Ақтауда қазақтың кино және театр саңлағы Нұрмұхан Жантөриннің ескерткіші ашылды

Ақтауда қазақтың кино және театр саңлағы Нұрмұхан Жантөриннің ескерткіші ашылды

12 шілде, 2018, 16:18 3264 Маңғыстау облысы
Ақтауда қазақтың кино және театр саңлағы Нұрмұхан Жантөриннің ескерткіші ашылды

Монумент облыс орталығының дәл ортасындағы көше бойына қойылды.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында Ақтаудағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрдың алдына "Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі", "Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығы" иегері, актер, режиссер Нұрмұхан Жантөриннің құрметіне қойылған ескерткіш жергілікті кәсіпкерлердің Нұрмұхан Сейітахметұлы Жантөриннің 90 жылдық мерейтойына арнаған тартуы, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Ескерткіштің ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, қазақ киносы мен сахна өнерінің жарық жұлдызы Нұрмұхан Жантөриннің немере інісі Ғариполла Байзақов, актердің үзеңгілес досы әрі халық әртісі Гүлжан Әспетова мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты шара басында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы Елбасының сөзін тілге тиек етті.

"Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы әрқашан қазақ халқының биік рухын одан әрі асқақтату үшін ата-бабаларымыз бен әрбір саладағы ұлы тұлғаларымыз насихатталуы керегін баса айтып келеді. Мына алдарыңызда ашылғалы тұрған ескерткішіміз ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалып, келешекке өткен замандағы айбынды істерді танытқалы тұр. Нұрмұхан Сейітахметұлын кешегі өткен ғасырда сіздердей халқы ұлықтап, биікке шығарса, сол ұлы дала елінің ыстық ықыласын жалғастыратын да өздеріңіз", - деді Ералы Тоғжанов.

Мұнан соң сөз алған белгілі театр әртістері Нұрмұхан Жантөринмен бірге жұмыс жасаған жылдары ұлы актер өмірінен сыр шертіп, жиналған жұртшылықтың көңілін бір көтеріп тастады. Саланатты шара соңында маңғыстау театрының жас әртістерінің Нұрмахан Жантөрин сомдаған фильмдерден әзірлеген кішігірім қойылымы көпшілік назарына ұсынылды.

8-ші шағынауданда орналасқан Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театр алдына қойылған ескерткішті дайындауға жергілікті мүсінші Көшер Байғазиев үш ай уақыт жұмсаған.  

Нұрмұқан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының директоры Нұрнияз Мұқановтың айтуынша, театрдың атын иемденген Нұрмұхан Жантөриннің ескерткіші маңғыстаулық әртістер ұжымы отырған үлкен ғимараттың алдында бой көтергені олар үшін зор қуаныш. Бұл, өткен ғасырларда қазақ елін шексіз сүйіп, кең-байтақ жерін қорғаған батырларға, тәуелсіз мемлекетін қастерлеген азаматтарға арналып қойылған ескерткіш деуге де толық негіз бар. Себебі, бұл тұлғалардың барлығы да Нұрмұхан Жантөриннің кинофильмдерде сомдаған, театр сахнасында ойнаған қойылымдарында көрініс тапты.

Айта кетейік, киелі Маңғыстау өңірінде "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында көптеген іс-шаралар нәтижелі жүзеге асып келеді. Мысалы, өткен жылы қойнауы қара алтынға толы облыстың ең биік жері - Отпан таудың баурайында қазақтың әйгілі Төле, Әйтеке және Қазбек билері қатар отырған зәулім ескерткіштер орнатылды. Осы жылы ұлы ақын Абайдың тау мүсіні бой көтереді деп күтілуде.

Сондай-ақ, күні кеше тойланған елорданың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында "Елбасы және Маңғыстау" атты таңдамалы кітап жарық көрді. Автор туындысына қазақ Президентінің тәуелсіздік жылдары сіңірген еңбегі мен бас қаланың  қалыптасуына қосқан қомақты үлесін арқау еткен.

"Елбасы және Маңғыстау" кітабының авторы, еңбек ардагері Айтуар Өтегеновтің айтуынша, бұл кітапта Маңғыстау өңірінің өсіп-өркендеуінен бұрын Елбасының бұрын жабылып қалған облысты қайта құрудағы ерен еңбегі, жергілікті халыққа шексіз қамқорлығы жайлы жазылған. Шалғай аймаққа әр жылдары арнайы ат басын бұрған сапарларында берген нақты тапсырмалары және олардың орындалуын келесі жолы келіп, көрген сәті қалың оқырманға жүйелі, түсінікті тілмен жеткізіледі.

`