәрі 6 жыл ғана болатын. Ал, қазір ширек ғасырлық тарихы бар әл-аухаты дамыған, ішкі-сыртқы саясаты тұрақты мемлекетпіз. Бүгінде Қазақстанға инвестиция салуға дайын алпауыттар көп. Себебі біздің еліміз сенімді серіктестіктің бейнесін қалыптастырды.

Екіншіден, Түркістан туризмнің ошағы. Өңірде туристерді қызықтыратын тарихи және киелі жерлер географиясы мол. Сығанақ, Отырар, Қарашық, Сауран, Қарнақ, Шорнақ және тағы басқа тарихи жәдігерлерді айтуға болады. Біз Түркістанды өркендетумен қатар Президенттің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласындағы "Туған жер" бағдарламасының "Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары" және "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобаларын іске асырамыз", - деді ЖОО ректоры.

Елбасы Үкіметке және Облыс басшылығына облыс орталығын өркендетуді нақты тапсырды. Қазір бұл іс бойынша жобалар ұсынылып, қызу жұмыс басталып кетті. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев, облыс басшысы Жансейіт Түймебаев, қала әкімі Әліпбек Өсербаев Президент тапсырмасына сай қызмет жасауда.

Болатбек Əбдірəсілов алдағы жылдарда жаңа қаланың құрылысы басталып, тарихи шаһардың бейнесі тіптен өзгереді деп сенім білдірді.

"Алдағы жылдарда жаңа қаланың құрылысы басталып, тарихи шаһарымыздың бейнесі тіптен өзгереді деп сенемін. Қаланың мәдени, әлеуметтік, демографиялық, экономикалық әлеуеті артады. Соның нәтижесінде үлкен өзгерістер болады. Біз осы арқылы тағы бір рет Отанымыздың қайратын өзгелерге көрсететін боламыз. Нұрсұлтан Әбішұлы әрбір істі байыппен шешетін тұлға. Түркістан – қазақтың алтын тәжіндей қастерлі жер. Мұның қадірін әу бастан түсінген Елбасының көрегенділігіне ризамыз.

Еліміздің бойтұмарына айналған қасиетті шаһар - Түркістанның облыс орталығы атануы баршамыз үшін зор қуаныш. Қазақ тарихындағы Ұлы шешімдер қабылданған қазақ хандығының ордасы болған шаһардың мәртебесі өсіп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде "Ел ішінде "Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет" деген қанатты сөз бар" дей келе, қасиетті қаланың исі мұсылман әлемі үшін де үлкен маңызға ие екендігін айтып өтті", - дейді Болатбек Əбдірəсілов.

Сондай-ақ, ол өзі басқарып отырған оқу орнының әлеуеті алдағы уақытта өсе түсетінін атап өтті.

"Қаламыздың облыс орталығы атануы біздің университетіміз үшін де үлкен серпіліс береді. Оқу орнымыздың әлеуеті өсе түсетін болады. Білімді жастардың қаламызға қызығушылығы артады. Университетте студенттер контингенті өсіп, Түркі дүниесіндегі, республикамыздағы географиялық аумағы ұлғая түсетін болады деп сенеміз. Сондай-ақ, облыстық мәртебеге ие қаламыздағы жедел дамудың әсері оқу орнымыз үшін де оң әсер берері анық. Студент-жастар үшін өндірістік тәжірибеден өтетін мекемелер саны артады. Сонымен қатар, қазіргі жаңа білім беру бағдарламаларының бірі дуальді білім беруді іске асыруға мүмкіндік туады деп ойлаймын. Бітіруші түлектерге жұмыс орындары көбейетін болады. Жастардың қаласына айналады. Қалада серуендейтін, сабақтан тыс бос уақыттарын өткізетін түрлі үйірмелер мен көңіл көтеретін орындар, театр, кинозалдар көбейеді. Сайып келгенде жастардың сүйікті қаласына айналады", - деп сөзін жалғастырды білім ордасының басшысы.

Оның айтуынша, облыс орталығының таяу арада өркендеуі үшін әрбір тұрғын өз тарапынан қолдау білдіруі қажет.

"Қаланың осылай түлей түсуі, облыс орталығының таяу арада өркендеуі үшін өз тарапымыздан қолдау білдіруіміз қажет. Бүкіл қала жұртшылығы жұмылады деп ойлаймын. Әрбір адам өзінің үйі мен жұмыс орнында абаттандыру ісіне көңіл бөлсе, осы көмек. Жаңадан құрылысы басталатын қалаға қажетті сапалы мамандарды әзірлеп, қаланың қажеттілігін өтейміз. Бұл үшін алғышарттар жасалуда. Оқу орнымызда сұранысқа орай техникалық, құрылыс, аграрлық, архитектура, ауылшаруашылығы саласында жаңа мамандықтар ашуға министрлікке ұсыныс бердік. Түркістан келешекте ежелгі мәртебесін қайта алады. Ол – білім мен ғылымның, өркениеттің, руханияттың, мәдениеттің қаласына айналады. Біз осы қасиеттерді қайтаруға үлкен күш салатын боламыз. Қаламыздың, университетіміздің аумағында абаттандыру, көгалдандыру ісін жалғастыратын боламыз. Оқу орнының көлемі 100 гектарды қамтитын ғылыми-зерттеу алаңына айналған Ботаникалық бағы Түркістан облысын түрлі ағаш сұрыптарының көшетімен қамтамасыз етуге қауқарлы. Университет ғалымдары 20 жылдан астам уақыттан бері өңір климатына лайықты декаративті ағаш тұқымдарын зерттеп келеді. Сондай-ақ, оқу орны қалашығында жаңа нысандардың құрылысын жүргізіп қаланы көркейтуге үлес қосамыз", - деді Болатбек Əбдірəсілов.

ЖОО басшысының пікірінше, осылайша қаланың демографиялық ахуалында күрт өсім болады. Мемлекет қазіргі таңда мұнда 600 мың тұрғын болады деп жоспарлап отыр. Өзіміз білетіндей, қазіргі таңда оңтүстік аймағының жұмысқа қабілетті тұрғындары үлкен қалаларда, тіпті шет мемлекеттерде құрылыс саласында еңбек етіп жүр. Қаладағы жаңа құрылыстар алдағы жылдары осы азаматтардың өз отбасының қасында нәпақа табуына зор мүмкіндік бергелі тұр. Енді керісінше, еліміздің өзге аймақтарынан құрылыс саласының білгірлері қаланың көркеюіне қызмет етуге келетін болады. Демек бұл қоныс аударып келушілер мен жергілікті халық өсімінің үлесі еселенеді деген сөз.

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости