Теңіз шекара тікұшақтарының ұшқыштары су үстімен ұзақ қашықтыққа ұшуға дағдыланған

20 Июня, 2018, 17:44 3783
Теңіз шекара тікұшақтарының ұшқыштары су үстімен ұзақ қашықтыққа ұшуға дағдыланған | Взгляд в будущее | BNews.kz

Өмірге қауіптілігіне қарамастан өзіне жүктелген жауапты тапсырмаларды Ақтаудағы теңіз шекара күзеті аймақтық басқармаға қарайтын тікұшақтар эскадрилиясының ұшқыштары мінсіз орындап жүр.

Теңіз шекара тікұшақтарының ұшқыштары су үстімен ұзақ қашықтыққа ұшуға дағдыланған. Ашық теңіз үстіне, әсіресе түнгі мезгілде тікұшақпен көтерілуге кез келген ұшқыштың жүрегі дауалай бермейді. Себебі, көк су мен аспан ортасында ұзақ ұшу кезінде пилоттың көру қабілеті нашарлап, теңіз деңгейімен арадағы қашықтықты бағдарлау қиынға соғады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Өмірге қауіптілігіне қарамастан өзіне жүктелген жауапты тапсырмаларды Ақтаудағы теңіз шекара күзеті аймақтық басқармаға қарайтын тікұшақтар эскадрилиясының ұшқыштары мінсіз орындап жүр. Күндіз-түні басын қатерге тігіп, мемлекет күзетінде жүрген қайсар жандардың барлығы отандық әскери оқу орындарында кәсіби білім алған.

Қару-жарақпен құрсанған тікұшақ командирінің рұқсатымен экипаж ұшуалды  даярлыққа кіріседі. Алдымен төрт қалақты әуе техникасының сыртынан мұқият тексеру жүргізіледі. Содан соң жауынгерлік ұшу аппаратының қозғалтқышын іске қосу алдындағы нұсқаулықтарға толықтай шолу жасалады. Бас-аяғы 15 минут ішінде әзірлік аяқталып, болат машина әуеге тік көтеріліп, биіктік ала бастайды.

Теңіз шекара күзетіне жұмылған аралас авиация экскадрилиясын подполковник Эдуард Казарян басқарады. Ол Ақтөбедегі авиация мамандарын дайындайтын жоғары оқу орнының түлегі. Әуеге алғаш рет жауынгерлік Як-18 ұшағымен көтерілген екен. Алматыдағы әскери базада қайта даярлау курсын бітірген соң тікұшақ штурвалын ұстайды. Қызмет өтілі 17 жылдан асқан тәжірибелі ұшқыш күн-түн демей берілген басшылықтан берілген жауынгерлік тапсырмаларды мүлтіксіз орындап келеді. 

"Әуе қорғанысы күштерінен шекара авиациясына ауысқаныма өкінбеймін. Жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде әскери тікұшақпен еліміздің барлық аймақтарын көктен шарлап шықтым деуге болады. Батыс аймақтық басқармасы құрамына келгелі күн-түн демей теңіз үстімен ұшып жүрміз. Шекара бұзған күдікті су көліктерін ұстау кезінде төтенше жағдайлар болған емес" - дейді аралас авиация эскадрилиясының командирі Эдуард Казарян.

Әдетте мемлекеттік шекара белдеуін бұзған күдікті су көліктерін тоқтату кезінде жүрдек қайықтарға мінген  браконьерлер жылдамдық асырып бой тасалауға тырысады. Мұндай сәттерде тікұшақ тұмсығындағы калибрі 7,62 мм пулеметтен ескерту оғы атылады. Ал теңіз қарақшылары қаруланған болып шықса, борттың екі жағындағы ірі калибрлі атыс құралдары қолданылады.

Айта кету керек, жауынгерлік тікұшақ пилоттары киетін дулығадағы күндіз және түнде көру құрылғысы нысананы дәл көздеп атуға мүмкіндік береді.

Теңіз шекара тікұшақтары экскадрилиясының штурман-ұшқыш Дәурен Бұқаровтың айтуынша, ауа-райы тәулігіне бірнеше мәрте құбылып тұратын ашық теңіз бетінде браконьерлерді ұстауға күш-жігерден бұрын темірдей жүйке керек. Экипаж мүшелері мен десант әскерінің өміріне төнетін қатердің бетін қайтару мақсатында ҚР ҰҚК қарасты №2177 әскери бөлімінде арнайы дайындық шаралары тұрақты өткізіліп тұрады.

Тәжірибелі пилоттар көк аспан мен су арасында ұзақ уақыт  ұшу кезінде адамның көру қабілеті әлсіреп, айналаның көкжиекпен астасып көріне бастауынан жауынгерлік машинаның адасып кету қаупі бар. Мұндай сәттерде тікұшақ кабинасына орнатылған кеңістікті бағдарлау құралдары көмекке келеді.

Ақтаудағы аралас авиацияға қарайтын аралас эскадрилияның техникалық құрамы Ми-8, Ми-24, Ми-171 маркалы соңғы үлгідегі тікұшақтардан тұрады. Әрбір экипаж 4 адамнан құралған. Барлық әуе техникасының пилоттары түнгі мезгілде теңіз үстімен алыс қашықтыққа ұшуға дағдыланған. Тәжірибелі ұшқыштар жолаушы және әскери жүктерді тасымалдаудан бөлек, теңіз қарақшыларын ұстау кезінде қайық үстіне мейлінше төмендеп, десант түсіре алады.

olshem.kz
Новости партнеров
Loading...

Похожие новости